Көркем мінез-адам бойындағы асыл қасиет, адам болмысы. Туа қалыптасқан ішкі құпиясы. Оның сыртқа шыққан қимыл-қозғалысы, сөз әрекеті, көзге көрінген көрінісі. Әр пенде үлкен табысқа, бақытқа, биік мәртебеге, сый-құрметке, береке-бірлікке, дұрыс қарым-қатынасқа, мақсат-мұратқа мінезімен ғана жете алады.Адам бойндағы көркем мінез жайында, адамзаттың асылы ардақты пайғамбар (с.а.с.): «Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондай-ақ қиямет күні маған ең жақын болғандарыңыз- ең көркем мінезділеріңіз», – деп айтқан.Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша (р.а.) анамыздан Пайғамбар (с.а.с.) мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз Оның мінез-құлқы-Құран ғой», – деп жауап берген. Айша (р.а.): Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай айтты: «Я, Алла Тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» - деп дұға ететін деді. Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады.
Қазіргі уақытта «өздерін салафилердің жолындамыз», – деп жүрген бауырларымыз пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті деп, сыртқы көріністі сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (с.а.с.) көркем мінезіне, мейірімділігіне, әділдігіне амал жасамауда. Сол бауырларымыздың адамдарға дөрекі мінезі, мейірімсіздігі, ақиқатты білуге талпынбауы, мұсылман адамды өзгелерге қанішер, қатігез, көрсетіп, ізгілердің атын жамылып, теріс әрекет жасауы нағыз салафилердің жолы емес.
Ислам ғұламалары мінезді екіге бөледі: 1.Жаратылысынан Алла берген, ана сүтімен дарыған мінезі. 2. Адам өзі еңбектеніп, өзі қалыптастыратын, өзі табатын мінезі. «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару, – деген.
Қазақта мінезді адам бойындағы байлық деп бағалайды. Мінезді адам қайда барса да, қайда жүрсе де, қай ортада өмір сүрсе де, оған жол ашық. Үлкенмен де, кішімен де, жоғарымен де, төменмен де, баламен де, данамен де, тіпті тұтас кісімен де сол жағымды жарасымды мінезі арқылы араласа алады.
Сонымен қатар бабларымыз адамның мінезін «Тума мінез және жұқпа мінез», – деп атаған.
Тума мінез бір адамның өзіне тән, басқаларға мүлде ұқсамайтын жеке бітімі, өмірге көзқарасы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, наным-сенімі, жалпы жанұяда қалыптастырып, қоғамдық-әлеуметтік ортаға алып шыққан өмір көріністері болып табылады.
Жұқпа мінез пенденің бала күнінен бастап көрген-білген, көңіліне түйген, айналадан сезген, кітаптан оқыған, әлеуметттік ортадан қалыптастырған жалпы білімі, әдеті мен әдебі, мәдениеті мен дүниетанымы, төрткүл дүниеден қызығып-қызғанып қабылдаған, еліктеген, соларға ұқсаған мінезі «жұқпа мінез» деп аталады.
Абай Құнанбайұлының 7-қара сөзінде тума мінезбен жұқпа мінезді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар-тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген»,-деп екі түрін суреттеп береді.Ал нақыл сөзінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», десе ал тағы бір сөзінде: «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген нәрселермен озады»,-деген. Қазақтың ардақтыларыда: Жүсіп Баласағұни: «Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге енеді» десе, Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов жазғандай, «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден», – деп көркем мінезді суреттей түскен.
Ал психологияда мінезді «характер» деп атайды. Бұл гректің сөзінен аударғанда «суреттеу, мәнерлеу» деген мағына береді. Мінез ерекшелігі жөнінде ерте заманнан бері зерттеліп келеді. Ең алғаш мінезді сипаттап жазған – Теофраст. Одан кейін А.Бен, Т.Рибо, И.Кант, М.Фуле, А.Е.Личко, К.Леонгард сынды ғалымдар мінезді зерттеп, бірнеше түрге, типтерге бөліп қарастырды. Солардың бірнешеуін мысал келтірсек:
1. Гипертимді тип. Қозғалысқа бейім тип. Тым көп қозғалатыны әсерінен тәртіпсіздікке де бой беріп жатады. Шулы ортаны, көпшілік жиналған жерді жақсы көреді. Өзгелердің алдында артықшылықтарын көртесіп қалғысы кеп тұрады, сөзшең. Мақтауды жаны сүйеді, өзінің де мақтаншақтығы бар. Көп нәрсеге аса қызығушылық танытады.
2. Циклоидті тип. Көп жағдайда бейжай күй танытады. Жалғыздықты жаны сүйеді. Кез келген жағдайды, сөзді жүрегіне жақын қабылдайды. Сондықтан өзгелер ескерту жасағанын еш ұнатпайды.
3. Лабильді не дистимді тип. Көңіл күйі ауа райынан өткен құбылмалы. Өзіне өзгелердің көзқарасы қандай екенін бірден байқайды, оған тәуелді кездері де болады. Көңіл күйі нашарлаған кезінде жақындары жанынан табылып, қолдау көрсеткені абзал. Бұл типтегі жандар достарының қолдауын аса жоғары бағалайды. Көп сөйлей бермейді, баяу ойланады. Үйде, жалғыздықта болуды жаны қалайды. Ұрыс-керістен бойын аулақ салады. Әділ, байсалды, тиянақты болады.
Қорыта келе Қазақтың көркем мінезді ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Ең зиянды адам-мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек-осы төртеуі кімнің бойында болса-сол шын адам болады» – дегендей әрбір адам өзінің мінезін көркемдеп, мінезі өзгеге үлгі, көркем болуы қажет.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Сайрам ауданындағы теолог маманы
Битанов Жангелді Нұрғалиұлы
Мұсылманның мұраты көркем мінез