Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбан – араб тілінде «Жақындау»,-дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау»,-дегенге саяды.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады»,-деген Пайғамбардың (с.а.с.) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Алла Тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28).
Байқасақ, аятта құрбандыққа шалынатын малдың Алладан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – құлшылық. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін құлшылыққа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан етін сол жанұя мүшелерімен қоса күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдарға үйлестіру сауабы мол іс. Аштықтан өліп жатқандардың жай-күйін күнделікті, газет-журналдардан, бұқаралық ақпарат көздерінен де байқауға болады. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.
Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Ол төрт түрлі шартпен орындалады. Атап айтқанда, құрбан шалушы адам мұсылман болып, оның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған болуы керек. Құрбан айт уақытында жолаушы болмаған, негізгі қажеттіліктерінен тыс нисап мөлшеріндегі қаражаттарға ие болған адам болуы керек. Ал нисап мөлшеріне келсек, дін ғалымдары мұны 85 грамм алтынмен, яғни соған тең келетін қаражат құнымен бағалайды. Қолында осындай қаражаты бар азаматтарға құрбандыққа мал шалғаны уәжіп деген сөз.
Дін ғалымдарының айтуынша, құрбандыққа шалынатын малға да мән берілуі керек. Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет: Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт.
Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» (Хаж сүресі 37). Ғибадат Алла Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Айт мерекесінде бұндай игі амалдар жасау адамның бір-біріне деген жылылығын арттырып, сыйластықтарын жақсарта түседі. Имандылықтың артуына да септігін тигізеді. Түптеп келгенде, иманның өзі мейірімділік, ізгілік пен ортадағы берекені білдіріп, қоғамның ұйытқысына айналатын шарапатты мінезді де аңғартады. Сондықтан да, қоғамда Құрбан айт секілді ізгілік пен мейірім мерекесінің қадірін арттыруға барша азаматтар ат салысқаны игі. Ұлық мерекені насихаттау, құрбан шалу дәстүрін жандандырып, қоғамдағы қайырымдылық шараларын кеңінен ұйымдастыру – Ислам дініндегі маңызды міндет.
Айдана Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Құрбан айт – ұлық мереке