Халқымызда «Өлімнен ұят күшті» - деген нақыл сөз бар. «Ұят» сөзі ұғымы ауқымды, мағынасы терең сөздің бірі. Шариғат тілінде де тағылымы мол ұғымдардың бірі саналады. Қазақта арлы адам үшін ұяттың орны бөлек. Аталарымыз: «Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым» - дейді. Қазақтың бар даналығы шариғатпен астасып жатыр. Сондықтан ұят дегеніміз – адамның мінез-құлқымен сыйыспайтын, жағымсыз істерден адам баласын аулақ ұстайтын, жақсылыққа итермелеп, жамандықтан жирендіретін, бойымыздағы асыл бір қасиет.
Ұят – иман тармағының бір арнасы, ислами мінез-құлықтың бір көрінісі. Кімде кімнің тұла бойында ұят болған болса, ол пенденің ислам жолын ұстануының көркемдігін, дәрежесінің жоғарылығын көрсетеді. Ұят – Алла Тағаланың жер бетіне ақиқатты жеткізіп, үлгі болу үшін жіберілген Пайғамбарларына тән қасиет. Саңлақ сахаба Әбу Сайд әл Худридің айтуы бойынша «Пайғамбарымыз (с.а.с.) бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін. Егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік» - дейді. Ұяттың болуы, яки болмауы – адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі іспеттес. Ұят адамның иманын құнды етіп, жүріс тұрысына өң беретін жақсы сипат. Кісі бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса, демек, тегі таза һәм болмысы пәк деген сөз.
Қазақ халқы «ұят» ұғымын иманның бір парасы ретінде қабыл еткен. Оған жоғарыда келтірген нақыл сөздеріміз дәлел бола алады. Һәкім Абай Құнанбайұлы да өзінің отыз алтыншы қара сөзінде «ұят» ұғымына тоқтала отырып, оның иманның бір тармағы екендігін айтып кеткен. Сонымен қатар бұл қара сөзін жазу барысында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисін де мысалға келтіріп өткен.
«Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен» - дейді һәкім Абай.
Осы орайда шын мәнісінде мұндай хадис бар ма? Сонымен қатар ислам діні «ұят» ұғымына қаншалықты көңіл бөлген? Абай Құнанбайұлы бабамыздың осы бір қара сөзін талдап, тарқатып өтсек.
Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:
إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلاَمِ الْحَيَاءُ
«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі –ұяңдық (ұят)» - деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен.
إنَّ الْحَيَاءَ وَالْإِيمَانَ قُرَنَاءُ جَمِيعاً، فَإِذَا رُفِعَ أَحَدُهُمَا رُفِعَ الْآخَرُ.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» - деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.
Ұят иманның жемісі. Иманы кәміл болған пенденің ұяты да кәміл дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан болар шариғат сусынымен сусындап салт-дәстүрін дінімен ұштастыра білген Абай Құнанбайұлы: «Пайда ойлама – аройла» - деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен.
Имам Муслимнің сахих хадистер жинағында келетін Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
عن أبي هريرة أن رسول الله قال: « الإِيمَانُ بِضْعٌ وَسَبْعُونَ أَوْ بِضْعٌ وَسِتُّونَ شُعْبَةً فَأَفْضَلُهَا قَوْلُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَأَدْنَاهَا إِمَاطَةُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الإِيمَانِ
«Иман алпыс немесе жетпіс тармақтан тұрады. Ең абзалы ләә иләһә иллалла (Алладан басқа құдай жоқ) деп айту. Ең төменгі дәрежесі жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят та иманның бір тармағы» - деп ұятты иманның бір бөлігі ретінде көрсеткен.
Ұят иманның бір бөлшегі дедік. Себебі ұят адам атаулыды жаман іс-әрекеттерден тияды. Мұсылман адамның да иманы зиянды амалдардан сақтайды. Себебі, әрбір муминнің жүрегінде біз Алланы көрмесек те, Ол бізді көріп тұр деген сенім жатыр. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Алақ» сүресінің 14-аятында:
أَلَمْ يَعْلَمْ بِأَنَّ اللَّهَ يَرَىٰ
«Негізінен Алланың көріп тұрғанын білмей ме?» - десе, «Ниса» сүресінің 1-аятында:
إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبً
«Шәксіз Алла Тағала сендерді бақылаушы», - деп айтылады.
