Рамазан айында ораза тұту әр бір ер және әйел мұсылманға парыз. Жылына бір рет келетін Рамазан айы басталысымен, ауызашар уақыты кіргеннен кейін балалар үй-үйді аралап жарамазан айтып жүргенін көреміз. Бұл дәстүр әсіресе, Оңтүстік Қазақстанның ауылдық жерлерінде жақсы тараған. Ал, Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстанның кей өңірлерінде бұл салт жойылып кеткен деседі.
Жалпы бұл дәстүрді еліміздің кейбір өңірлерінде «Жарамазан» немесе «Жарапазан» деп те атайды. Грамматикалық дұрыс айтылуы жағына келер болсақ арабтың «جاء رمضان» - «Жә-Рамазан» сөзінің дәл нұсқасынан шыққан. Бұл сөздің мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Ол туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарамазан - Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарамазан өлеңін айтады»,-дейді.
Бүгінгі күні кейбір қазақ әдебиеттерінде «Жарамазан» деген түпнұсқасы бола тұра, неге «Жарапазан» деген өзгертілген нұсқасы қолданылатыны белгісіз. Қазақ жұртында осы айда туылған балаларға «Ораз», «Рамазан» деген әдемі есім беру дәстүрі бар, бірақ осы есімдерді әдейі «Опаз», «Рапазан» деп өзгертіліп айтылса, бұл есім арнайы мағынасын жоғалтатындығы белгілі. Сондықтан «Жарапазан» емес, «Жарамазан» деп айту нұсқасы дұрыс. Осы нұсқаны араб және қазақ тілін меңгерген филолог мамандар қолдайды деп ойлаймын.
Жарамазан айту дәстүрі тек қазақ халқында емес, Орта Азиядағы түркі тілдес мемлекеттерінде де кездеседі. Мысалы, Өзбекстанда оразаның бірінші күні қыздар мен ер балалар көршілерін, таныстарын, туыстарын аралап, Рамазан өлеңін айтады. Түрікмендерде де 12 жасқа толмаған балалар осылай өлеңдетіп, түрлі тәттілер алады. Оларда бұл салт «Ярамазан», өзбектерде «Ерамазан», қырғыздарда «Жарамазан» деп аталады. Сондай-ақ, татар, башқұрт т.б. халықтарында жарамазан айту дәстүрі бар. Бірақ басқа мұсылман халықтарында бұл үрдіс байқалмайды. Мәселен, бүгінгі күні Мысыр, Сирия, Ливан. Араб-парсы елдерінде жарамазан жыры жоқ, ал оның түркі тектес көптеген халықтарда ортақ болуының бір сыры – осы ежелгі жанрдың исламға дейінгі мәдениетте ел өмірінде әбден белгілі болғандығының дәлелі секілді. Бұл жайында М.Әуезов: «...қазақ жарамазандарының көбін алсақ... күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкер болуды айтып, көп тәубамен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді», деп жазады. Ғалым Б.Кенжебаев: «Жарамазанда ескі дін қалдықтары да көп. Бақсылардың сарын айтқанда көкке, тәңірге, аруаққа жалынумен бірге «Аллаға», «пайғамбарға», «әулиеге» сиынғаны сияқты жарамазаншы да екі діннің салтын қатар айтады. Жарамазаншының бір өлеңі ислам дінін дәріптейтін мақтау өлең болып келсе, екінші өлең ескі дін турасында айтылатын, Наурыз үстінде, қонақасы бергенде айтылатын бата сияқты болып келеді»,-деп осы жанрдың бойындағы көне қабаттарға назар аударады.
Кейбір риуаяттарға сүйенсек ертеде арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: «Тұрыңдар! Ұлы айдың сәресі ішетін тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Бүгінгі күні бүл үрдіс арабтарда жоғалған, жарамазан айту салтын түркі тілдес халықтары ғана қатаң сақтап қалған. Мұндағы айырмашылық Таяу шығыс елі оны ауыз бекітер алдында айтатын болса, Орта Азия елі ауыз ашардан кейін шырқайтын болған.
Қазақ тарихшылары: «Жарамазан – қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Осы жарамазанның негізгі мақсаты – осы қасиетті айда ислам дінін насихаттау, халықты жақсылыққа шақыру»,-дейді. Осыған байланысты М.Әуезов жарамазанды әнге салып айту үрдісін былай түсіндіреді: «Қазақ ортасына ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Жарамазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарамазаншылар әнге салып айтатын болды»,-дейді. Жарамазан жырауы негізі үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімін үй иесіне арнап, оның жақсы қасиеттерін мадақтайды.
Үйің, үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен!
Кейін дәстүрлі дінімізді насихаттап, адамдарды ізгілікке шақыратын шумақтар өлеңдетіп айтылады:
Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,
Мойынын хақ жолына ұсынғандар.
Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,
Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.
Айтамыз жарамазан ауылыңа,
Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.
Береке, құт әкелсе, Ораза айы,
Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!
Мұхаммед үмбеті айтқан жарамазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
А.Байтұрсынов қазақ елінің жарамазан айту дәстүрін былай баяндайды:«Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады. Жарапазанды балалар мен жастар жиі айтады, дегенмен белгілі бір жастағылар ғана айтуы керек деген талап жоқ. Оны ешкім ерсі деп санамайды. Қайта адамдар жарапазан айтып келгендерге қуанып, батасын алып, оларға түрлі тәттілер мен сыйлықтар үлестіріп береді. Кейінгі кезде ақша да беріледі»,- деп жазған.
Ертеде жарамазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы болып айтылған болса, қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың біріне айналуда. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда, ал бүгінде жастардың басым бөлігі бұл салт-дәстүрді ерсі көреді. Қызығушылықтары басқаға ауған бұл заманда, осы айда көшенің сәнін келтіріп, жарамазанды жарыса айтатындардың қарасы азайды.
Қорытындылай келе жарамазанның шығуына байланысты нақты факторлардың болмауы, Ислам шариғатында бұл мәселе қарастырылмағандықтан оны әліде зерттеу қажет. Алайда Орта Азияда сопылықтың пайда болуы ертедегі сопылық жолын ұстанған бабаларымыздың серпіні байқалады. Жарамазанның пайда болу мәселесіне байланысты дінтанушы Абдуғаппар Сманов: «Жарамазан айту дұрыс па?»,-деген сұраққа: «Бұл кешегі сопылардың айтқан амалы. Адамдардың пейілі қатты болып кеткендіктен ораза айында есігіңді аш, бұл айда жетімдерге көмектес, садақа бер деген мағынада, жүрегі тас болып кеткен адамдарға айтылды»,-дейді.
Жарамазан ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жарамазан айту дәстүрін жоққа шығармайды. Керісінше жарамазан – жақсылық жаршысы деп қабылдайды. Қазақ даласына Ислам дінінің кең таралуына серпіліс берген, кейін тұрмыс-салт жырларының біріне айналған. Ол Ораза айында әнмен айтылып, ел көңілін көтере жүрді. Сондай-ақ, Ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақыруды мақсат етті. Ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарамазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңкке ие болуы қажет.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы А.Дүйсен
Жарамазан айту дәстүрі қайдан шықты?