Қазақ халқының ата-баба дәстүрінде имандылық тек діни сенім емес, ол сондай-ақ, ұлттық психологиялық салтқа, халықтық ерекшелікке айналған құбылыс. Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық адами асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік т.б.) қамтитын түсініктер көрініс тапқан. Имандылық тәрбиесі қазақ дәстүрінде, әдет-ғұрыпқа, байсалды мінез-құлыққа айналып адам баласының өмір заңдылығы, жарғысы болып қалыптасқан. Имандылық тәрбиесі адам бойындағы адами қасиеттердің жиынтығы. Жағымды қасиеттердің адамның рухани, психикалық дамуына зор әсер ететіні белгілі. Солардың ішінде өз Отанын сүюшілік оны жан-тәнімен қорғау, халқына берілгендік-адамның өмірінде өшпейтін, имандылық қасиеттердің бірі. «Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген.
Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Бірінші тірегі-дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде-ақ ұлан-ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір-тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат дін-Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі-ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан-ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды. Имандылық ең басты адамның адам болмысын білдіретін үлкен құндылық.
«Түзу бастап, ақ жолды кесе көрме,
Иман тонын үстіңнен шеше көрме» – деп Жүсіп Баласағұн бекерге айтпаған.
Абай атамыз айтқандай: «Жүрегінде иманы жоқ адам – бақылаусыз адам», «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды», «Құдайдан-қорық, пендеден-ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!», «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз», «Құдайшылық-жүректе, қалпыңды таза сақта», «Имансыз елден ұят қашады» деген.
Абай адамдықтың биік деңгейін осылай, иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Жас адамды имандылыққа баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрап, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты әдептік-психологиялық қасиеттерді олардың бойына сіңіру – әрбір отбасының, балалар бақшасы мен мектептің, жоғары оқу орындарының парызы.
Халық тарихында қаз дауысты Қазыбек билік айтуға 15 жасынан кіріссе, Сырым Датұлы өзінің даналығын жеті жасында көрсете алған, ал ауыз әдебиетіндегі, Тазша бала мен Қарашаш сұлу он екі-он төрт жасар кезінде-ақ тапқыр, ақылды атанғандардың санатына қосылған. Иманның атауы-жүрек. Имандылық жүректен пайда болады. Халқымыздың дана да дара ақыны хакім Абай осылай деген.
Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» - деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей «мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған-терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн деп санадық.
Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез – құлқының айнасы. Яғни, Шәкәрім атамыз айтқандай;
Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сөз.
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып алмас бөз – дегендегі иман. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп ат береді:
Махаббатпен-жаратқан-адамзатты,
Сен-де, сүй, ол-Алланы, жаннан-тәтті.Адамзаттың бәрін сүй-бауырым-деп
Және хақ жол осы деп әділетті.
Дәстүрлі қазақ руханиятынан тамыр тартып, нәр алған данышпан тұлғалардың елді жақсылыққа үндеудегі көптеген ой-пікірлерінің имандылық маңына келіп тоғысатыны шындық. Қорытындылай келе М.Өтемісұлының Арқаның қызыл изені;
Басы күрдек, түбі арал.
Қыдырып шалар аруана,
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды,
Екіншідей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама-деп нақты имандылық құндылықтарды дәріптеген.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-сі
«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру»
бөлімінің маманы: Салықбаев Қайрат Құралтайұлы
Қазақ менталитетіндегі имандылық тәрбиесі