Жақсы сөз- жарым ырыс
Жақсы сөз- жарым ырыс
23.06.2020
11667
0

Халқымыз қашанда сөздің адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің нарқына және қай жерде қалай сөйлеуге айрықша мән берген.

«Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы лебіз – жарым ырыс», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар», – деген сияқты мақалдар сөз құдіретінің ажыратушы және біріктіруші күш екенін, сөйлей білудің орасан зор маңызын танытады.Мұның барлығы ата-бабадан қалған асыл сөздер.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла Тағала боқауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді», – дейді.Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»,– деп те бұйырған.

Пенде тілінің маңызды қызметі Жаратушы Алла Тағаланы еске алып, мадақтау, шүкір айту, мәні бар жақсы сөз сөйлеу. Жаратушы Жаппар Иеміз Құран Кәрімде көптеген аяттарда ескертеді. Мысалы, «Ахзаб» сүресінің 70-аятында: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер», - деген. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Жақсы сөз – садақа», - деп тектен-тек айтылмаса керек. Дінімізде орынсыз сөйлеуге тыйым салынған. Орынсыз сөйлеу, мағынасы жоқ әңгіме айту мұсылман кісінің иманын әлсіретеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны жәһәннамның түбіне лақтырады», – дейді.

Сахаба Муаз бин Жәбәл: «Уа, Алланың Елшісі! Сөйлеген сөзіміздің барлығына жауап береміз бе? – дейді. Сонда хазіреті Пайғамбар (с.а.с): «Адамдардың мұрындарымен жер сүзіп, тозақта азапталуының басты себебі, осы тілдің кесірі», – деп жауап берген. Сондықтан, абайлап сөйлеу – ақылдылықтың, имандылықтың белгісі.

Тіл Алла Тағаланы зікір ету үшін берілген. Сондықтан, Алла Тағаланы мадақтап, ұлықтайтын сөздерді айтқан сайын жүрегіміздегі иләһи нұр күшейе түседі. Ал, бос сөздер айтып, қылжақтау жүректің нұрын сөндіреді. Хазіреті Омар (р.а.): «Кімде-кім көп сөйлер болса, көп қателеседі. Көп қателесу күнәнің көбеюіне себеп болады. Ал, күнәһар адамның барар жері тозақ қана», – дейді.

Адамның сөзі мен ойының басқа адамдар мен жанды нәрселерге, сондай-ақ өсімдіктерге әсерін зерттеумен айналысатын жапон ғалымы Эмото Масару  3 стаканға күріш пен су құйып бір ай көлемінде зерттеу жүргізеді. Бірінші тұрған стаканға жақсы сөздер арнаса, екіншісіне тек былапыт, боғауыз ал үшінші тұрған стаканға ештеңке демейді. Бұл әрекетін күн санап қайталайды. Нәтижесінде бірінші үнемі жақсы сөз арнаған ыдысындағы күріш пен су керемет жағымды иіске енсе, керсінше боғауыз сөз арнаған құтыдағы күріш пен су қарайып жағымсыз қолаңса иіске, ал назар аудармаған үшінші құты көгерген қалыпқа енеді. Ғалым Эмото Масаруадам сөйлеген кезде өзінің ойын басқаларға жеткізіп қана қоймай, айтқан сөзінің жақсы не жаман мағыналы болуына орай пайдалы не зиянды ақпараттық толқын тудыратынын мәлімдеген. Ғалымдар балағат және жағымсыз мағынаға ие сөздердің радиация әсері секілді адам генінің мутацияға ұшырауына себепкер болатынын, ал ол өз кезегінде ағзаның қартаю процессін тездетіп, түрлі психикалық және тән ауруларының пайда болуына ықпал ететінін анықтаған. Ал, жақсы мағынаға ие, қайырымды-мейірімді сөздер, дұғалар, тіпті кейбір әдемі өлең-жырлардың өзі көптеген кеселдерді емдеп, адамға жағымды ықпал етіп, ағзаның қартаю процессін тежейді екен.

Ресей Ғылым Академиясы кванттық генетика интитутының ғалымдары да балағат және бейәдеп сөздердің жағымсыз салдары туралы біраз зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, айтылған сөздердің электромагниттік тербелісі ДНҚ молекуласының құрылымына тікелей әсер ететін болып шықты. Егер балағат және жағымсыз сөздер айтылса, ДНҚ молекуласы осы сөздерді қабылдайды және қабылданған әсердің тым артық әрі жағымсыз болуынан «теріс программа» немесе «өзін-өзі тарату (самоликвидация) программасын» іске қосады. Демек, өзін-өзі күйретуге, бүлдіруге бағытталған үдерістер басталады. Осылайша ақпараттардың үнемі күйреп, бұрмалануы, өзгеріске ұшырап тұруы ДНҚ-ның құрылымын сау күйден ауру күйге душар етеді. Демек, жағымсыз, ғайбат сөздер радиациялық сәулелігі мың рентгенге тең келетін мутегендік әсер береді. Бұл дегеніміз денсаулығымыздың зиянға ұшырап жатқандығынан хабар береді.

Қорытындылай келе: ДНҚ құрылымына айтылған да, естіген де сөздер тікелей әсер етеді. Жақсы сөз жанды жадыратады. Позитивті мағынада айтылған әр сөз жағымды әсер қалдырады. Жалпы алғанда, айтылған сөздердің позитивті және негативті әсерлері бар екені бағзы заманнан бері белгілі. Медицина ғылымы жақсы дамымаған заманда халық дауаны дұғалар мен жақсы тілек сөздерден тапқан. Ал, әдепсіз және балағат сөздерді айтудың өзін қарғыс деп есептеген. Тіпті, сол заманда адамдардың ойында балағат сөздерді айтудың дұрыс еместігі туралы  болжамдар болса, бүгінде ол сөздердің зияндығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр.Хз. Пайғамбардың (с.а.с) «Құлдың жүрегі түзелмейінше, иманы түзелмек емес. Сол себепті, не ойлап жүргеніңізге, қандай кітаптар оқып, қандай ақпараттар қабылдап жатқаныңызға,  айналаңызға қандай сөздер айтып, қандай сөздер естіп жүргеніңізге аса мән беріңіз.  Өміріңізді жақсарту да, құлдырату да өз қолыңызда!

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын

зерттеу» бөлім маманы    Ж. Жорабек

0 пікір