Әдетте адами мінез, мәдениетті сөйлеу, қай нәрсені де ақылмен шешу турасында айтамыз да, ал өз бойымыздағы жаман әдет туралы айту тыс қалып жатады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады»,-демекші, адам – өз ортасына тез бейімделгіш, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатын болмыс. Осы орайда жағымсыз әдеттен арылудың жолдарын сөз ету әңгіме етуге тұрарлық мәселе.
Жай уақытта адам өз бойындағы кейбір кемшіл тұстарды біле бермейді. Соның негізгісі адамның бойындағы сырт көзге оғаштау көрінетін жаман әдеттер. Жаман әдет дегеніміз – сырт көзге ұнамсыз болып көрінетін, адамның жеке басына, соның ішінде беделіне кері әсерін тигізетін, соңы көп жағдайда зор өкінішке ұласатын аса жағымсыз қылықтар. Айталық, темекі шегу, арақ ішу, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, біреудің сыртынан мысқылдап күлу, қолын сұғанақтықтан тыймау, және тағы басқа. Мұндай жаман әдеттің зардабы көп. Ол үшін өзіңе сын көзбен қарауды күшейтіп, шайтанның азғыруына жол бермеудің амалдарын жасау да маңызды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша жылына сегiз литр алкоголь пайдаланған жан дені сау адам деп есептелмейді. 2005 жылы әлем бойынша үздіксіз есірткі пайдаланатын 52 миллион адам тіркелген. Бұл ғаламшар тұрғындарының бір пайызын құрайды. Ал 2008 жылғы мәліметке сүйенсек, олардың саны жүз миллионға жетіп үлгеріпті. Ғалымдар ұл балалардың 55 пайызының, қыздардың 82 пайызының ағзасы героинды алғаш қолданғаннан кейін-ақ оған тәуелді болып қалатынын айтуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша жол апаты жағдайларының басым бөлігі ішімдіктің кесірінен көрінеді. Орыстың әйгілі физиологы И.П.Павлов 20-30 грамм арақ немесе бір саптыаяқ сыра 10-40 минут ішінде адамның ойлау қабілетін 17 пайызға төмендетінін дәлелдеген. Маскүнемдікке шалдыққандардың 60-70 пайызының балалары да алкогольге бейім келетін болса, маскүнем аналардан туған нәрестелердің 12 пайызының миы дамымай, жарымес болып қалады.
Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Ғалымдардың айтуынша, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесінде.
Бүгінгі күні қоғамдық індет болып отырған бұндай кеселдердің бәрі де о баста жаман әдетті жұқтырудың салдары екені белгілі. Өйткені, жаман әдетке бір берілген адам маңдайы тасқа тиіп, аяғымен шоқ баспай ештеңені бағамдай алмайды. Бұл тұста «Жаман дағдыдан құтылу қиын. Қанша қиғаштық болса да жалғаса береді. Жақтырмау, ұнатпау, қаламау, ашулану – бәрі жиылса да оған ешкім ештеңе істей алмайды. Ол тіпті қорлық пен жек көруге де шыдайды»,- деген Гетенің сөзінде шындық бар десекте болады.
Көп жағдайда біреулер айтар сөзіне жаман ауыз сөзді де қосып айтып жатады. Әрине, ол адамның өзіне біліне қоймас. Алайда аузы балағат сөзге үйренген адам да сыртқа өз тәрбиесіздігін байқатады. Бірақ ол – нашар әдет. Осындай жаман әдет туралы айта берсек жетіп артылады. Ал сол сияқты мақтаншақ адам да әңгімесінде шамадан тыс мақтанып тұрғанын сезіп тұр ма екен деген ойда боласың. Мақтаншақ адам өтірік айтуға бейім келеді. Себебі ол адам мақтану үшін айтар әңгімесі азайып, өтірік айтуға мәжбүр болады екен. Ал «Өтірікшінің шын сөзі зая»,-демекші, үнемі өтірік айтатын адамның шын сөзіне де халық күмәнмен қарап, сенбейтін болады. Осылайша жаман әдеттер бір-бірімен жалғасын таба береді. Адам бұл жаман қасиеттердің бойына терең сіңіп бара жатқанын сезбей де қалады.
Нашар дағды – тәрбиесіздік пен мәдениетсіздіктің көрінісі. Ол – адамның абыройын төгіп, көп жерде ұятқа қалдырады. Жаман әдеттің соңы неге ұрындыратынын байыптап, тигізер зардабын жақсы білу керек. Жаман әдеттен құтылу уақыт өткен сайын қиындай түседі. Бұл жөнінде бұрыннан келе жатқан мына бір ғибратты әңгіме бар.
«Адам баласы осал жаратылды»,-деп Құранда («Ниса» сүресі, 28-аят) айтылғандай, әр адам өзінің осал тұстарын жақсы білуі тиіс. Яғни, «Мен қателеспеймін» деген ойдан барынша аулақ болуы керек. Мұқағали ақынның:
Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы.
Аңдамай басып,
Сүрініп кетсе болғаны,-деп жырлағанындай, өмірде сүрініп кетудің аяқ асты екенін үнемі қаперде ұстап, иманын күшейтіп, өзіне үнемі құдіреті шексіз Аллаһтан медет, жәрдем тілеп жүруі қажет.
Нақты айтқанда, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өмірлік ұстаным. Өйткені, дағды – адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Жаман әдетке бойұсынған адам өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер сый-құрмет пен абыройға бөленеді.
А.Борибекова
Теолог маман
Жаман әдет жақсы ат әпермейді!