Қазақ халқының ақын-жырауларының шығармаларындағы дін түсінігі
Қазақ халқының ақын-жырауларының шығармаларындағы  дін түсінігі
12.10.2020
1271
0

Әлімсақтан бері мұсылманмын деп өскен қазақ баласы үшін ислам дінінің таным-түсінігі қазақ халқына жат емес-ті. Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз тарихын хатқа түсіріп, қағазға жазбады. Таңды таңға жалғай жырлаған ақын-жыраулар арқылы қазақтың ұлан байтақ даласына ауыз әдебиетімен ислам дінін жеткізіп жырлады. Алтай мен Атырау арасын мекендеген көшпелі қазақ осылайша жыр-жауһарларын домбыраның күмбірлеген қоңыр дауысымен, діннен сусындап, ұрпағының санасына имандылықты сіңіре білді. Қазақ поэзиясында жыраулар жыры кезеңі XV-XVIII ғасыр аралығын қамтиды. Бұл уақыт Қазақ хандығының алғаш рет тарих сахнасына шығып жан-жақтан талаған жаумен алысып, жұлысып, жаға жыртысып жатқан кезеңі болатын. Қара қазан, сары баланың қамы үшін ер етігімен су кешкен замандарда ақын жыраулардың елдің басын біріктіріп, бүтіндеуде еңбегі өлшеусіз еді. Ақын жырауларымыздың көмейінен төгіле шыққан имандылық сөздері көбінесе елдікті, азаттықты, адамгершілік, ұятты болуға ағайынмен араздаспай тату болуға және Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) өмірінен үлгі алуға шақырады. Ендеше, сол жырауларымыздың есте қаларлықтай сөздеріне тоқтала кетсек.  Төгілте жырлаған жырларында ислам діні туралы нендей сөз қозғады? Бір саралап өтсек артық болмас-ты.

Жырауларымыздан бастамас бұрын, Алла Тағала өзінің сүйікті құлы әрі елшісі Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) сүйіктім (хабибім) деп атаған. Сондай-ақ, Әнбия сүресінің 107- аятында: «Сені әлемдерге рахым ретінде жібердік», – деп баяндайды. Құдси хадисте (тізбегі Алла Тағалаға телінген, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) сөзі) «Сен болмағанда, сен болмағанда бүкіл әлемді жаратпас едім», – дейді. Яғни барлық он сегіз мың ғалам бір ғана адам Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) құрметіне жаралған екен. Бұл туралы, Алла Елшісі хадис шәрифінде былай деп жеткізеді: Сахабалардан Жәбир ибн Абдулла бір күні «Иа, Расулаллаһ! Алла Тағала ең әуелі нені жаратты?» деп сұрағанда «Бәрінен бұрын сенің пайғамбарыңның, менің нұрымды өз нұрынан жаратты. Ол кезде лауһу, қалам, жұмақ, тозақ, періште, көктер мен жер, күн, ай, адамдар мен жындар жоқ болатын»,–деп жауап береді. Осы бір оқиғаны Шал ақын толғауында былай жеткізеді:

 

Жаратқан Мұхамбеттің нұрын құдай,

Ғаламнан он сегіз мың бұрын құдай.

Таңдаулысын өзінің досы қылып,

Мұндай артық сүйерме құлын құдай?

Әуелі Пайғамбардың нұрын қылған,

Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылған.

Нұрынан екі тамшы сәуле алып,

Олардан ай мен күнді жарық қылған, – деп қазақ даласына өлең жолдарымен жеткізген.

Алла Елшісі (с.а.с) хадис шәрифінде: «Адам денесінде бір парша ет бар. Ол жақсы болса барлық дене жақсы болады. Ол жаман болса барлық ағза жаман болады. Ақиқатында ол жүрек», –деген екен. Яғни, Аллаға және оның елшісіне иман еткенде тілмен айтып, жүрегіңмен илан дегені. Бірақ иманың тіліңде қалып кетпесін деп ишарат етеді. Иманның мұндай жолын Үмбетей жырау «Бәкеге» атты өлең жолдарында былай деп жырға қосыпты:

Дін мұсылман баласы  

Адамдықтан жерімес,

Тіл мұсылман, қарашы,

Арамдықтан шегінбес.

Дәніккесін бұл шіркін,

Адал бір дәм жегізбес!

Алла Тағала Құран Кәрімнің Ниса сүресі 1-аятында былай дейді: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп ағайыннан қол үзбеуге бұйыруда. Әлемдерге рахым ретінде жіберілген Алла Елшісі (с.а.с) мұсылмандарға қарата былай дейді»: «Уа адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, аш-мұқтаждарды тамақтандырыңдар, туысқандармен болған байланысты үзбеңдер, адамдар түнде ұйықтап жатқанда түнде тұрып намаз оқыңдар. Міне сонда аман-есен жәннатқа кіресіңдер», – деп үмбетіне насихат айтыпты.

XIV-XV ғасырдың абыз ақсақалы, жырау Алтын Орда ханы Жәнібектен бері хан кеңесінің төрінен орын алып келген, Асан қайғы бабамыз былай деген екен:

Еділ болда, Жайық бол.

