Қазақ зиялыларының діни сенімі
Қазақ зиялыларының діни сенімі
06.02.2024
1007
0

Адам баласының әрбір іс-әрекеті белгілі бір сенімге негізделеді.  Бүгінгі қоғамда дұрыс таухидті үйрену қажет деп ұрандап жүрген бауырларымызды көріп «Ата-бабамыз ұстанған ақиданы ұстанып жүрміз»,-десеңіз, олар: «Пайғамбар (с.а.с.) өз ата-бабасының дініне қарсы шыққан»,-деген сөздер арқылы бабалар жолын адасушыларға шығаратындар кездесіп жатады. Шын мәнінде бабаларымыздың сенім жүйесі қандай болған? Әбу Ханифа ақидасын ұстанған бабаларымыз адасқан ба?

Артынан қалдырған ұрпағын 10 ғасырдан астам уақыттан бері  «әл-Мисақтан бері мұсылманбыз» деп үйретіп келе жатқан түркі тілдес халықтарының ішіндегі қазақ жұртының ислами діни түсінігінің қалыптасуындағы Әбу Ханифа мәзһабының орны ерекше.

Имам Ағзам атына ие болған ғалым Әбу Ханифа жайлы Абдулла ибн Мубарак: «Білімнің өзегі»,  Имам Заһаби: «Әбу Ханифаның фиқһ пен оның терең мәселелерін талдауда имам екендігін барлығы  мойындайды. Бұл зәредей күмәнсіз  ақиқат», -десе, Имам Шафиғи: «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ілімін мүлдем білмеген»,-деп пікір білдіру арқылы ғалымның  білімі теңіздей терең екендігін мақтанышпен айтып өткен.

         Қазақ әрқашанда да сенім мәселесінде Абу Ханифаның еңбектерінде баяндалғандай ақиданы ұстанғаны белгілі. Бабаларымыз осы аталған еңбектердегі таухид іліміне қатысты Алланың сипаттарын қалың елдің құлағына жұмсақ, түсінікті тілмен жеткізіп отырған. Мысалы, Ы.Алтынсарин өз еңбегінде: «Ол Алла Тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес...». Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

 «Ол - Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

 Боларға басқа-басқа бөлектенбес

Алланы ешнәрсеге ұқсатуға

Еш нәрсе оған ұқсап, жөні келмес

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес»,-деп жазған өлең шумағымен Имам Әбу Ханифаның «Фиқһул-әкбар» кітабындағы: «Алланың шегі жоқ, Оның қарсыласы да, Оның серігі де, Оның ұқсасы да жоқ»,-деген сөздерімен ұштасып тұрғандығын аңғарамыз.

Алаш зиялыларының еңбектерінен олардың дүмше молдалармен күресіп өткенін  анық байқаймыз. «Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым» (Қожа Ахмет Иасауи) демекші, дін жалғандықты кешірмейді. Алаш зиялылары ой өрісі, идеялық мақсат-мұраттары жағынан демо­краттық-халықтық, гуманистік-ағар­­тушылық бағытты өмірінің соңына дейін құптап өтті. Ислам дініне аса мән берген қайраткердің бірі Шәкәрім Құдай­бердіұлы.
Ол өзінің «Мұсылмандық шарты» атты кітабында адам хақы, хайуан хақына қатысты, адамның жақсы, жаман мінездері, күнә, тәубә, ниет, т.б. істер жөніндегі шариғат үкімдерін жіктеп жазады. Ислам дініндегі парыз, уәжіп, сүннет, мүстәни, мүбах, харам, мәкрүһ, мәфсад сияқты істерге түсінік береді. Күнделікті тұрмыста кезігетін мал сою, неке қию, қарыз беру, жерге, суға иелік жасау, аманат, ақы алу, т.б. жағдайларға байланысты шариғат үкімдерінің әрқайсысын жеке-жеке таратып түсіндіреді.

Сол замандағы жазбаларға көз жүгіртсек, бай балаларына қарағанда жарлы балалары білімге көбірек бет бұрғанын байқаймыз. Мұсылманша мектептерден білім алған көзі қарақты азаматтардың ел ішінде бала оқыту ісіне белсене араласуының арқасында надандыққа, қараңғылыққа тұсау салынды. Мұсылманша сауат ашудан бөлек орысша оқуға, салалық пәндерді меңгеруге қызығушылық арта түс­кен-ді. «Қазақ» газетінде жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Бас­тауыш мектеп» мақаласында: «…Хү­кі­метке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек...» деп жазуында үлкен мән жатса керек.

Қорыта келе айтарымыз, дін мен дәстүрді берік ұстанған Алаш зиялыларының дін жолын насихаттаудағы ойларынан мынадай тұжырымдар жасауға болады. Біріншіден, олар, ата дінінің жойылып кетпеуін ойлады, екіншіден, салт-дәстүрді құрметтеді, үшіншіден, білім алып, ғылым жолында жүруді құптады. Осы тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, алаш мұрасын құрметтеу біздердің басты парызымыз.

 

Міржақып Алиасқар 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                 

0 пікір