Қазақ әдебиетінің тарихында қазақ ақын жыраулары мен билері діни кітаптардан нәр алған, онда баяндалатын тәлім-тәрбие, білім, ғылым сияқты құнды мәселелерді ана тілінде қайта жырлауға тырысқан ақындар аз болмаған. Олар қара сөздерімен халықты тәрбиелеп, адамгершілікке, имандылыққа шақырды. Адам баласының бойындағы қабілет пен қасиеттерді пышақтың жүзіне ұқсатуға болады. Оны жақсылыққа да жамандыққа да қолдана аласыз. Бұл адамның ұстаныма байланысты өзгеріп отырады. Алла Тағала адам баласын жақсылық пен жамандықтың ортасына қойып, оған таңдау еркіндігін берген. Қаласа жақсылықты, қаласа жамандықты таңдайды. Сондай-ақ, адам баласына берілген нығметтердің ішіндегі ендігі бір маңыздысы: оған жауапкершілік пен міндет жүктегендігінде жатыр. Жауапкершіліктің дәрежесі өзіне берілген нығметпен өлшенеді. Мұндай жағдайда адам баласынан өзіне берілген Алланың нығметтерін тиімді пайдаланып, орынды жерінде жұмсауы талап етіледі. Егер, қолындағы мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай, қалай болса солай шашу басына қайғы алып келеді ал соңы орны толмас өкініштерге апарып соқтырары хақ.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты әлеуметтік желінің де жақсылығы мен жамандығы бар. Бірақ бүгінгі ұрпақ ғаламторда ғайбат айтуға бейім. Оған дәлел – ғаламторды ашып қарасаңыз небір мақтап жазған дүниелердің аяғы сол адамның сыртынан өрбіген қаншама өсек пен ғайбат сөздерге әкеліп соқтыратындығы, біреуді жамандап жазса, жабыла қостайтындығы. Таныс па, бейтаныс па, ол жағы маңызды емес, әйтеуір жамандаса болғаны. Сонда халқымыздың көнеден қалған сөз мәдениеті, әдет-ғұрпы, мейірімділігі, еліне деген жанашырлығы жоғалып бара жатқаны ма? Ең сорақысы, дағдыға айналған өсек пен өтірікке толы пікірлерді жас та, жасамыс та оқиды. Жұрттың кемшілігін жазып, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз?
Жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын халықтың ұрпағы едік. Әйтсе де, осы заманда өзгенің кемшілігін әлеуметтік желіге салып, ғайбат пікірлер жазып, өзіне ұпай жинайтындар көбейіп келеді. Байырғы дәуір адамгершілікке лайықты еді, бүгінгі қоғам «лайкты» болып барады.
Халқымыздың көне шежірелері мен ескі кітаптарында Лұқман Хакімнен малдың ең тәтті жерін алып кел десе, қойды сойып, тілін әкеліпті. Ал енді ең ащы жерін алып кел десе, тағы да тілін алып келіпті. Ол кісі: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз?» - дегенде: «Жақсылық та, жамандық та тілден, тіл байқап сөйлемесе тас жарады, тас жармаса бас жарады» – деп жауап беріпті. Осыған орай дана халқымыз: «Басқа пәле тілден» деп текке айтпаса керек. Бірде бір ғұлама: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл – есіңді жина да үндемей жүруді әдетке айналдыр», – дейді. Иә, өсек айтатын тілімізді тыйғанымыз абзал. Сондықтан ғаламторда отырып өсек айтудан сақтанайық. Осыған орай тағы мына төмендегі оқиғаны баян қыламын.
Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен. Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?» - дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді»,- деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа бәле қызыл тілден келеді дегенім»- депті. Көріп отырғанымыздай ұлттық құндылықтарымыз ешқашан діннен алшақ болмаған. Мысалға «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейді дана халқымыз.
Бөкен бидің өзі Сырымға қойған сұрағы мен жауабы туралы хадисте былай дейді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге былай деп ескертеді: Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорқатын бол, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи).
Көп сөзділікке берілген кейбіреулерді көргенде күрсінесің. Көп сөйлеу адамды жексұрын қылып көрсететінін түсінесің. Адам күнәні тілмен де жасайтынын ескерсек, көп сөйлеу сол тілмен жасалатын күнәлардың санын арттырады. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Үндемеген үлкен бәледен құтылады, ал көп сөйлегеннің күнәсі де көп болады» деген.
Тағы бірде Иса пайғамбар (а.с): Ұйықтап жатқан адамның ұятты жері ашылып қалса, қайтер едіңіздер? - дегенде, адамдар:
- «Жабамыз əрине» - дейді.
Сонда Ол (а.с):
- «Меніңше, қайта одан сайын ашып тастайтын сияқтысыңдар»-дейді.
- «Ол не дегеніңіз, уа, пайғамбар» -дегенде, Ол (а.с) сөзін былай жалғастырады:
- «Біреудің айыбын жасыру - ашылған адамның ұятты жерін жапқанмен тең. Ал қосыла жамандасу - ашылмаған жақтарын қоса ашумен тең.Бұл – үлкенәдепсіздік» - деген екен...Қорыта келе қазақтың ақын-жыраулары, шешендері мен күйшілері қалдырған мұраларға көз жүгіртетін болсақ, олардың ең алдымен келер ұрпақ болашағы үшін, тәлім-тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлгені байқалады. Ал тәрбиенің өзегінде қашан да имандылық, адамгершілік құндылықтар жататын болған. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Әл-Фараби бабамыз айтқандай «Тәрбиесіз берген білім-адамзаттың қас жауы».
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев
Өзгенің күнәсін тарту