Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ – сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Тамырын тереңнен таратқан қазақ халқының алмағайып замандарда жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын, дінін сақтап қалғаны – оның еркіндікке ұмтылған ерік-жігерінің, асқақ рухының, отансүйгіш иманы мен ибалылығының арқасы. Еліміз егемендігін алып, дінімен, дәстүрімен қайта қауышты. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Қазақтың салт – дәстүрлері Исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып кеткен. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың таным – түсінігімен қабысып, тұрмыс – тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге жаңалық емес.
Ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа түсірілген. Олар ынтымақта болсын, бірін–бірі танысын, достықта өмір сүрсін деп түсірілген.
Қазақстан азаматтарының діни сауаттылығын арттыруда қазақ халқының исламға дейінгі кезеңіндегі мінез–құлқын, әдет–ғұрпын исламның құндылықтарымен салыстырған, олардың ұқсастығын анықтап, әділеттілік, ықылас, әдептілік, сенімділік, үнемшілдік, сыпайылық, ынсап, жылы жүзді болу, салмақтылық, кішіпейілділік және басқа көптеген этикалық ұғымдардың қазақ мәдениетіне біте қайнасқан нақты ислам құндылықтары екендігін дәлелдеген. Бүгінгі мемлекет пен діннің арасындағы қатынас жаһандану дәуіріне негізделген жаңа ұстанымдар арқасында жүргізілуде. Рухани идеологияның ең басты аспектілерінің бірі ата-бабаларымыз ұстанған ислам дінінің құндылықтары дұрыс түсіндіріліп, дәріптелуінде болмақ. Әрбір қоғам аясында адамдар өздерінің қарым-қатынастарын негіздейтін діннің, діни қағидалардың болуы табиғи құбылыс. Тарихта дінді ұстанбайтын адам болғанымен, діннен тыс қалған қоғамның болмағандығы шындық.
Адамның бойындағы ислам құндылықтары жалпы этикалық ұғымдармен тікелей байланысты. Қазақ қызы, қазақтың өнегелі анасы, ақсақалы, бәйбіше, бозбала, бойжеткен, аға мен жеңге, абысын, ене ұғымдары ұяңдық, кішіпейілдік, татулық пен дархан көңілге егіз ұғым іспетті. Тарихи деректерден ұғатынымыз қазақ халқының дүниетанымында адамгершілік-имандылық, ар-ұят, кісілік қасиеттері жоғары бағаланған. Ол бір жағынан шығыстық менталитетімізге жақын келсе, екінші тұрғыдан имандылық пен инабаттылық халқымызға Алланың нәсіп еткен қасиеттері деп білеміз, олардың Ислам дінінен бастау алатындығы маңызды. Аталмыш мәселелердің барлығын толық дәрежеде шешіп, сұрақтардың бәріне нақты жауап беру өте қиын.
Қазақстан – көпұлтты және поликонфессионалды мемлекет. Ислам Қазақстанды мекендейтін түрлі этностар арасында басымдыққа ие дін ретінде қазақстандық қоғамды біріктіру жолында маңызды роль атқарады.
Исламның қазақ даласына енген алғашқы, әрі одан кейінгі кезеңдерінде дүниетанымдық көпқырлылығы, әсіресе, адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, даланың ұлы дана ойшылдарының философиялық тұжырымдарында да көрініс тапты. Біздің ойымызша, исламның ерекше мәдени жетістігін және оның диалог пен түсіністікке негізделген әлем мәдениетінің айнасы екендігін атақты жерлес бабамыз, өз заманында ғылымға жан-жақты ойшылдығымен танылған Әбу Насыр әл-Фараби, одан кейін оның ізбасары, энциклопедиялық білімдер және де ғылым қақпасын ашқан Ибн Синаларды түркі топырағы тартып өтті.
Біз өмір сүріп жатқан күрделі әрі қарама - қайшылықтарға толы бұл ғасыр өткен ғасырлардан мүлде ерекше. Себебі ол технологиялық, ақпараттық- коммуникациялық төңкеріс, спутниктер, бағдарламалар және клондау, жаһандану әрі интернет дәуірі болып табылады. Бұл замана жетістіктері жер шарындағы барлық адамзат баласына ортақ. Күн сайын жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді игеруге жеке адамның қауқары жетер емес. Кейбіреулер мұндай қарқынды құбылыстың жалпы дін атаулының бәріне, әсіресе Ислам дініне келіп-кетер қаншалықты кері әсерінің барын білгісі келсе, ал базбір адамдардың көкейінде «Осы қыруар жетістіктер иіріміне түскен қазіргі адамзаттың өмірінде діннің орны қандай, оның елеулі ықпалы бар ма, әлде екінші кезектегі мәселе болып қалды ма?»,– деген сауалдар туындауда.
Жаһандану кезеңінде жеке тұлға көз алдында өтіп жатқан әлеуметтік өзгерістерге бейімделуге даяр. Дүниетанымдық аспектіде рухани адамгершілік құндылықтарын материалдық прагматикалық құндылықтар зор жылдамдықпен ығыстырылуда. Әлемге деген адамның құндылықтық қарым-қатынасы бүгінгі таңда адамның жеке өзін қорғау контекстінде өте өзекті, себебі адамның жеке тұлғалық қасиеттерін сақтау арқылы сол адамның өмір сүріп отырған ортасындағы мәдениет сақталады. Осы тұрғыдан рухани және адамгершілік құндылықтарының қайнар қөздерін зерттеу олардың ислам құндылықтарымен байланысын анықтау, сонымен қатар ислам құндылықтарының антологиялық мәртебесіне сипаттама жасау бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ислам құндылықтарының шынайы мағынасының кең арнада тұжырымдалуы қазақ халқының сан ғасырларын қамтыған ел намысын, мұратын, ерлігін, тіршілігін, парызын, «Отанды сүю – иманнан» деген басты мәдени құндылығын жырлаған ұлттың дана сөздерінің асыл маржандарының көркем сипаты ұлттық идеологиямыздың кәусар бұлағы іс.
Түркістан облысының дін істері
басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу
орталығы" КММ-нің теолог маманы А.Жолдасқызы