Мәзһаб ұстанудың маңызы
Мәзһаб ұстанудың маңызы
06.03.2024
701
0

Мәзһаб туралы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін ол туралы білімнің болуы шарт. Өйткені қазіргі таңда мәзһабтың маңыздылығын насихаттап жүргендермен қатар, теріс ағымды насихаттап жүргендер де аз емес. Бұл жағдайда мұсылман не таңдауы керек? Қай пікірді қолдауы тиіс? Олардың ешқайсысына қосылмай, бейтарап бола ала ма? Осындай сұрақтар адамды ойландыруда. Мұндай күмәннан арылудың бір ғана сенімді жолы бар. Бұл білім жолы. Сондықтан әрбір мұсылманның мәзһаб туралы мәліметі болуы керек. Сол себепті осы мақаламызда келесі тақырыптарға тоқталамыз. Біріншісі – мәзһаб ұстануды тану болса, екіншісі – мәзһаб ұстанудың маңызын ашу.

Алланың елшісі (с.а.с.) тайпалар мен халықтарға есте сақтау, түсіну және шешім қабылдау қабілеттері басымдылығымен ерекшелінетін сахабаларын жіберіп, оларға исламның  тыйым салған және рұқсат еткен ережелерін үйретуді тапсырды. Олардың мәжбүр болған кезде Құран мен сүннеттен анық дәлелдер арқылы ижтихад жасағанына үммет бірауыздан келіседі. Пайғамбар (с.а.с.) олардың бұл әрекетін мақұлдады.

Әбу Дәуіт пен әт-Тирмизиде Шуғбадан (р.а.) келген хадисте бірде Пайғамбар (с.а.с.) Мұғазды (р.а.) Йеменге қазылыққа жіберіп тұрып одан: «Ей, Мұғаз! Егер бір мәселе шықса, немен үкім жүргізесің?» – деп сұрайды. Ол: «Алланың кітабымен», – деп жауап береді. Пайғамбар (с.а.с.): «Егер Алланың кітабынан таппасаң ше?» – деп сұрайды. Ол: «Алла елшісінің сүннетімен», – деп жауап береді. Пайғамбар (с.а.с.): «Егер Алла елшісінің сүннетінен таппасаң ше?» – деп сұрайды. Ол: «Өз көзқарасым бойынша үкім шығарамын әрі одан тартынбаймын», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) қуанып, оның көкірегінен бір қағып: «Алла елшісінің елшісін Алла жақсы көретін және разы болатын нәрсеге бағыттаған Аллаға мадақ болсын!» – дейді.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисі ғұламалардың Құран мен хадистен дәлел таппаған кездерінде Исламның негізгі мақсаттарын ескере отырып және белгілі ереже-қағидаларға негіздеп, өз пікірлерімен үкім шығаруларына, ижтиһад жасауларына рұқсат етілгендігіне дәлел болады.

Әзіреті Пайғамбар (с.а.с.) қайтыс болған соң туындаған жаңа мәселелердің діни үкімін анықтауға мәжбүр болғандықтан, сахабалар Құран мен сүннеттің аясынан айырылмай ижтихад жасауларына тура келді. Әзіреті Омар және тағы басқа сахабалардың көптеген ижтихадтар жасағаны белгілі. Ал сахабалардың кезеңінен кейін ортаға шыққан мәселелерді шешу мұқтаждығы онан сайын артты, әрі осы мәселелер мәзһабтардың туындауына себеп болды.

Басты фиқһ мәзһабтары мыналар: Ханафи, Шафий, Малики, Ханбали.

Мәзһаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.

Мәзһаб ұстану дегеніміз – исламның ішкі мәселелерінен терең білімі жоқ  адамның (дәлелден үкім шығара алмайтын) немесе ижтихад дәрежесіне жетпеген адамның мужтахид ғалымның мәзһабына немесе төрт мәзһаб имамдарының біріне еру.

Жоғарыдағы анықтамадағы ижтихадқа тоқталсақ. Шариғатта ижтихад дегеніміз – дәлелден үкім шығару (истинбат) жолы арқылы жекелеген дәлелден шариғи амали үкімді табу үшін бүкіл күшін жұмсауы. Кімде-кім осы қабілетке ие болса мужтаһид делінеді.

Тақлид дегеніміз – дәлелін білместен өзге бір адамның сөзін айғақ ретінде ұстану. Мәселен, Әбу Ханифаның сөзі бойынша дәретте бастың төрттен біріне мәсіх тарту парыз деу секілді. Мұндай адамды муқаллид дейміз.

