Ислам – бейбітшілік пен тыныштық діні
Ислам – бейбітшілік пен тыныштық діні
28.02.2023
780
0

Ислам сөзі – араб тілінен аударғанда амандық, есендік, мойын сұну, бағыну, берілу ұғымын білдіреді. Яғни ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік»,-деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Бұның нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар санының артуы қуантса, енді бәз біреулер үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасында ірткі салып, қасиетті Құран мен хадистерге кайшы ic-әрекеттері арқылы ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүрген ислам атын жамылған діни ағымдардың белсенділігі зиянын тигізуде.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтағандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайлықпен қарым-қатынас жасауды бұйырады.

Хазіреті Пайғамбар исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафықтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білетін. Бірақ осыны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жазаламады. Омар қаншама рет мунафықтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Пайғамбар мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Пайғамбар (с.а.с.)  көйлегін береді. Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар (с.а.с.)  өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жетткізді.

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер»  (Бақара сүресі, 217-аят).

Пайғамбар (с.а.с.)  бір хадисінде былай дейді:«Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба?- деді. Сахабалар: Иә, Я Расулуллаһ!- десті. Пайғамбар: Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады,-деді».

Екінші халифа Омардың тұсында ислам әлемі етек жайып, көптеген жерлер халифа билігіне қарайды. Сол жерлерді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүре білді. Палестина аймағын басып алғаннан кейін, ондағы тұрғындар мен Омар (р.а.) 637 жылы былайша келісім шарт жасайды: «Бұл Алланың құлы, мұсылмандардың әміршісі Хаттабұлы Омардың Илиа халқына берген қауіпсіздік қағазы. Олардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулеріне ешкім тұрғын үй есебінде жасамайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді».[Жолдасов Абдулла, Әділетті төрт халифа, Шымкент, 72-73 бет] 

Міне осындай бейбітшілікпен қоғамды басқарған ислам әлемінде өзге дін өкілдері мұсылмандардың тілеуін тілейтін сәттердіңде болғандығын тарихтан білеміз.

Сөзімізді түйіндей келе ұғуымыз керек Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады.  Сол себепті біздерге нәсіп болған тыныштықты сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін».

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы                                                                                    Д. Амановф

0 пікір