Адамның қадір-қасиеті ең жоғарғы құндылықтардың бірі. Сондықтан адам және оның мүдделері біздің елімізде бірінші орында тұрады. Адамның мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты өлшемдерінің бірі. Әрине, мұндай асыл қағида біздің өмірімізде өз көрінісін табуда.
Алла адамды барлық жаратылыстардан үстем және ардақты етіп жаратқан. Ол өзі жаратқан барлық жаратылыстардан артық көрді. Жаратушы Алла барлық тіршілік иелерін адамға бағындырды, тіпті періштелерді де Адамға бас июді бұйырды.
Алла Тағала Құранда айтты: «Расында біз Адам балаларын құрметтедік, құрлықта және теңізде орналастырдық, оларға жақсы нәрселер ұсындық және оларды өзіміз жаратқан көптеген жаратылыстардан артық көрдік» (Исра сүресі, 70-аят).
Біздің еліміздегі барлық реформалардың негізінде адамның мүдделері, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен құндылықтары ретінде танылатынын мойындау жатқанын, біздің еліміздің ең үлкен байлығы біздің жасампаз және толеранттық халқымыз екенін ескеру қажет.
Адамның құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығына біздің Конституциямызда, заңдарда және басқа да нормативтік актілерде кепілдік берілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.
Адам құқығы - қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Кез-келген елдің демократиялық ерекшеліктерін бейнелейтін шарттардың бірі адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін қандай жағдайлар жасалатындығымен де анықталады.
Адамзаттың прогресі, халықтардың әл-ауқаты мен өркендеуі шын мәніндегі жалпы адамзаттық құндылықтардың орнығуымен, демократиялық принциптердің жүзеге асуымен, қоғамды қозғаушы күштерге деген сенімділіктің нығаюымен байланысты. Ежелгі еңбектерімізде біз адамды және оның абыройы мен істерін дәріптейтін жазуларды көреміз. Бүгінгі таңда адам құқықтарын қорғау бойынша бірқатар оң қадамдар жасалуда.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистерінде мүмін туралы: «Мүмін Алланың алдында періштелерден абыройлы және артық», - делінген.
Жамандыққа жақсылықпен жауап беру - дініміздегі ең жақсы амалдардың бірі. Шуғара сүресінің 40-аятында Алла Тағала: «Жаман істің жазасы жаман қылықпен бірдей (яғни, әр жамандықтың өз жазасы бар). Кімде-кім кешірсе және оны түзетсе, онда, әрине, сауап Аллаға тән». Сондай-ақ, Фусуллат сүресінің 34-аятында: «Жақсылық пен жамандық тең емес». Зұлымдықты ең жақсы амалмен тойтарыңыз, яғни дана халқымызда мындай керемет тәмсіл бар, тас атқанға, ас ат деген. Кенеттен саған қастық жасайтын адам адал досқа айналады.
Әрине, зұлымдыққа жақсылықпен жауап беру үлкен сабырлылықты талап етеді. Бұл екі дүниеде де үлкен үлеске ие және жақсы адамдардың ісі.
Шығырай шешеннің мынадай бір өлең шумақтарын айтып өткен жөн болар,
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі, - деп. Осы өлең жолдарымен адам санасына кеңпейілдіктің, көпшілдіктің қандай екенін жеткізген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулыдан өзіне көрсетілген қызмет емес, керсінше өзінің жалпы адамзатқа, осы қоғамға тигізер жәрдемі мен қызметі болатын. Өзі қиналып тұрып, өзгелердің сәлде болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептеген.
Сөзімізді қортындылай келе, осы жалған өмірде қандайда бір жақсы немесе жаман істеріміздің қарымы жауапсыз қалмайтынын біліп, қолымыздан келгенше жығылғанға сүйеу болып, жаман істерге ауыздық болуымыз әр бірімізге міндет екенін жадымызда сақтайық.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д.Аманов
Жығылғанға сүйеніш бол