Қазіргі таңда бүкіл ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Мұсылмандардың көбі осы төрт мәзһабтың бірін ұстанады. Біздің ата-бабаларымыз ұстап келе жатқан мәзһаб ол – Әбу Ханифа мәзһабы. Кейінгі кезең ғалымдары (халәф), мұсылмандардың белгілі бір мәзһабқа еруі уәжіп деген. Себебі кез келген мұсылман өз алдына Құран мен хадистен тікелей үкім алуға шамасы жетпейді. Сондай-ақ әркім өз білгенімен жүретін болса, онда көпшілік арасында түрлі талас-тартыстар, дау-дамайлар мүлдем тоқтамас еді. Ал енді мәзһаб ұстанбауға келсек.

Мәзһабсыздық дегеніміз – сауатсыз адамның (дәлелден үкім шығара алмайтын) немесе ижтихад дәрежесіне жетпеген адамның мужтахид ғалымның мәзһабына (қандай формада болсада) ермеуі немесе төрт мәзһаб имамдарының біріне ермеу. Мәзһабсыздық пікірі әлемнің түкпір-түкпірінде осы ғасырымызда ғана өсіп, дамып, оның ерушілері мен шақырушыларының саны артып келеді.

Мәзһабсыздық адамдарды көпшіліктен алшақтатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) көпшілікке еруді бұйырды. Бұл күндері әлем халқының төрттен біріне жуығы мұсылман болса, солардың басым көпшілігі сунниттік бағытты ұстанатын мұсылман жамағатын құрайды.

Имам Малик мәзһабын Африканың бірқатар елі, Имам Шафидің мәзһабын Мысыр, Сирия, Малайзия, Индонезия т.б., ал Ахмад ибн Ханбал мәзһабын Парсы шығанағы аймағындағы халықтар ұстанады. Әбу Ханифа мәзһабы негізінен Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан жұртына кеңінен тараған.

Көптеген ғалымдар мен осыншама мұсылман көпшілігіне қарамастан мәзһабсыздық пікірі әрбір егіншіден, жұмысшыдан, саудагерден және т.б. ешкімге (яғни төрт мәзһабтың біріне) ермей, мужтахид болуды талап ету. Осылайша ғалымдар мен мұсылмандардың көпшілігіне қайшы келіп, тіптім өздеріне қарсы шығып, тәртіпсіздік орнатады.

Мәзһабсыздық қарапайым мұсылманның шамасы келмейтін істі жүктейді. Құран мен сүннеттен үкімдерді шығара алмайтын қарапайым мұсылманға, білмейтін сұрағы кездесетін болса, оған Құран мен сүннетке еріп үкімін шығар деп бұйыра аламыз ба? Егер ол араб емес басқа ұлттан болып, араб тілін білмесе ше? Әлбетте олай айта алмасымыз анық. Бұл қарапайым үкім шығара алмайтын мұсылманның шамасы келмейтін ісі.

Мәзһабсыздық талас-тартысқа жол ашады. Ижтихад жасауға шамасы келмеген мұсылман Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтарының бірімен жүрмесе бейберекеттік белең алары анық. Әр адам Құранды өзінше түсініп, үкім шығаратын болса, өзі де адасады, өзгені де адастырады. Сол себебті, төрт мәзһабтің бірін ұстану қазіргі таңда өте маңызды.

Сөз соңын қорытындылайтын болсақ, Зафар Ахмад Усмани (р.а.) өзінің «Иғлаус-сүнән» атты кітабында былай деген: «Ақиқатында, төрт мәзһаб имамдары – һидаят (тура) жолында. Белгілі бір жұртта олардың қайсыбірінің мәзһабы таралған болса, және оның ғалымдары мен кітаптары көп болса, онда ижтиһад етуге шамасы келмейтін (аят және хадистерден өз бетімен үкім шығара алмайтын) адам үшін сол мәзһабқа еру – уәжіп. Өз жұртында кең таралмаған және ғалымдары көп болмаған мәзһабқа еру – дұрыс емес. Себебі мұндай жағдайда аталмыш мәзһабтың барлық үкімдерін үйренуге мүмкіндік табылмайды. Мұны жақсы білу керек.

Егер бір жұртта барлық мәзһаб өкілдері таралып, елге әйгілі болса, сондай-ақ сол мәзһабтардың ғалымдары да жеткілікті болса, онда ижтиһад ету дәрежесіне жетпеген адам үшін өзі қалаған мәзһабқа еруі дұрыс болады».

 

  Бекжан Кашкинбаев

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                       

0 пікір