Ешкімменен ұрыспа,

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңда аяп тұрыспа

Ердің құны болса да

Алдыңа келіп қалған соң

Қол қусырып барған соң

Аса кеште қоя бер

Бұрыңғыны қуыспа,–дегені жоғарыда айтқан аятпен хадиске астасып жатқандай.

Құран Кәрімнің Зілзала сүресі 7-8 аяттарында Қиямет күнінде болатын жағдай туралы былай деп ескерту жасайды: «Кімде-кім шаңның тозаңындай жақсылық істеген болса, ол оның сыйын көреді. Кімде-кім шаңның тозаңындай жамандық істеген болса ол оның жазасын көреді»,–деп баян етеді. Осы бір жайды қазақ-жоңғар соғысының даңқты абыз-ақсақалы, батагөй қария, көмекей әулие атанған Абылай ханның сенімді серігі, әрі үзеңгілес досы Бұқар жырау былай деп жыр шумақтарымен өрбіткен екен:

Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

Берем деген құтылмас,

Берік байлаған шешілмес.

Қазулы жолдар көмілмес,

Қартайған қарт бабаңды сыйлай бер.

Күндердің күні болғанда

Кімдерде кімнің дейсің белі бүгілмес, – деп тірі кезіңде қандай іс қылсаң ақыретте сол ісіңнің қарымын аласың дегені ғой бабамыздың.

Халқымызда анаңды Меккеге арқалап барсаңда, қарызынан құтыла алмайсың деген сөз бар. Ия, бұл шындық.

Зиярат қылып сиынсаң,

Кем емес құбыла Меккеңнен, – деп Майлықожа ақын толғағандай ата-анаға құрмет, қызмет көрсетіп, разылығын алу әрқайсымызға міндет. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) кезінде дін исламды қорғау үшін сахабаларына жиһадты (дін үшін соғыс) насихаттап, ең үлкен сауапты істің біріне жатқызды. Алайда ата-анаға қамқорлық жасауды жиһад жасауданда жоғары бағалады. Алла Елшісіне келіп жиһадқа сұранған жас жігітке: «Анаң тірі ме?», – деп сұрады. Тірі екенін айтқан кезде «Анаңның аяғына жармас. Жәннат – аналардың аяғының астында», – деп тоқтатқан  екен.   Ата-анаға қарап қамқор болуды кезінде Ақтамберді жырау былайша жеткізеді:

Меккені іздеп нетесің,

Меккеге қашан жетесің,

Әзір Мекке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды!

Адам баласы – Алла тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең  ұлысы. Олай болса, осы адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да, Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған.

 Алдыңғы өткен тарихымызды қарар болсақ, дін ислам қалың қазақтың басын біріктірер қоғамды реттеуші заңды норма болып келді. Алайда, тәуелсіздік алғаннан бері қарай адамдардың діннен безушілігі көбейіп бара жатқан секілді. Себеп біреу-ақ. Діни сауатсыздық. Біреуі Алла аспанда, көзі, қолы бар десе. Енді бір топ, оларды адастыға шығарып бір-біріне айып тағуда. Осы бір таным-түсінікті түсінбей қаншама адам алды темір торға қамалса, арты соғыс іздеп, шекара асып кеткен жайы бар. Ежелгі жәдігерлерді байыптап қарап отырар болсақ, олардың көбінесе жалғыз Жаратушыға мінәжат, Аллаға мадақ сарынында, яғни Алланың есімдерін, сипаттарын құрметтеп ауызға алып, жыр арнағандығын байқаймыз. XX ғасырдың ұлы ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлең жолдарында жоғарыда айтқан екі топтың таласып жүрген мәселесін былайша түйіндепті:

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа,басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес

Мекенін бір Алланың ешкім білмес

Сипаты сегіз болған бірі Кәләм

Сөйлейді, құдіретімен Алла Тағалам,

Сөйлеуді біздей тілмен, жақпен емес

Тіл-жаққа мұқтаж емес секілді адам.

Алды,арты, асты, үсті, оң-солы жоқ

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ

Еш нәрсе ұқсамайды, Ол – еш нәрсеге

Кітаптың айтқанынан ойлама көп...

Жоғарыдағы өлең шумақтарына, өр Алтайдың асқақ ақыны Ақыт қажы Үлімжіұлыда Мәшһүр Жүсіптен алыстамай бірінің сөзіне бірі қанат бітіре келе былай дейді:

Бір Құдай жоғары емес, төменде емес,

Еш тамақ алып және жеген емес.

Дегендер: «пәлен жерде» кәпір болар,

Тұрағым сондай жерде дегенде емес.

Болмайды алды, арты, оң мен солда,

Кезікпес іздегенмен және жолда.

Жүрсеңде көкке шығып, жерге кіріп,

Көрмейсің бір Құдайды тағы сонда.

Тарих өткен үшін емес болашақ үшін қызмет етеді. Өткеніміз тұнып тұрған үлгі өнеге, әдеп, иба, жол көрсетуші шырақ, ақиқат жол. Біз өз тінімізден ажырамай жоғарыда келтірген ақын-жыраулардың тебіреністерін өмір баспалдағында ұмытпай қолға ала білсек ешқайсымыз өзге біреудің уағызына мұқтаж болмай, адасушылыққа түспес едік.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы   Қ.Қосмаханов

0 пікір