Қазақ жеріндегі қасиетті рухани құндылықтар
Қазақ жеріндегі қасиетті рухани құндылықтар
06.11.2020
7179
0

Ұлттық құндылықтардың халық танымында, әсіресе жастардың ой өрісінде орын алуы ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпал етіп отырады. Сондықтан да, ұлттық құндылықтар дегеніміз халықтың зерде биігімен қарайтын болсақ ұлттың дүниетанымында, ұрпақтың ойлауы негізінде өмір сүріп отыратын нәрселер.  Рухани мәнге ие төл дүниелерінің ұлттық құндылыққа айналып отыруы алдымен халықтың ұрпақтың рухани деңгейіне тәуелді.

Еліміздің тарихында жерін, елін және ұлтының болашағын қатар ойлаған, оған жан-жақты қызмет ете білген зиялылар қоғам алдына қалай шыққан? Тарихтағы қазақ тұлғаларын арнайы ешкім бүгінгідей оқытқан жоқ. Қарапайым қоғамның рухани өмірінде ата-ананың, әлеуметтік ортаның ықпалымен үйретілген ұлттық тәрбие, өткеннің тағылымын баяндайтын тарихи әңгімелер,  дін мен ұлт дәстүрін қатар зерделеуді үйреткен, бұлардың бір-бірімен үнемі байланысты болатындығын  ұғындырған үлкендердің тәлім-тәрбиесі небір талант иелерін қоғам алдына шығарған.

Қазіргідей арнайы заманауи білім алмай-ақ білім алуға мүмкіндігі болмаса да тарихтағы қазақтың кез келген зиялы адамы, тіпті жас балаға дейін мемлекетінің мәртебесін арттырып отыратын ұлттық құндылықтар екендігін ерте түсінген. Бұның басты себебі елдің төл мәдениетінің  болмысымен қазақ баласының етене араласып өсуінде. Отбасы, қоғам, әлеуметтік орта, ауыл, ел болып жастарға ұлт игіліктері жөнінде дұрыс бағдар берілуінде. Қазақ тарихта небір қиындықтарды басынан өткізгенімен ұлттық құндылықтарынан қол үзбеген, ұлт руханиятын сақтау арқылы ұлттық бірегейлікті жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихы ұғымдар сақталып отырған.

Қазақ руханиятында ұрпаққа кеңінен насихатталатын игіліктер халықтың бейбіт өмірін, тәуелсіздік, ұлттың өсімі, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді және өнерлі болу, осы жолда жігерлі болу, елдің мүддесін қорғауда жан-жақты болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, дәстүрді, тарихтың тағылымын дәріптеу және т.б. Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған тұлғаларымыздың бірі Асан қайғы ұрпаққа мынадай өсиетін қадырған:

Көлде жүрген қоңыр қаз

Қыр қадірін не білсін!

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірін не білсін!

Ауылдағы жамандар

Ел қадірін не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген,

Жұрт қадірін не білсін[1].

Шыныменде елдік мүдде мәселесіне бабаларымыздың зердесімен қарайтын болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың негізінде халықтың өмір сүрудегі мұрат-мақсаты, ұстанымы жатыр. Қазақтың тарихтағы көшпелі тұрмысы көптеген нәрсенің мән жайын аңғартады. Ұлттың болашағы ұрпақ игілігі деп түсінген бабаларымыз атамекенді көздің қарашығындай  қорғаған. Елдің  мүддесін қорғап, оның өрісін кеңейтіп отыру үшін адамға ақыл, білім, жігер қажет. Бұл қасиеттер адам болмысына елдің тұрмысымен, болмысымен және руханиятымен етене араласып өсуімен келген.

Ұлт руханияты, әсіресе оның білімі жастарға алдыменен ұлттық құндылықтарды зерделеп, оған қызмет етуге ықпал етіп отырған. Ұлт игіліктерін құндылық дәрежесінде зерделеп, ұғыну үшін адамға рухани деңгей қажет.  Адам болмысындағы рухани деңгей Асан қайғы данамыз айтып кеткендей, әрбір ұлт игіліктерінің мәнісін білуден шығады. Бұны жастарға үйрететін орта, ата-ана.

