Қара сөздің парқын білген қазақ нақыл сөзге кенде емес. Тарихтың тарам-тарам жолдарында өткеннен із болып сақталған ұлы сөздер бүгіндері әр қазақтың жүрегінде болуға тиіс. Шешендік пен даналық – жұмыр басты пенденің бәрінің бірдей бойына дари бермейтін дарын. Осындай ғажайып дарын иелері ел басына күн туған шақта шашыраған қазақты бір тудың астына жинап, есігі мен бесігін түзейтін ерлеріне ерен сөз айтты. Қасиетті сөздің қадірін ұғынған жан үшін олар тек сөз ғана айтпады. Олар алтыннан да құны жоғары, оты сөнбес ғұмырлық нақыл айтты. «Он күнәнің тоғызы – тілден» деген аталы сөзді талай рет естідіңіз.
Адам бір өтірікті жабу үшін, он өтірік айтуы мүмкін. Бұл нағыз өтірікшінің әрекеті. Алайда белгілі себептермен айтылған өтірікке жеңіл-желпі қарай салуға да болмайды. Бұл жаман әрекеттің қайта қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Атам қазақтың «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» дегеніндей, не де болса өтірік сөз бен өтірікшіден бойды аулақ ұстаған жөн. Себебі өтірікші мен өсекші егіз.
Медицинаның атасы Авицена (Ибн Сина) «Дәрігердің үш қаруы бар: біріншісі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деп орынды айтқан. Жақсы сауатты, тәжірибелі, инабатты дәрігер әр науқастың тілін тауып, көңіл күйін дөп басып, жылы сөздермен өзіне тартып, оның өзіне деген сенімін арттырады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазекем бекер айтпаған. Абайсызда ойланбай артық, орынсыз айтылған сөз сырқат көңіліне қаяу түсіріп, ауруын асқындыруы әбден мүмкін. Сондықтан жақсы сөз, жылы сөз дәрігердің емдеу ісінің бір құрамы екенін есте ұстау керек. Сөзбен адамды емдеуге де болады, сөзбенен адамды «өшіруге» де болады. Кезінде орыстың ғалым-дәрігері Н.Петров «Дәрігер ауруға өзінің білгенін ғана бермейді, ол сонымен қатар өзінің жақсы ішкі сезімдерін, жүректегі сезімталдығын береді» деген екен. «Ақ көңілдің белгісі – расын айтып, ыржиған. Пітнә көңіл белгісі – құпия сөйлеп, құнжиған» демей ме Қашаған Күршіманұлы! «Турасын айтып, туысқаныңа жақпайсың» деген қазақтың тағы бір сөзі бар.
Қазіргі адамдардың мінез-құлқы, психологиясы, қазіргіше менталитеті мүлдем өзгерді. Өтірік айту, дәйексіз есеп беру, жағымпазданып жалған сөйлеу, құр негізсіз бірімізді-біріміз мақтау өміріміздің ажырамас серігіне айналып, тіпті қанымызға сіңіп кеткендей үйреншікті әдетке айналды десек қателеспейміз. Мысалы, тойға барғанда той иесіне арнап айтылып жатқан тілектерге құлақ түріңізші, жарыса мақтағанда оны айға жеткізіп, көңілін көкке көтеріп, құдды бір аса керемет, данышпан, аса қасиетті, қайталанбас тұлғаға айналдырып жіберетіні кездеседі. «Сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады», – дейді қазақ. Сөз қадірін білетін саналы жанға бұл да бір сабақ.
Мына оқиғада тәлім берерлік дүние бар: Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен. Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?»- дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені – басқа бәле қайдан келеді»,- деген жұмбағы еді, менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа бәле қызыл тілден келеді дегенім»,- депті. Көріп отырғанымыздай ұлттық құндылықтарымыз ешқашан діннен алшақ болмаған. Мысалға «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дейді дана халқымыз.
Бөкен бидің өзі Сырымға қойған сұрағы мен жауабы туралы хадисте былай дейді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге былай деп ескертеді: Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорқатын бол, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи).
Көпсөзділікке берілген кейбіреулерді көргенде күрсінесің. Көп сөйлеу адамды жексұрын қылып көрсететінін түсінесің.
Адам күнәні тілмен де жасайтынын ескерсек, көп сөйлеу сол тілмен жасалатын күнәлардың санын арттырады. Пайғамбарымыз (с.а.с): «Үндемеген үлкен бәледен құтылады, ал көп сөйлегеннің күнәсі де көп болады» деген.
Қорытындылай келе Абай атамыз 13 қара сөзінде «ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын – деп бекер айтпаса керек. Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас – деп айтуда мән бар.
Қазақтың ақын-жыраулары, шешендері мен күйшілері қалдырған мұраларға көз жүгіртетін болсақ, олардың ең алдымен келер ұрпақ болашағы үшін, тәлім-тәрбие ісіне көбірек көңіл бөлгені байқалады. Ал тәрбиенің өзегінде қашан да имандылық, адамгершілік құндылықтар жататын болған. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Әл-Фараби бабамыз айтқандай «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы».
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев
Жалған сөз жанға қас