Мәшһүр Жүсіп мұра
Мәшһүр Жүсіп мұра
11.07.2023
1189
0

Алты алашқа аты мәлім, заманында  наным-сеніміне селкеу түсірмей, сертіне берік болған, ақын, шежіреші, дінтанушы, этнограф, әулие, жаратылысынан жан-жақты, әмбебап – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көкейін тескен көк дүниенесін айтпасқа болмас.

Зұлмат заманда да қазақ даласында бұрын соңды болмаған сұмдық оқиға, зиратты қиратып, сүйекті қорлау, қазақтың болмысына жат, бойында жоқ зар зауал. Солақай саясат болса мұндай содырлықтан селт етпеді. Түлкі боп қашқан заманын, тазы боп қуған Мәшһүрдің шығармашылығынан заманының хәл-ахуалын ұғынуға болады. Оның шығармаларының басты тақырыбы – ұлт еркіндігі, жер мәселесі, содан туатын кедей шаруа тілегі, дін бостандығы, оқу-білім, патшалық тәртіп пен капитализм қайшылығын сынау, революция идеясын жақтау сияқты өз кезеңі үшін мәні бар халытық-демократиялық мәселелер.

Ақынның адам өмірі, тіршілік туралы өлеңдерінен өзі өмір бойы іздеп, көп зерттеген ұлы жырау – Бұқар жрау шығармаларының әсерін сезінуге болады. Абайды әдебиет әлемінде Абай еткен Мұхтар Әуезов, Шоқанды Шоқан еткен С.Мұқанов дейтін болсақ, Бұқар жыраудың жауһар шығармалары бар асылымен мөлдіреп бүгінгі ұрпаққа жетуге барынша мол үлес қосқан адам-Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болып табылады.

Мәшһүр тұлғалық танымға аса маңыз берген. Оның діни көзқарасын, әулиелік қасиетін әзәзілге балап, келемеж еткен. Шындығында, ақынның үзбей өлең жазып, халықты өнер-білімге шақырғандағы түпкі арманы – халықты жаппай сауаттандыруды қалаған еді.

Мәшһүр Жүсіп «Алла құдіреті» атты шығармасында: «Мен Құдайды бір деп білемін, бар деп білемін, күшті деп білемін. Осы үшеуіне нанымым, сенімім күшті. Өзге нәрсеге «Құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық»,-дегендей, көзім көрмей нанбаймын. Құдай қандай өзі не нәрсе? Оны білуге, оны тануға ақыл ойым, зейін пікірім жетпейді. Сонда да: «Танымаймын!»,-деп, тоқтап тұрып қалмаймын. Жаратқан нәрселерінен, Құдайлықпен қылған ісінен барлығын, бірлігін, күштілігін танып тұрсам керек. Көкті, жерді, айды, күнді, жұлдыздарды, тауды, тасты, отты, суды, желді, топырақты, ағашты, шөпті, хайуанатты... бәрін Құдай жаратты»,-деп Алланың құдіреті жайын шебер суреттейді.

Адасып осы күнде қазақ қалды,

Бұрыңғы ата-баба рәсімінен.

Жылқыға керек жерге егін салып,

Жер жыртып мұжық қалмас кәсібінен.

Жойылуға баратын жол тарылған соң,

Айрылды мал да, жан да несібінен.

Зынданда не бір шағбыз қазақ қалды

Ұлықтың қылған зорлық кесірінен,-деп, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы кезіндегі Ресей империалистерінің қазақ халқына жасап отырған зорлық-зомбылығын ашына әшкерелейді. Зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, бас көтергендерді Патша үкіметі түрмеге тоғытты. Бұған ақын «Қазағым оян!» бүкіл мұсылман болып бас қосыңдар, бір тілекпен, бір жүрекпен әділетсіздікке қарсы тұрыңдар!»,-деп елді белсенді күреске шақырды.

Бұл жүз жыл бұрыңғы ақынның жан айқайы. Өз ұлты, оның болашағы үшін қанжылаған оның көз жасы. Замана қыртысына зымияндықпен көз тастаған заманда ақынның жан айқайын естімеу мүмкін болмас.

Басыңнан әрбір түрлі күндер өтті,

Құр жылап екі көзге әлің жетті.

Өзіңді өзіңменен ұстастырып,

Тоздырып, иттей қор қып, быт-шыт етті.

Мәшһүрдің өлең-жырлары көзінің тірісінде-ақ ел арасына кеңінен тарады. Оның шығармаларын Алаш зиялылары жоғары бағалап, ақыл,кеңес сұрап, хат-хабар алмасып тұратын. Бірақ Совет билігі орнасымен қазақтың көп қайраткерлері секілді Мәшһүрдің шығармаларынатыйым салынып, әдебиеттен есімі сызыла бастайды. Соған қарамастан елдің Мәшһүрге деген махаббатына ешкім тоқтау сала алмады. Өшірілмейтін сиямен жазған шығармасы бізге дейін мұра болып келеді.

Ғұламаның айтуынша, «Бала туып, жарық жалған дүниенің жүзіне келген соң, бірінші болып Ай құшағына енеді екен. Ай өзі қандай асығыс болса, жас баланы да сондай тез-тез өсіруге ыңғайлайды. Солай болғаны үшін айтылады: «Бесік баласы бес түлейді»,-деп, бес жылда бес түлейді. Абай атамыз айтпақшы, осы тұста баланың жаны семіреді. Осы кезде бала мейлінше шығармашылық еркіндікте болады. Қазақтың «Бес жасқа дейін балаңды патшаңдай ұста»,-деп баласын тыймай ер­кін ұстауы осыдан болар бәл­кім?! Мұнан кейін ба­ланы өз құшағына Ғытард жұл­дызы алады. Он екі жасқа жет­кенше бағып қағады. Бұл жұлдыз баланы ғылым – білімге, жазушылыққа баулитын көрінеді. «Солай болатұғыны үшін төрт жастан асқан соң, баланы мектепке берудің керегі де сол»,-дейді. Дәл осы сөздерді жазып отыр­ған Мәшһүрдің өзі бес жасында мектепке беріліп, алты жасында Шар кітапты мәнісімен жаттап, жұрт аузына ілініп, көп көзіне түскен. Он екі жастан асқан соң отыз жасқа жеткенше адам баласын Күн құшағына алады. Күн баққан кісісін көзге түсі­ру­ге тырысады екен. «Отыз жас­та көзге түсуге жарамаған, жаман өмірінде түк кеспейді»,-дейді автор. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды»,-деген тәмсіл осыған байланысты болу керек. Отыз­дан асқан соң Мәріх жұл­дызы құшағына алады. Бұл қай­рат, жігер, өткірлікпен алас ұрғызады. Мұнан кейін Міш­тірі құшағына алады. Бұл кү­йініп, түйініп, бай болу, әр нәр­сесі сай болуды ойлатады. Ал­пысқа жеткенше бағады, қа­ғады. Алпыстан асқан соң Зұхәл құшағына алады.«Бұл Зұхәл жұлдызы адамды ойға салып, дүниеге харыс қылады»,-деп Мәшһүр адамның тұтастай ғұмырын бір оймен жеткізеді. 

Түйіп айтқанда, Мәшһүрдің ой-пікірлері мен толғаныстары сол уақыттың көкейкесті өзекті мәселелеріне қатысты сараланды. Ол ұлттық бірлік пен татулыққа, ауызбіршілік халық үшін жарқын болашаққа жол ашатын және бостандық пен теңдікке жеткізетін бірден-бір жол екенін халыққа жеткізген.   

 

Г.Бекжан

Теолог маман    

 

0 пікір