Әбу Мансур Мухаммед ибн Мухаммед әл-Матуриди, көбіне Имам Әбу Мансур әл-Матуриди деген атпен танымал Орта Азиялық ғалым. Есімі туылған жеріне яғни, Самарқанд маңындағы «Матурид» қалашығына байланысты қойылған. Матуридидің туылған жылы жайлы нақты дереккөздер жоқ. Алайда, өз ғасырының белді ғалымдарының бірі болғаны анық. Имам Матуриди жайлы Абдулла ибн Мараи: «Әбу Мансур ең мықты дәлелдерді ұстана білген, мұсылмандардың арасында күдік тудырушылардан сақтаушы және дінсіздердің күмандарын тыюшы»[1] , - деген пікір білдірсе, Шейх Абу әл-Хасан ән-Нәдәуи: «Алғырлығымен, терең ойлау қабілетімен ерекше көзге түскен және түрлі ғылымдарды кеңінен меңгерген ойшыл» [2],- деп Имам Матуридидің ілім деңгейін сипаттап берді.
Имам Матуридидің ақида (сенім) мәселесіндегі көзқарастары Имам Ағзам Әбу Ханифаның түсінігімен дәлме-дәл келеді. Себебі, Матуриди Имам Әбу Ханифаның алқалы жиындарына қатысып, білімінен сусындаған Әбу Сулеймен Мұса ибн Сүлеймен әл-Жузжани, Мухаммед ибн Муқатил әр-Рази, Нусайр ибн Яхия әл-Балхи сынды ғалымдардың қолында сабақ алғандығы жоғарыда айтылған мәселені нақтылайды.
Әбу Мансур әл-Матуриди «иман» тұрғысында: «Ақылмен иманды білу, яғни, Раббысын тану керек», - деген пікіріне қатысты Абул фадл әл-Бәлхи «Мунтақа» атты кітабта Имам Әбу Ханифаның: «Аспан әлемі мен Жердің, өзінің қалай жаратылғанына ой жүгіртіп, білімсіздігі себепті Жаратушысын танымаған адамда үзірлі жағдай болмайды. Егер Алланың бар екендігін түсіндіретін пайғамбар жіберілмесе де өз ақылымен Раббысын тану керек»[3], - деген сөзін жеткізді.
Имам Матуриди «Алла Аршыға Истауа етті», - аяты турасында: «Біздің түсінігіміздегі негіз Алла Тағалаға ешнәрсені ұқсатпау. Себебі, Алла өзін жаратылысқа ұқсатудан тыйған. «Алла Аршыға истауа етті» аятында Раббымыз ол аятта нені мақсат еткен болса соған иман келтіру қажетпіз. Сол секілді, Алланы қияметте көру және т.б. мәселелерде Алланың Өзі қалағанындай түсіну керек, біржақты мағына беруден сақтануымыз тиіс»[4], - деген пікірді алға тартады. Сонымен қатар, қияметте Алланы көру мәселесінде Имам Матуриди: «Еш кейіпсіз көрінеді», - деп айтқан.
Бұл мәселеде Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-Уасия» атты еңбегінде: «Хақ Тағаланың Аршыға ешбір мұқтаждықсыз әрі оған орнығусыз истәуә қылғанына иман келтіреміз. Әсілінде Алла Тағала Аршыны да, одан басқаны да сақтаушы әрі оған мүлдем мұқтаж емес»[5], - деген сөзін келтіруге болады. Алланың қияметте көру жайлы Имам Ағзам: «Алла Тағала ақыретте көрінеді. Мүміндер жәннатта өз көздерімен ұқсатусыз, бейне-пішінсіз, шектеусіз (белгілі бір мөлшерсіз) Оны көреді. Сондай-ақ, Хақ Тағала мен жаратылыстарының арасында қандай да бір қашықтық болмайды»[6], - деген көзқараста. Жоғарыда айтылған мәселеге терең үңілсеңіз ұлық имам Әбу Ханифа мен Имам Матуридидің пікірлері бір екендігін байқауға болады.
Бүгінгі таңдағы кейбір азаматтардың Имам Матуридидің ақидадағы көзқарасын «Әһлус сунна» ұстанымына сай емес, «философия» ғылымына жақын деген жаңсақ пікірді ұстанып келеді. Бұл мәселеде атақты мухаддис ғалым әз-Зәбиди: «Әһлус сунна уал жамаа» деп айтылудағы мақсат – Матуриди мен Ашғарилер», - деген көзқарасын білдірді.
Жоғарыда қозғалған тақырыптар бүгінгі таңда қоғамда түйткілді әрі көбіне талқылаудағы мәселелер. Десе де, алдағы уақыттарда Имам Әбу Мансур әл-Матуридидің еңбектерін терең зерттей келе, атақты ғұламаның сенім мәселесіндегі ұстанымы Пайғамбардың (с.а.с) және оның артынан ерген ілім жолындағы ізгілердің түсінігіне сай болмаса, қайшы келмейтініне көз жеткізуге болады.
І.Нағызхан
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
дінтанушы маманы
[1] Фатхул Мубин фи табақат әл-усулин, Абдулла әл-Мараи. 193,194 бет
[2] Рижал әл-Фикр, уад Дағуа, Абу әл-Хасан ән-Нәдәуи. 139 бет
[3] Хаким әш-Шаһид Абул фадл әл-Балхи, «Мунтақа» кітабы
[4] Китаб әт-Таухид, Имам Абу Мансур әл-Матуриди
[5] Имам Ағзам тағылымы, Нұр-Мүбарак баспасы, 2016 жыл
[6] «Әл фиқһул акбар» кітабы
Матуриди бағытының ақидадағы дәлелдері