Дін күрделі де нәзік құбылыс. Онда қате басу мен жаңылысуға әсте орын жоқ. Асығыс айтылған пікір мен қате қабылданған шешімдер жеке адамға, одан қала берді қоғамға опық алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда арам пиғылды идеологтар өз қатарларын көбейту үшін азаматтардың діни сауатсыздығын ұтымды пайдалануда. Сондықтан қоғамның діни сауатын арттырып, талас-тартысқа айналған күрделі мәселелердің дұрыс жауабын беру күн тәртібінде тұрған іс. Өткен жылдардағы жіберілген қателіктердің алдын алып, дұрыс діни түсінікті қалыптастырудың бірден бір жолы – халықтың діни сауатын арттыру. Өйткені дінді дұрыс ұстану үшін ең әуелі оны дұрыс түсіне білу аса маңызды.
Һәкім Абай:
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің басы - ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен, - деп жырлағандай әуелі не іске болса да дұрыс ниет пен жүйе қажет. Өкінішке орай қазіргі таңда осы бір шумаққа сыйған мазмұнды біз өміріміздің мағынасына айналдыра алмай келе жатырмыз. Біз діннің өзегі мен негізін өзіміз түсінбей жатып өзгеге ақыл айтып, қоғамды түзегіміз келіп жататын жағдайлармен бетпе-бет келіп жатамыз.
Қарапайым ғана дінді дұрыс түсіну үшін, қасиетті Құранның бір уақытта емес, 23 жыл бойы аят-аят болып бөлініп түскендігін ескеру аса маңызды. Құрандағы әрбір аяттың түсу себебі, уақыты мен жері әр түрлі болып келеді. Сондықтан аяттардың мағыналарын толық түсіну үшін, олардың түсу себептері мен хронологиялық тәртібін жетік меңгеру қажет. Осыған орай Ислам өркениетінде «илму әсбәб ән-нузул» деген аяттардың түсу себептерін зерттейтін арнайы ғылым саласы қалыптасқан.
Асылында ислам діні қандайда бір практикалық үкімдерді енгізбес бұрын, қоғамның жағдайына қарайды. Оған дәлел Пайғамбарымыз (с.а.с.) Айша анамызға айтқан бір хадисінде: «Егер қаумыңның исламға жақында ғана кіргені болмаса мына Қағбаны бұзып, Ибраһимнің қалаған іргетасына сәйкес қайтадан салар едім», – деген. Яғни арабтар табиғи құбылыстардың салдарынан қираған Қағбаның құрылысын қайта жөндеу кезінде, оны әуелгі Ибраһим пайғамбар қалаған іргетасынан қысқартып салған. Мұны білген Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаның құрылысын орнына келтіруді іштей қалағанымен, арабтар арасында «Мұхаммед қағбаны бұзып жатыр» деген түсініспеушілік туындап, соңы үлкен дауға айналып кетпеу қауіпінен сақтанып, қалауын жүзеге асырмаған еді. Бұл мысалдан Алла елшісінің (с.а.с.) қандайда бір шешім қабылдау барысында қоғамның жағдайын ескергендігін аңғару қиын емес. Асылында қасиетті Құран кітабының бір күнде емес 23 жыл бойы бөлек-бөлек түсуіндегі хикмет – қоғамның деңгейін ескеруде жатыр. Ислам үкімдері бір уақытта түсіп, адамдарға ол үкімдердің бәрін бірдей іске асыру ауыр келмеуі үшін Алла Тағала Құран аяттарын 23 жылға бөліп түсірген. Нақтырақ айтатын болсақ, қоғамның санасын исламға жиырма үш жыл бойы бейімдеген. Атам қазақтың «Мұсылман болу әсте-әсте» деген сөзі де осыдан алынса керек. Ал дәстүрлі емес ағымдағы тұлғалар бір күнде қоғамды толық діндар еткісі келеді. Кейбіреулері ата-ана, ағайын-туыстарын бірден намаз оқымадыңдар деп күпірлікпен айыптайды. Міне осының барлығы, олардың діни түсінігінің таяздығынан туындап жатқанының айғағы.
Біз бұл іс-әрекеттерімізбен исламды насихаттаумен емес, керісінше дінді жеккөрінішті құбылыс ретінде көрсетіп алуымыз мүмкін. Салдарынан адам баласының жүрегін ақиқатқа бұрылмастай етіп қою қаупі бар.
Сонымен қатар қазіргі таңда діни сауаттылықты арттырудың бірнеше жолдары бар. Кейбір азаматтар ҚМДБ-ның мешіт-филиалдары жанынан жұмыс жасайтын сауат ашу курстарын дұрыс деп санаса, жастарымыз интернеттің қолжетімділігі мен ыңғайлылығына басымдық беріп жатады. Тіпті діннің әліппесін аттамас бұрын жамағатшылдыққа бөлініп шекара асып келген арабшылдық пен пантуркизм саясатына, жалған сопылық тариқаттарына басыбайлы бас ұрып жататындар да кездеседі. Бұл жағдайларды қазақтың ұлы ғұламасы Қожа Ахмет Яасауи атамыз:
«...Өтті ғұмырым шариғатқа жете алмадым,
Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым, - деп толғаған.
Бұл да өз кезегінде діннің біріктіруші функциясын теріске шығаруға әкеліп соғуда. Шариғат талаптарын тереңінен оқып-үйренбестен тарихатшылықты ұран етіп жүргендер кешегі шынайы сопылық ұстанымына күйе жағуда.
Қазақта «Үй ішінен үй тікті» - деп суықтан қорғану мақсатында жылулық пен бірлікті сақтау үшін жасалған игі амалды атаған. Ал, өкінішке орай бүгінгі үй ішінен үй тігуші жандар бірлікке сызат түсіріп, елдің берекесін қашыруда. Әлбетте көпке топырақ шашып, қара күйе жағудан аулақпыз. Десек те, дін атынан сөйлегенде абай болайық. Өйткені, қазіргі қоғам сөзіміз бен ісімізді тең таразылап тұрған кезең болып табылатынын ұмытпайық!
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары Медет Халықов
Мұсылман болу әсте-әсте...