Мемлекет заңдары дәстүрлі діннің мүдделеріне қарсы емес.
Мемлекет заңдары дәстүрлі діннің мүдделеріне қарсы емес.
23.02.2018
1125
0

Мемлекет заңдары дәстүрлі діннің мүдделеріне қарсы емес.

   Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге алыс-жақын елдерден дін үйретушілері көптеп келе бастағаны белгілі. Солардың ішінде дәстүрлі бағытты ұстанатындары да, жат пиғылды теріс ағым өкілдері де болғаны әмбеге аян. Уақыт өте келе осының салдары елімізде көрініс беріп жатқаны жасырын емес. Атап айтқанда, қазір көптеген жастар дін үйренеміз деп, әртүрлі ағымдардың жетегінде кетіп жатқанын өздері де сезбей қалуда. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекет тарапынан арнайы діни заң жобасы түзіліп, аталмыш олқылықтың орнын толтырумен айналысып жатқаны құптарлық.
   
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасында бірқатар өзгерістер мен толықтырулардың нұсқасы ұсынылды. Бұл заңнамадағы 1-тармақтың 3-бабында өте маңызы бар мәселелер тілге тиек етілген.Мәселен 3-баптың 10-тармақшасында «Ешкімнің өз діни нанымдарының себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
   
Діни қызметшілер, миссионерлер, діни бірлестіктердің басшылары немесе қатысушылары (мүшелері) болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмiрге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады»,- делінген. Яғни бұл заңнамаға сәйкес ҚР-ның ешбір азаматы өз дінін сылтауратып, еліміздің бекіткен заңдарынан бұлтара алмайтындығы айтылған. Тіпті дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаевтың бұл тармақшаны басты назарға алуы, еліміздегі біршама діни ахуалдың реттелуіне ықпал жасау болып табылады. Өйткені жат ағымдардың жетегіне түскен өз қандастарымыз ҚР-дағы зайырлы заңдарға құрметпен қарамай, жақтастарын жаппай наразылыққа үндейді. Сөзіміз жалаң болмауы үшін бірқатар мысалдар келтірейік.
  
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңнаманың 34-бабында «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп нақты жазылған. Алайда аталмыш заң бойынша елімізде кейбір құқық бұзушылықтар орын алуда. Тіпті 2010 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында  депутат Асхат Бекенов еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық танытып, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытып жатқандарға қатысты үкіметке алдын алу шараларын қарастыруды ұсынған болатын.
   
Елімізде сәби дүниеге келгеннен бастап кәмелет жасқа дейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады. Әрине, бұл екпелердің көбісі «Жұқпалы ауруларға қарсы халықты вакциналауды жақсарту жөніндегі шаралар туралы» заңнамасы бойынша екпе салдыру ерікті болса, ішіндегі бірқатары міндетті болып есептелінеді.
    
Әйтсе де, екпе егуге байланысты қазіргі таңда түрлі пікірлер айтылуда. Екпеге қарсы отбасылар да көбейген. Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты мамандары да қарсы емес. 2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрі болған Салидат Қайырбекова «Республикадағы инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау жүйесінің тиімділігін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растады және Қазақстанды полиомиелиттен және безгектен еркін ел деп таныды», - дей келе екпе мәселесіне де назар аударған болатын.
    
Соңғы жылдары екпе егуге қарсы ата-аналар қатары өсіп келеді. Бұған бір жағынан екпе салдарынан ауруға шалдығатын бала саны өсуде деген пікір себеп болса, екінші жағынан әлеуметтік интернет желілерінде екпеге қарсы діни бейнероликтер, мақалалар мен жаңалықтар жарық көруде. Біздіңше, денсаулық сақтау қызметкерлері вакцинаның қайдан алынатынын, елімізге қалай жеткізілетінін, оның құрамы және денсаулыққа зиян еместігі туралы нақты мәліметтер бергенін дұрыс деп есептейміз. Алайда осы мәселеге діни көзқарасын себеп етіп екпе егуден бас тартып жатқандар да жоқ емес.
   
ҚР Конституциясында «Әрбір Қазақстан азаматы отан алдындағы әскери міндетін орындауы тиіс», - деп жазылған. Алайда, қазір діни нанымын алға тартып, отан алдындағы міндетін атқарудан жалтарушы жастар көбейіп келеді. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде, мемлекеттік органдарда да қызу талқыланып жатыр. Мысалыға «Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің» оқытушысы Гулнар Оспанова отан қорғаудан қашып, әскери борышты өтемейтін жастардың дер кезінде тоқтатылуы керек екендігін айтып дабыл қағуда. Сонымен қатар, генерал-майор Өмірбек Төгісов да қоғамда кездесіп жатқан мәселелер жайында «әрбір Қазақстан азаматының діни нанымына не болмасабасқа дажағдайларға байланысты әскерге барудан бас тартуы дұрыс емес» - деп қорытындылаған болатын.
  
Қорыта айтқанда, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулардың елімізде болып жатқан осындай келеңсіздіктердің алдын алуға және діни ахуалды реттеуге өз септігін тигізері сөзсіз деп білеміз.

ОҚО дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің  дінтанушы маманы

Темирханов Батыржан

0 пікір