Құрбан шалу құлшылығының шығу тарихы
Құрбан шалу құлшылығының шығу тарихы
30.07.2020
1251
0

«Құрбан» - құлшылығын орындап, Аллаға жақындау дегенді білдіреді.

Құрбандық шалу тек қана мал союмен ғана шектеліп қоймайды. Бұл құлшылықта адамның шын пейілі мен ниеті, тақуалығы, діни бұйрықтарға деген бекемдігімен қатар басқа адамдарға деген жанашырлығы әділет таразысына тартылып, пенденің пендешілігі, жомарттығы мен сараңдығы қоса сыналатын аса маңызды бір ғибадат.

Құрбан шалудың тарихы:

Құрбан шалу Құранда баяндалғандай Адам (а.с.) ұлдары Абыл мен Қабылдың кімнің ниеті ақтығын дәлелдеу үшін құрбанға мал шалып, нәтижесінде Абылдың құрбандығы қабыл екендігі баяндалған оқиғадан бастау алады. Бұл жайлы Құранда: «Мұхаммед: Оларға Адам атаның екі ұлының әңгімесін бұлжытпай оқып бер. Өз кезінде, олар құрбан шалған еді, бірінікі қабыл болды, бірінікі қабыл болмады...»[1].Міне осы оқиғадан бастау алған құрбан шалу араға ғасырлар салып Ибраһиммен (а.с.) Исмаилдың (а.с.) дәуіріне келіп жетті. Ибраһим (а.с.) түсінде жалғыз ұрпағы болған Исмаилды (а.с.) құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл түсі мысын басып, ойына маза бермеген соң, тәуекел етіп ұлы Исмаилға түсін айтады. «Балам, түсімде Алланың бұйрығымен сені құрбандық шалуға ниеттеніп, бауыздайын деп жатыр екенмін. Бұған не дерсің?» - дейді. Баласы әкесінің жүзіне тесіле қараған күйі: «Әке, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет!» - деп әке мен бала бұйрықтың Ұлы жаратушыдан келгенін ұғынды. Алладан келген әмірді орындағанда, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Бұйрығын бұлжытпай орындаған құлына соңында Алла аян берді: «Әй Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз»[2]. Міне осылай ша құрбан шалу құлшылығы Ибраһим (а.с.) кезінде қажылықтың бір шарты ретінде сүннет амалға айналды. Соңғы Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) келуімен құрбан шалу қажылықтың рәсімі ғана емес, барша мұсылманның ортақ құлшылығына болып бекітілді[3].

Жалпы құрбан шалу құлшылығы хижраның екінші жылы, яғни 624 жылы Мұхаммед пайғамбар үмметіне бұйырылды. Құрбандық шалу еліміздегі кеңінен тараған Абу Ханифа мәзһабы бойынша шамасы жеткен әрбір адам үшін уәжіп[4]. Бұл жайлы Құранда: «...Намаз оқы және құрбан шал...»[5]- деп бұйырады. Ал Алла Елшісі (с.а.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын», «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол, Ибраһим әкелеріңнің сүннеті»[6] - деп өсиет айтуы, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.

Құрбандық кімдерге парыз?

Құрбандық шалу ғибадаты белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар қажет:

  • Мұсылман болуы
  • Жолаушы болмау
  • Ақылды және балиғат жасына толу
  • Негізгі қажеттерден тыс нисаб мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Құрбандық шалудың пайдалары:

  • · Құрбан шалу Алланың бұйрығы. Жаратушының бұйрығын бұлжытпай орындау, Алланың разылығына бөлеп, қияметте сый-сияпатқа кенелтеді.
  • · Адам бойында табылатын тәкаппарлық, өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық сынды ерсі қасиеттерді жояды.
  • · Қоғамда әлеуметтік тұрақтылық қалыптасады.
  • · Адамдар арасындағы мұқтаждықты жойып, мейірімділікке жетелейді.

Бүгінгі таңда еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты құрбандық шалуға тапсырыс беру мен мұқтаж жандардан өтініш алу онлайн режимде жүзеге асырылуда. Қазақстандықтар Құрбан айтта құрбандық малын қашықтан тапсырыс беру арқылы шала алады. Бұл мәселеге қатысты ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылды. Сайт арқылы отандастарымыз ешқайда бармай құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады.

Алла жасаған құлшылығымыз бен шалған құрбандығымызды қабыл еткей!

  

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің басшысы   М.Мұстафаев



[1]Мәйда сүресі 5/27 аят

[2]Құрбан айт кітапшасы 2007 ж.

[3]www.karar.comсайты

[5]Кәусар сүресі 108/2 аят

[6]Сахих Бұхари 3 том

0 пікір