Қазіргі таңда қазақ халқының рухани құндылықтарын қайта тірілту, рухани тұрғыдан түлеу халықтың басты ұстанымына айналды. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру идеясының аясында өрістеп отыр. Қазақ халқының рухани құндылықтарын жаңғыту мәселесінде Ислам дінінің алатын орны ерекше. Ислам діні – жалпы адамзат баласына имандылық пен адамгершілікті, адалдық пен татулықты, мейірімділікті түсіндіру үшін жіберілген дін.
Ислам діні зұлымдықтан – мейірімділікке, надандықтан – ізгілікке, жамандықтан – жақсылыққа жетелейтін дін. Имандылыққа баулитын, ізеттілікке үйрететін, бейбітшілікке бастайтын Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің алар орны бөлек.
Құран тілі болып табылатын араб тіліндегі «Ислам» сөзі – «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, ислам – бейбітшілік діні деген сөз. Мұсылмандар кез-келген әрекетін «Бисмилләһи-р Рахмани-р Рахим» сөзімен бастайды. Мағынасы «Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын» дегенді білдіреді. Демек бұл сөз Ұлы Жаратушының мейірімді екендігін баян етеді және бізге де мейірімді болуды міндеттейді. Ислам діні бейбіт болудан, мойынсұнудан, мейірімділіктен басталады. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) адамдардың ішіндегі ең мейірімдісі, Алланың сүйікті құлы әрі адамзатқа Алланың тура дінді үйрету үшін жіберген елшісі. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі -107), – делінген. Құранда бейбітшілік деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Өйткені, Құран ең алдымен ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттайды.
Ислам діні - ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық, моральдық, адами қасиеттерімен ғана дәрежелері бірінен-бірі жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді.
Ислам діні мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де қарсы келетін, зорлық-зомбылықтың, лаңкестіктің барлық түрлерін қолдамайды. Дініміз барлық адамзатты бейбітшілікке, достыққа, әділеттілікке шақырады. Бұл қағида Құранда: «Анығында, Алла (адамдарды) әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды. Тағылым тыңдасын деп насихат береді, мүмкін сіздер ес жиярсыздар» («Наһыл» сүресі, 90-аят), – деп баяндайды.
Қасиетті Құранда: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал»( «Майда» сүресі, 2-аят) деп, Алланың тура жолымен жүруге, иманнан таймауға, игілікке бастауға, ынтымақта болуға, қайырымдылыққа, шапағатқа шақырады, жамандықтан сақтандырады. Сөйтіп, ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге байлап, адамға қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Ислам діні мұсылмандарға басқа дін өкілдерімен бейбіт қарым-қатынаста болуға әмір етеді. Құранда: «Егер олар, бейбітшілікке бейімдесе, сонда оларға сен де бейімде. Әрі Аллаға тәуекел ет. Күдіксіз Ол, толық естуші, аса білуші. Ал егер олар сені алдауды ойласа, шынында Алла саған жетіп асады. Өйткені, Ол сондай Алла, сені өз жәрдемімен және мүміндер арқылы қолдады» («Әнфал» сүресі, 61-62 аяттар) деп көрсетілген аяттың мазмұны соған меңзейді.
Ислам діні мұсылмандарға басқа діндердің өкілдерімен өздігінен соғыспауға, қайта сәті түссе, олармен одақтас болуға шақырады. Құранда: «Алла дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла турашылдарды жақсы көреді. Шын мәнінде Алла сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар» («Мумтәхинә» сүресі, 8-9 аяттар).
Қазақ халқының ислам дінін қабылдап ұлттық құндылықтар ислам негіздерімен қабысып, имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ислам дінінің имандылықтың айқын белгілерінен болып табылады. Әдет-ғұрып – ислам діні тараған елдер арасындағы халықтық дәстүрлі құқығы. Ислам құндылықтарымен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды.
Ислам діні – басқа діндермен келісім мен ынтымақта өмір сүруге шақырады. Барлығына бірдей қарап, толеранттылықты насихаттауда алғашқылардың бірі болғандығына – тарих куә. Басқаларға қатысты әділеттілікті таныту – исламның негізгі қағидасы.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ бөлім маманы Өтеген Бердуәлі