Ислам бейбітшілікті қолдайды
Ислам бейбітшілікті қолдайды
29.11.2021
664
0

«Ислам» сөзі араб тілінен қазақшаға аударғанда тыныштық, бейбітшілік, қауіпсіздік деген мағыналарды білдіреді. Ислам діні адамдардың татулық пен ынтымақта болуын, жалпы әлемге бейбітшілік орнатуды мақсат ететін дін. Ислам  діні – адамзатқа жіберілген ең соңғы кемел дін. Осындай қасиетті дінді қазақ халқы ежелден дәстүрлі дін етіп ұстанып, татулық пен ынтымақта өмір сүріп келген.

Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Елінің экономикасын дамытып, халқының қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым ты­ныш­тықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал ұрпағы­ның амандығы келешегінің кемел­дігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қоғамдастық бейбітшілікті жал­пы адамзаттық құндылықтар қата­рына қосып отыр.

Ислам діні кез келген терроризм, діни экстремизм, бүлік, іріткіге тосқауыл болады. Діни экстремизімнің алдын алатын бірден-бір жол – ол, діни білімділік, саяси салмақтылық және өзіміздің ынтымақ-бірлігіміз болып табылады. Ислам жолы бүкіл болмысымен соғыс, басқыншылық, арандату атаулыға мүлдем қарсы. Исламда адам баласына залымдық жасау ауыр қылмыс саналады.

Ислам діні әлемдегі барлық адамдардың тыныштығына, бірлігіне, жүректерінің тазалығына негізделген. Ислам дінінде бейбіт жағдайдағы адамдарға ажал құштыру былай тұрсын, масаны жазықсыз өлтірген кісіге де ауыр жаза бар. Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен тең», – деп баяндалған.

Ислам діні де жер бетіндегі халықтардың ізгі жолда жүруін қалайды. Сондықтан, ислам әлеміне жат пиғылын көрсеткен теріс ниеттілердің қадамы ислам дінінің ұлағатты бағытына қарама-қайшы. Жер жүзіндегі халықтарды ізгі қасиеттер, өзара дұрыс түсіністіктер сақтайды. Сол ізгіліктің түпкі мәні асыл  ислам дінінде жатыр. Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктерi бар. Eң басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді.

Күллі адамзаттың жан жүрегінде өріліп, өріс тапқан бейбітшілік ұғымы жайлы Исламдағы басты тетіктерге тоқталып өтелік. Бейбітшілікке шақырудың ең басты факторы – елдің ынтымағы мен бірлігі болса керек. Жарасты ынтымақ, ұйыған бірлік болған жерде ғана бейбітшілік туралы айтуға болады. Бейбітшілікті сақтаудың келесі факторы - әділдіктен айнымау. Әділетсіздік елдің арасына іріткі салып, берекесіздікке ұшыратады. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне осы бейбітшілікті орнату үшін жіберілген. Құранда бұл жайлы: «Біз сені әлемдерге тек мейірім етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 21/107-аят), - деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттап келеді. Бейбітшілікке шақырудың келесі бір факторы адамдардың бір-біріне кешірімді болуы. Өйткені кешірімді болу адамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайта түседі. 

Сонымен, ислам дінінің жақсылыққа жолбасшы, бейбітшілікке қолбасшы болуының сыры - оның өміршеңдігінде, адамзатты мойындатқан асылдығында. Құранда айтылған бейбіт өмір сүрудің қағидалары мұнымен шектелмейді. Ислам дініндегі осы құндылықтарды әрбір адам баласы бойына сіңіре білсе, қазақ даналығындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш, бейбіт заманның орнауы хақ.

  

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ

теолог маман                   Б.Абдрахман

 

0 пікір