Қазақ халқы ислам дінін не үшін қабылдады?
Қазақ халқы ислам дінін не үшін қабылдады?
02.08.2019
1231
0

Бір сөзінде Елбасымыз Н.Назарбаев: «Тегіміз – түркі, дініміз – ислам, кітабымыз – Құран» деген еді. Ұлт көшбасшысының осы қанатты сөзінің астарында Алаш жұртының алтын сойы мен рухани ұстанымы айқын көрініс тапқан. 

Арғы бабаларымыз Мөде, Атилла, Естеми, Төныкөк, Білге, Күлтегін және т.б. қағандар мен қылауыздар билік айтқан түркі қауымы (көпшілігі) бір Тәңірге ғана мойынсұнып, ерлігімен төрткүл дүниені тітіреткен, жаны жайсаң, өр рухты жауынгер халық болатын. Еуразия төсінде ат ойнатқан осы халық тарих белесіндегі небір талайлы тағдыр кешулерді басынан өткеріп, соңынан мұсылман үмбетіне айналды. Бұл сөз жоқ Жаббар Хақтың қалауы, яғни, илаһи тағдыр еді.

Хақ-Тағала Құран Кәрімде: «Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа тура жолға салады…» (Ибраһим, 4) деп бұйырады.

Яғни, түркі жұртының басым көпшілігінің Хақ дінге мойынсұнуы – Ұлы Жаратушының таңдауы десек асыра айтқандық емес. Өйткені, Алла-Тағала бір қауымға тура жолда болуды жазса, оны ешкім де адастыра алмайтыны хақ. Ал, Жаббар Хақ бір қауымға һидаят (хақ жолы) бермесе, ол қауымды ешқандай бір күш тура жолға түсіре алмайды. Демек, Алаш жұртының Хақ дінмен қауышуы, тылсымнан келген илаһи пәрмен екендігі талассыз ақиқат.

Әсілі, Түркінің қарашаңырағына ие – Қазақ халқы өзін әлімсақтан (анамыздың құрсағында пайда болмастан бұрынғы – рухтар әлемі) мұсылман санайды. Алаштың айбоз ақыны Әбубәкір Кердері:

Уа, зор сүйінші айтпайын,

Мұсылман болып туғанға.

Ләббәйкә деп рухым, Хаққа мойынсұнғанға.

Шүкір айттың жарандар,

Жақсы мал шалып құрбанға, — деп жырлағандай Алаш елі өзін рухтар әлемінде түзілген «әл-мисақ» («Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?», – дегенде, олар: «Әрине куәміз» деген») келісімшартынан бері өзін момын-мұсылман деп біледі. Осы себептен де Алаш баласы: «Әлімсақтан бері мұсылманмын» дейді. Ал, бұл діни наным – төл Ханафи-Матуриди ақидасы саналады.

Задында, жаһанды мекен қылған ұлттар мен ұлыстардың көпшілігіне һидаят нәсіп болған емес (нәсіп болғай!). Хақтың назарына ілігіп, мұсылман үмбетіне айналған жұрт мұқым ғаламдағы халықтың ширегін де құрамайды. Мысалы, Құранның тілінде сөйлейтін кейбір араб ұлттары әлі ислам дінін қабылдаған жоқ (Ливан). Ал, түркі қауымы Хақ дінмен хижраның ІІ ғасырынан бастап таныса бастап, Хазария (Х ғ), Қарақан (Х-ХІІІ ғғ) және Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-XIV ғғ) толығымен исламдану үдерісін басынан кешірді. Ғұмырын ат үстінде өткізген осы өр рухты, жауынгер көшпелі жұрттың алтын арқау, күміс жалғауы – Қазақ халқының ислам дінін қабылдағанына бүгінде мың жылдан астам уақыт болды. Әрине, оның тарихи себептері де бар. Десе де, неше мың ұлттар пен ұлыстардың ішінде жеті атамыздан бері мұсылман қауымы болып ғұмыр сүріп келе жатқанымыз үшін әлбетте Жаббар Хаққа «Әлхамдулиллаһ» деп сансыз мақтаулар айтуға тиістіміз деп ойлаймын.

Ақпарат көзі:  https://kazislam.kz/%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d2%9b%d1%8b-%d0%b8%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%bc-%d0%b4%d1%96%d0%bd%d1%96%d0%bd-%d0%bd%d0%b5-%d2%af%d1%88%d1%96%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d0%bb%d0%b4/?lang=ru

0 пікір