Ал, енді «Құдай көріп тұр» деген сөз қазақта үлкен тәрбиелік мәнге ие болған. Әдетте, бір оғаш іс жасап қойған кісі, пәленше сені көріп қойыпты десе, жанып тұрған шам сияқты ұяттан өртеніп кете жаздайды. Расымен де, жоқтан бар етіп жаратқан Құдай сенің әрбір қимылыңды көріп тұрады. Жатсаң да, тұрсаң да, оңаша қалсаң да, көпшілікпен бірге болсаң да сен Оның назарынан тасада қала алмайсың. Міне, бұл – ұяттың негізі.
Әрбір адам бақылануда. Ұят тек жақсылық алып келеді. Даналық кітабында жазылғандай: ұяттан салмақтылық туады, ұяттан байсалдылық туады». Расында, ұят қалай болғанда да кісіге жақсылығын ұсынады.
Өкінішке орай, қазіргі күні көпшілік ұялу керек болған нәрселерден ұялмай, керісінше ұялмау керек нәрселерден ұялады. Алла тағаланың әмір еткен міндеттері мен тыйым салған харам дүниесін айналамдағы адамдардан ұят болады деп ұят сөзін өз орнында қолданбай, ненің не екенін біле алмай жүрген жандардың да жетерлік екені жанымызға батады.
Ұлы ойшыл Абай хакім өзінің жиырма алтыншы қара сөзінде ұятты өз орында қолданбағандар жайлы былай дейді: «Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады, һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі - надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің».
Сонымен қатар һәкім Абай орынсыз ұялуды сынға алады. Бұл жайында біз жоғарыда мысалға келтірген отыз алтыншы қара сөзінің екінші жартысында былай дейді:
«Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық.
Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі - ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар».
Пайғамбар (с.а.с.) жанында жүріп рухани нәрімен сусындаған сахабалар ілім үйрену үшін ұятты қойып маңызды сұрақтарын еш қысылмай сұрайтын еді. Өйткені, білім үйренуде ұялуға жол жоқ. Сұрақты сұрау айып емес, сол мәселені білмеу үйренбеу айып болып есептеледі. Имам Бухаридың сахих хадистер жинағынан жеткен бір риуаятта Айша (р.а.) анамыз былай дейді:
عن عائشة رضي الله عنها قالت: "نِعْمَ النِّسَاءُ نِسَاءُ الأَنْصَارِ لَمْ يَمْنَعْهُنَّ الْحَيَاءُ أَنْ يَتَفَقَّهْنَ في الدِّينِ".
«Ансарлардың әйелдері нендей ғажап, дін мәселелерін үйренуде оларға ұяттары еш кедергі болмады» - деп әйел сахабалардың дін мәселелерін үйренуде үлкен ыждахаттылық танытып ұяттарын шектеп қоятындығынан хабар береді. Бұл хадистің мазмұны жоғарыдағы Абай Құнанбайұлының орынды және орынсыз ұят деген мәселелерімен ұштасып тұрғандай.
Осы бір тақырыбымызды Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Имам Бухаридің сахих хадистер жинағынан жеткен Ибн Масуд (р.а.) риуаят еткен мына бір хадисімен түйіндесек:
إنّ ممّا أدْرَكَ النَّاسُ مِنْ كَلامِ النّبوةِ اْلألَى إِذا لَمْ تَسْتَحِى فَاصْنَعْ ما شِئْتَ
«Адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі: ұятың болмаса, білгеніңді істе» - дейді. Халқымыздан сөз артылған ба? Ата-бабаларымыздан «Ұялмасаң қалағаныңды істе» - деген сөз қалған. Бұл ұғымның да ислам негіздерімен, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерімен астасып жатқанына көз жеткізуге болады.
Бізден алдын өткен ізгілерден болған Фудайл бин Ғияд бақытсыздықтың бес белгісінің бірі ретінде «ұяттың аздығын» айтса, Сирру Сақафи: «Ұят пен адамгершілік жүрек есігін қағады. Жүрек ішінен тақуалық пен діндарлықты көрсе, сонда қалады. Әйтпесе, жөніне кетеді» - деген екен.
Иманның бөлігі болған ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа нәсіл өсіп дамып келе жатқаны ақиқат. Болмашы дүние үшін ар-ұятын саудалап, ұлттық намысын таптап, істеген азғындығын дұрыс деп есептеп, қоғамды лас істермен былғауда. Бұндай арсыздықтан қорғанудың бірден бір жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа өз ұлттық болмысымыз бен рухани мұрамызды, исламмен тәрбие көрген ата бабаларымыздың ұлы жолын әуелі үйреніп, содан кейін өзімізден кейінгі ұрпаққа үйрету әрбір пенденің азаматтық борышы.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары М.Халықов
Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