Бұл ай – Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi, сұлтаны. Барша мұсылман қадiр тұтатын адам баласына тура жол нұсқаушы, ақ пен қара арасын айырушы, береке мен рухани байлыққа бастаушы ретінде қасиетті Құран түсіріле бастаған берекелі ай.
Әрбір мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Адам баласының Жаратушысы Алла Тағаланың оған берген сансыз нығметі мен жақсылықтары үшін жасалатын шүкіршілік айы болып табылады. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтап, жақсылыққа жетелейтін ай. Яғни тиылу айы. Әуелгі кезекте ішіп жеуден. Тиылу әр адам өз бойындағы кемшіліктерін ұғынып, теріс әрекеттерін білері анық. Осы әрекеттерді тастай алмай жүрген жан үшін керемет мүмкіндік яғни, кісіге қатты сөйлемеу, ғайбаттамау сынды жеңіл көрінгенімен ара қатынасқа кедергі болар әрекеттерден ораза ғой деп сақтануға, қалыптастыруға мүмкіншілігіміз басым ай. Ораза айында тек ішіп жеуден емес, жағымсыз әрекеттерден тиылуға тырысып жақсы көркем мінез мейірімділікке бой алдыратын ай. Құранда Бақара сүресінің 183 аятында Алла Тағала оған байланысты: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» деп бұйырды. Құранда парыз етілген оразаға ата-бабаларымыз ешқашан бей-жай қарамаған. Ауыз бекіткен жанның сауабын жомарттығы мол Алла тағаланың өзі өлшейтіндігін, бес күндік тіршіліктің мәні құлшылықта екендігін, бұл дүниенің бейнет, ақыреттің зейнет екенін жақсы түсінген. Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ауыз бекітіп ораза ұстаудың сауап тұрғысынан да, денсаулық тұрғысынан да пайдасы зор. Айталық, ораза ем ретінде ішек ауруларына, іш қатуға қарсы қолданылады. Оразаның медициналық емдігінің қатарында кейбір тері ауруларының жақсаруы, асқазан мен ішек жұмысына тоқтау салып олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуы қамтамасыз етіледі. Ораза адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауыз ашар уақыттарда тым көп ас жемеу керек. Ораза деген сырттай қарағанда, адамдардың күні бойы ішуден, жеуден, тыйылу секілді болып көрінуі мүмкін. Ал оның арғы жағында жүрек байлығы, имандылық, көркем мінез, әлеуметтік теңдік секілді үлкен құндылықтар жатқанын адам баласының иманы артып, рухани күшке кенелуі жатыр. Бабаларымыз тұрмыс-тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Қол қусырып, құбылаға бет түзеу, ораза ұстап, бес уақыт намазды қаза қылмау көкейіне жиғаны, көкірегінде иманы бардың белгісі деп тани білген. Бұл жайында ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін берекелі ай деп айтуымызға толық негіз бар.
Басқа айда өз қалауынша бей-берекет ішіп-жеп, кейде ысырап етіп үйренген құл ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірінің қадыр қасиетін түсінеді. Рамазан құт береке мен бірлік айы. Тәуелсіз еліміздің көк байрағы мен ұлы кең байтақ даламызда бірлікте тірлік қылып, ынтымақта ғұмыр кешейік. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп, осы жолда қызмет қылушы ел азаматтарына көптеп көп дұға жасайық. Дұғалар кері қайтарылмайтын қасиетті уақытта еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілейік. Дініміздің діңгегін нық, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығы мен иман байлығын баршамызға бұйыртсын. Баршаларыңыздың мүбәрак айдағы ізгі амалдарыңызға сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай. Қасиетті Рамазан баршамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшылығына жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, жақсылық пен құт береке алып келер берекелі ай болсын.
Е.Ештай
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Ораза – береке айы