Қазақтың айтыс өнеріндегі діни мазмұн-сипаты
Қазақтың айтыс өнеріндегі діни мазмұн-сипаты
28.08.2024
515
0

 

Айтыс казақтың халық ауыз әдебиетінің әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті үлкен бір саласы. Ол суырып салма ақындық өнердің жемісі. Сөз жоқ жазба әдебиет қалыптаса қоймаған көшпелі елде айтыстың эстетикалық әсері де ерекше. Мұның үстіне ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік мазмұнымен де дараланады. Осындай әлеуметтік мәні зор бір алуан айтыстарды сол кездегі ел өмірінің көркем шежіресі деуге де болады.

Айтыс ­­– ауыз әдебиетіндегі батырлық жырларымен тығыз байланысты. Бұл екеуінің көне көздерінің бір негізден, атап айтсак, ертеден тұрмыс-салт өлеңдерінен бастау алатынын кезінде М.Әуезов атап айткан. Алайда, бұл жанрлар дәуір талабына орай бірде бәсең тартып, енді бірде кең өріс алып дамып отырған. Тарихи деректерге қарасақ ХV-ХVIII ғасырлар халқымыздың өмірінде жеке ел болып бірігу, сыртқы жауларға қарсы сан алуан азаттық күрестері кезеңдерін құрайды. Сондықтан бұл тұста ерлік, күрес жырлары бел алып, айтыс кең қанат жая алмаған тәрізді. Дегенмен айтыс сол тұстың өзінде де кең тынысты лиро-эпикалық жанрдың түр мен мазмұны жағынан көркейіп жетіле түсуіне өз әсер-ықпалын тигізіп отырды. Бұл орайда батырлық жырларымыздағы әрқилы «Жар-жар» мен айтыс-қағыс үлгілерін, тіпті, сондағы алуан-алуан сөз тартысы мен пікірталастарын сипаттайтын диалогтарды да тілге тиек ете аламыз. Айтыстың, әсіресе, ерекше дамыған кезі ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Бұған сол тұстағы әлеуметтік өмірдің дамуы басты себеп болды.

         Қазақ халқында айтыстың түрлері көп. Мәселен: «Жар-жар», «бәдік», «қайымдасу», «жұмбақ» және «дін» айтысы.

Айтыскер ақындар дін тақырыбын жырларына арқау етіп, елге дінді насиxаттағанын олардың өлеңдерінен анық аңғара аламыз. Жыраулар мен жыршылардың, айтыс ақындарының бәрі де, алғашқы сөздерін «Алланың атымен», «бисмиллә» деп бастап, содан соң ғана негізгі тақырыпқа кіріскен. Әдебиеттанушы М.Мағауин қазақ әдебиеттану мен әдебиет тарихына қатысты ой-тұжырымы туралы: «Классикалық Шығыс әдебиетінде әр бір сөз Алла атынан басталатын. Бүкіл әлемге аян атақты дастандардың барлығында ең алдымен Хақ Тағалаға мадақ айтылады. Содан соң жүз ныспылы, бір кейіпті пайғамбарға салауат айту шарт», – деп жазғанындай, ақындар өлеңдерін «бисмилләсіз» бастамайтын болған.

Діни қиссаларды басты тақырып етіп алған ақындар, бұдан әрі қарай бір-біріне сұрау қоя және жауаптаса отырып, аспан әлемін, жердің асты-үстін, табиғат көріністерін, хайуанаттар дүниесін сөзге қосады. Бұлардың бәрін жаратқан бір құдай екенін айтып, соған жұртты иландыру басты міндет. Мысалға Болық пен Елентай ақынның айтысын алсақ, ол былай басталады:

Болық:

Акын жігіт аталған Елентайым,

Өнерпаздың өнерпаз білер жайын.

Жауап бер, бір азырақ сөз сұрайын,

Әуелі не жаратты бір құдайым?

Елентай:

Болық, маған белгілі сенің сырың.

Біздерден артық емес айтқан жырың.

Бұрынғы даналардан естігенім

Жер мен көк жаралыпты елден бұрын.

Дін тақырыбына құрылған айтыстың бірі Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыздың айтысы.

Жүсіпбек:

Жаратқан бәрімізді хақ тағалам,

Қолында молдалардың дәуіт-қалам.

Тапсам тауып, таппасам құр қалармын,

Сөзіңді сұрайтұғын айтшы маған?

Шөкей:

Ендеше, тыңдап отыр, екі бала,

Байқасам затың артық, ақылың дана.

Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,

Әуелі не жаратқан хақ тағала?

Жүсіпбек:

Болғанда ақыл дария, білім - теңіз,

Бұлтиған бала екенсің етің семіз.

Әуелі нұрды бұрын жаратыпты,

Молдадан ел ішіндегі есітеміз.

Сол секілді Шөже мен Кемпірбайдың айтысы.

Шөже:

Кемпірбай жерде не бар, көкте не бар,

Жаратқан неше мақұлық қадір Жаппар?

Алланың достысы кім, дұшпаны кім,

Өзіңнен сұрайтұғын әр сөзім бар.

Қай күні ғарасатта майдан болып,

Қай күні өлім қошқар бауыздалар?

Артылып бақ-дәреже, бағы асып,

Махшарда қандай адам мансап алар?

Бұл сөзге ақын болсаң ақылың жетер,

Ойланып бата алмасаң, есің кетер!

Кемпірбай:

Болғанда жерде Мәди, көкте Айса,

Алтын күнде жаралды екі дүние.

Жеті қат жер астында көк өгіз бар,

Дүние бұзылғанша өлмей тұрар.

Қай күні ғарасатта майдан болса,

Сол күні өлім қошқар бауыздалар...

Артылып бақ-дәреже, бақыты асып,

Арысылан сүріндіріп жолын алар.

Қаһарман тіленсе де жібермейді,

Алладан рұқсат жоқ деп періштелер. Яғни қазақ халқының ауыз әдебиетінің керемет үлгісі айтыс өнерін ақын жыраулар дінді насихаттау арқылы құралы ретінде пайдаланды десекте болғандай. Басты міндет халықты жалаң уағызбен емес тәрбиелік жолға бастау. Ардан аттамауды міндет санау.

 

Қ.Қосмаханов 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                                                  

0 пікір