Қазақ ағартушыларының діни ізденістері
Қазақ ағартушыларының діни ізденістері
18.02.2020
2354
0

Бұл мақаланың жарыққа шығудағы негізі мақсат  діни білімін арттырғысы келген жандар үшін қазақ ағартушыларының шығармаларын оқуға бағыт беру. Яғни, өз тұлғаларымыздың да өзіндік діни ізденістері болған және аталған бағытта өскелең ұрпаққа жол салған.

 Ақындар, ойшылдар мен зиялылар өз білімдерін медреселерде алып, ел мүддесі мен руханиятында күш-қайратын жұмсаған қайраткерлер болатын. Қазақ оқымыстылары мұсылмандық шығыс пен батыс мәдениетінің озық жетістіктерін терең меңгеру арқылы, ұлттық болмыс пен ұлттық ділдің ерекшеліктерін тереңінен тану арқылы өздерінің шығармаларының күш-қуаты мен рухани әлеуетін ұлттық-сана сезімді оятуға, рухани құндылықтарды жандандырып, өрлету жолында арнады. Қазақтың ойшылдары мен зиялылары Ресей отарындағы мұсылман халықтарының көшбасшылары тәрізді, Ислам діні мен құндылықтарын отаршылдыққа қарсы бағытталған күрестің негізгі тірегі ретінде қабылдады.

XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасыр бас кезіндегі қазақтың діни-философиясының өкілдері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұржан Наушабаев, Иманжүсіп Құтпанұлы өз шығармаларында мұсылмандық мәдениет пен әдебиеттің негізгі тақырыптары Жаратушы мен адам қарым-қатынасы, дүниенің жаратылуы, мұсылмандық ғалам құрылымы, мұсылмандық әдеп пен ахлақ мәселелерін көтерді.

Жоғарыда аталған қазақ ағартушыларының дін туралы шығармаларына М.Әуезов былай деп көрсетеді: «Шығыстың кітаби-эпикалық мәдениетін меңгерген және араб, иран классикалық поэзиясының өте көп сюжеттерін, тақырыптарын *«назира» рухында  жырлаған, мұнымен қоса шығыстың басқа көп халықтарының аңыздарын, ертегілерін, тұрмыс-салт жырларын және батырлар жырларын жатқа білетін бір топ кітаби ақындар жұмыс істеді» (М.Әуезов. Әр жылдары ойлары.-Алматы, 1961.-Б. 216)  

Тәуелсіздік аясында халқымыз өзінің тарихын, мәдениетін, рухани мұрасын жан-жақты және терең тануға қол жеткізді. Зайырлы мемлекетімізде ұлтымыздың сана-сезімін және салт-дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарын өркениеттік тұрғыдан зерделеу маңызды.

 

__________________________________________________________________

*«Назира» дәстүрдегі негізгі ұстанымды белгілі бір нақты тарихи уақытта жырланған тақырыпты екінші бір тарихи уақытта бір халық мәдениетінде жаңа қырынан баяндау, халықтың ұлттық дүниетанымы мен менталитетіне сай әлеуметтік мәселелерді көтере жырлау.

Өйткені халқымыздың тарихында айшықталған құндылықтарды және ұлттық дүниетанымымыздың негіздері мен ерекшеліктерін білу ұлттық жаңғыруымыздың негізі болмақ. Ұлттық дүниетаным мен ділдің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу қазіргі қазақ қоғамының рухани түлеуі және діни санамыздың беріктігін нығайту үшін қажет. Осындай зерттеулер қазақ елінің рухани тұғырының бірі ретіндегі Ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Ұлт руханияты үшін ұлттық тіл, ұлттық діл және дін рухани тұғыр болып табылады. Осы үш діңгек бір-бірімен ажырамас бірлікте болғанда, ұлт тұтастығы да берік.

Қазақтың далалық өркениетіне негізделген көшпелілер мәдениеті мен дүниетанымына негізделген дәстүрлі ислами құндылықтарымызды пайымдау рухани мүддеміз бен ізгі мақсатымызды айқындайды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының негіздерінің бірі – бұл ұлттық құндылықтар және ұлттық философиялық мұрамыз. Қазақ ойшылдарының діни ізденістері мен рухани мұрасын жастарға таныту жолымен біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз.

Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы мен рухани ізденістері руханиятымыздың қалыптасуына ықпал еткен негіз болды деп санаймын. Ақын жыраулардың шығармаларында адам, қоғам, дін, дәстүр, әдеп мәселелері негізгі орын алды. Олардың рухани ізденістері халықтың салт-дәстүрі мен діні, өмір салтымен тығыз байланыста болды.

          Туған елін, ата-баба жерін, отанын сүйген Ақтамберді жырау Сарыұлының жыр толғаулары ұлт рухын көтеруге және отансүйгіштік пен ерлікті насихаттауға арналған. Жырау жырларының басты ұраны – ел амандығы, жұрт тыныштығы, халықтың берекелі ынтымақты өмірі.

          Балаларыма өсиет,

          Қылмаңыздар кепиет,

          Бірлігіңнен айырылма,

          Бірлікте бар қасиет (он ғасыр жырлайды.-Алматы, 2006.-144 б.)-дейді.

Алаш қайраткерлері мен қазақ ағартушыларының шығармаларын ұлттық құндылық ретінде насихаттасақ, ұлттың болмысы дұрыс қалыптасар еді. Өйткені қазақ ағартушыларының шығармаларында Ислам дінінің парыздары, иман шарттары мен құндылықтарын поэзия үлгісімен жырлаған діни ахлақтық және тағылымдық, тәрбиелік бағыттағы қазына. Олардың мұрасында бұл өмірдің мәні тұлға аралық қарым-қатынастағы ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, әділеттілік, имандылық, достық сынды қасиеттердің маңызына көңіл аударып, исламды өмірлік ұстанымға және ұлттық дәстүрге бейімдеген.

Алаш қайраткерлері көтерген тәуелсіздік пен азаттық идеясы, халықты білім мен ғылымға тартуы, ұлт мүддесі мен руханиятына адалдығы мен жанашырлығы олардың шығармалары мен дүниетанымында айқындалады. Олар еліміздің мәдени-рухани дамуына, ұлт ынтымақтастығына қызмет етті. Алаш зиялылары қазақтың сол уақыттағы тыныс-тіршілігі тарихи-қоғамдық, мәдени-рухани өмірін өз шығармаларында қарастырып, ұлттық            болмыс-бітімді айшықтады. Олар тіл мен діннің тұтастығын, діл мен рухтың беріктігін ұлттық ұйысудың қайнар көздерінің бірі ретінде ұлттық құндылықтарға мән берді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде сайын даланың төсінде аттың жалы мен түйенің қомында, ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жеріміздің өскелең ұрпағын тәрбиелеу жолында қазақ ойшылдарының шығармаларын дәріптей отырып, ұлтын, тілін, дінін, ділін сақтап қалған қайсар қасиеттерін мақтан етуге міндеттіміз.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы  А.Бектұрғанов

0 пікір