          Құндылықтар бағдары шеңберінде негізгі көзге түсіп отыратын нәрсе бағалау принципі. Ұлт игіліктерінің құндылыққа айналуында  ұлттың болашағын, мүддесін, тәуелсіздікті, мемлекеттің дербестігін, бейбітшілікті бағалау жатыр. Өскелең ұрпаққа ұлт иігіліктерін құндылық деңгейінде насихаттап отыратын ұлттық тәрбие.

Ұлттық құндылықтарды бағалау атамекенді, мемлекеттің мүддесін қалыптастырушы ұлттың тағылымын және ұлт тұлғаларының ерлігін түсінуден шығады. Бағалау тарихты білуден, оның рухын бойға сіңіруден, тағылымын ұғынудан басталған.  Дініміздің өзі ұрпаққа осы дүниелерді үйретеді. Жаратылыс ақиқатын ұғынуда ата-ананың еңбегін, адамзаттың, халықтың игіліктерін ұмытпау, оған адал қызмет ету, білімді, өнерлі, қайырымды болу, еңбекті құрметтеу, әділетті болу дініміздің бізден талап ететін дүниелерінің бірі.  Осы тұрғыдан қарайтын болсақ,  қазақ халқының өмір сүру тәжірибесі, дәстүрі, мәдениеті, дүниетанымы, тарихы  және сол тарих өрісіндегі тұлғалар тағылымының еш уақытта да дінге қайшы келмегендігін бүгін бізге тарих көрсетуде.  Бабаларымыз қазақтың ұлттық бірегейлігі сақталған жерде ғана діннің де рухының ел болмысының бойында тұрақтап (сақталып) отыратындығын жете түсінген. Шал ақын данамыз айтып кеткендей:

Бүтін тұрған бұзылмай

Отыз екі тіспен тең.

Айдынды жақсы аймен тең,

Жомарт жігіт баймен тең.

Шешен жігіт дүрмен тең,

Имансыз көңіл кірмен тең.

Ақылы жоқ надандар,

Іс бітірмес жамандар

Жүз болса да бірмен тең

Қазақта дініне беріктік деген ұғым осыдан шыққан. Әр нәрсенің теңін біліп, шамалау діни сауатылықтан шығады. Діни сауаттылық кемелділіктен шығады, діннің білімін терең білу тәрбиеден, даналықтан, рухани тереңдіктен білінеді.

Қорытындылай келе, ұлттық құндылықтар туралы адам танымында қалыптасатын ұғым  оның болмысының негізінде жататын рухани иммунитет болып саналады. Егер адамның рухани болмысының шеңберінде бұл болмаған жағдайда, яғни қоғамда халық пен ұрпақ болмысында ұлттық қасиеттер болмаса діни ағымдардың қоғамдық ортадағы ықпалы өздігінен күшеюі мүмкін. Сондықтан да, ұлттық тәжірибелер тәрбие негізінде ұрпақтың бойындағы ұлттық қасиеттерді оятып, нығайтып отырады. Тарихтағы небір діни адамдардың халыққа ата дінін үйретуде қоғамның, жеке адамның бойындағы қасиеттер мен тәжірибелерді дәріптеп отыруының мәні осында жатыр.  Қоғамда рухани тереңдік, мәдениеттілік, дәстүр құндылықтары болмай тұрақтылық сақталмайды. Тұрақтылық болмаған жерде дәстүрлі дін ережелері сақтала бермейді, ол бір тарихи дүние болып қалады.  Себебі дәстүрді қалыптастыру мен дұрыс пайдаланудағы ұлттың танымы дінді сақтап отырады.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім маманы   Ш.Досанбаева



[1]Жыраулар Руханияты, Асанқайғы Сәбитұлы

0 пікір