Мәуліт сөзі араб тілінен аударғанда «туылу, «өмірге келу», «туылған уақыт» деген мағыналарға келіп саяды. Мәуліт Ислам дінінің Пайғамбары Мұхаммедтің дүниеге келген айы. Бұл – дінде әу баста болмаған, кейіннен енгізілген рухани азық алатын ізігілік нышаны. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Бұл қатарға ислам тарихындағы мынадай істерді жатқызуға болады: «Омар заманындағы адамдардың барлығын бір имамның артына жинап, тарауық намазын оқытуы», «Усман ибн Аффанның Құранды жинақтағаны», «жұма намазына екінші азанды қосқаны» т.б. осы секілділер дәлел бола алады.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында мәуліт мейрамы Түркия, Ресей, Сирия, Алжир, Тунис, Марокко, Орта Азия мемлекеттері және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Тіпті, Пәкістанда үш күн ресми мейрам болып табылады.
Мәуліт мерекесі соңғы жылдары еліміздің әрбір бұрышында тойланып, ізгі амалдар жасалып, рухани кемелдікке жетелейтін дәстүрлер қатарына еніп кетті десек артық айтпағанымыз болар. Мәулітті атап өту – абзал амалдардың бірі. Мәуліт мерекесінде қайырымдылық жасап, панасыздарға пана тұрғызып, жүректеріне жылу сыйлап, жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар жасауға болады. Бұл мереке кезінде ислам дініне қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт. Мәуліт мейрамы аясында Пайғамбар туралы, Оның алдындағы ел-жұрттың міндеттері, сүннетті дұрыс сақтау, жалпы халыққа молырақ рухани мағлұмат беріп, діннің діңгектерін түсіндіреді. Расында, бұл дінді көркем түрде насихаттаудың керемет үлгісі, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа, адамгершілікке, үлкенге-құрмет, кішіге-ізеттілікпен қарауға, ата-ананы сыйлауға шақыратын орайлы бір сәт.
Ғасырлар бойы көпшілік, ислам ғұламалары мәуліттің оқылуын бір ауыздан құптап келеді. Арабша мәуліт кітаптарын көптеген ұлттар өздерінің ана тілдеріне аударып, өз тілінде жырлап, дәстүріне айналдырып та үлгірген. Қазақ тілінде де жазылған мәуліт кітабы жоқ емес. Соның бірі және бірегейі белгілі ғұлама Садуақас қажы Ғылмани жазған «Мәуліт» кітабы. Онда Пайғамбар Мұхаммедтің туғанынан дүние салғанға дейінгі өмірі шумақтардан тұратын өлеңге сыйған. Қ.А.Ясауидің атақты «Диуани хикмет» еңбегінде Пайғамбар өмірбаяны кеңінен көрініс тапқан. Мәуліттің кемінде бірнеше шумағын жаттап жүру – өткендердің өнегесі.
Бұрындары ата-бабаларымыз мәуліт мерекесін асыға күтіп, айдың келуіне орай сауабы Пайғамбарға тисін деген ниетпен садақа тарататын, ас беріп, дастарқан жаятын, дастархан басында имам-молдалар Пайғамбар өмірі туралы шумақтар оқып, өнегелі ғұмырынан уағыздар айтатын.
Өкінішке орай, соңғы кездері үй ішінен үй тіккен кейбір азаматтарды байқап жүрміз. Өзінің ойын ғана дұрыс санап, өзгенікін бұрыс санап, тек өз ақиқатына бас ұрып, мынау «ширк», мынау «бидғат» деп ел арасында дүрбелең туғызып, даулығып жүрген азаматтар баршылық. Мұсылмандардың ілімін арттырып, пайғамбар өмірінен ғибрат алып, рухани кемелдікке жетелейтін осындай бір мейрамды бидғат санау, адамгершілікке қарсы іс әрекет. Тіпті, надандықпен пара-бер десек те болады. Ислам ғұламалары арасында Ибн Хажар Асқалани, Хафиз Суюти, Абдулла ибн әл-Хажж, Хафиз әс-Сәхауи, Хафиз әл-Қастәләни, Хафиз Ибн әш-Шәмә, Ибн Хәжәр әл-Һәйтәми сынды т.б. ғалымдар мәулітті атап өтуді құптаған. Сондықтан бұл мерекені рухани кемелдігіне жеткізіп, атап өту ислам дініне қайшы емес.
Осындай берекелі мерекеден бұл жылы Түркістан облысы жұртшылығы да кем қалған жоқ. Облыс орталығы – Түркістан қаласында кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті. ҚМДБ-ға қарасты Түркістан облысы өкілдігінің ұйытқы болуымен, ел есінен кетпейтіндей керемет кеш өтті. Ел-жұртты адамгершілік пен бауырмалдыққа бастайтын сахналық көріністер қойылып, Пайғамбарға арналған мәуліт қазақ тілінде оқытылып, ата-анаға құрмет көрсету жайында сөз қозғалып, қалың көпшілікке ой тастады. Ең қуантатын дүние, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ халқының тағы бір жомарттығына куә болдық. Төрт бірдей отбасыға жаңа пәтер кілті табыс етіліп, қалың жұрттың қуанышына бөленіп, мәуліт мерекесінің мерейін еселеп үстем еткендей болды.
Қорытындылай келе, мәуліт мерекесі адамды адемгершілікке, имандылыққа, бауырмалдыққа бастайтын ізгі жол. Пайғамбардың өнегелі өмірінен сыр шертіп, діннің асыл құндылықтарын дәріптей алсақ, мәуліттің берекелі және меркелі де мейрам болары анық.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім басшысы м.у.а. А.Тағай
Мәуліт – ата-бабамыздың жолына жат емес