Дін – кез-келген ақыл иесін дүние және ақыретте нағыз бақытқа жеткізуші иләһи жүйе. Барлық діндердің түпкі мақсаты – адамдардың жан тыныштығын, жүрек қалауын қамтамасыз ету. Себебі діннің қоғамда атқаратын қызметі, функциясы адамдардың бейбіт өмір сүруін сақтау. Асылы Құдайдан жіберілген діндер саны төртеу. Ең жасы әрі кітабының үкімдері ақыретке дейін сақталатын дін – ислам діні. XXI ғасырда жер бетінде 8млрд жуық адам болатын болса 1,5-2 млрд адам ислам дінін ұстанушы мұсылмандар қатарында.
XX ғасырдың аяқ тұсынан бері көптеген оқиғалар ислам атын жамылумен байланысты болып кетті. Түрлі экстремистік террористік іс-әрекеттер, ғимараттарды жару, адамдарды қасиетті тәкбірді «Аллаһу Акбар» деп ұран салып, айқайлап қойша бауыздау белең алып көптеген шетел азаматтарының ислам дініне деген ашық қарсылығына ұшырауда. Тіпті ашықтан-ашық қасиетті Құран Кәріммен исламның жасыл түсті жалауын отқа жағып Пайғамбар Мұхаммедті (с.а.с) мазақ етіп әжуалаған карикатуралар жасалынды. Ислам діні десе – үрке қарап, шошитын жағдайға жетіп, ақыр соңы ислам дінін жеккөретін болып кетті. Соңы 2011 жылдан бері қарай ежелгі Шам аталған қазіргі Сирия жеріне адамдарды жынысына, ұлтына, дініне қарамастан «жиһад» деп ұран салып елде болып жатқан азамат соғысына шақыруда. Осындай себептерге байланысты түрлі қылмыстық іс-әрекеттер ислам дінінің атына қара күйе болып жағылуда. Бірақ бірлі-екілі немесе бірнеше топтардың исламды қаралауы көптің ойы болмасы анық. Себебі ислам діні мұндай озбырлық, зұлымдық істер үшін келмегені баршамызға белгілі.
Миләди жыл санауы бойынша 610 жылы Мекке қаласында адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.с) алғашқы уахидың келуімен жер бетінде Мекке шаһарынан бастап азғындық іс-әрекеттер тоқтай бастады. Надандық дәуірінде өмір сүріп жатқан арабтар қыз баланы тірідей көмуді тоқтатып, қоғамда әйел адамның орны белгіленіп мұсылмандар аңсайтын жәннәтті ананың табанының астына салып берді. Ғылым-білімде үлкен төңкерістер жасап алғашқы аурухана, университет, мектеп, обсерватория секілді түрлі жетістіктерге жетті. Құранды зерттеу, оқу арқылы түрлі жаңалықтарды ашқан мұсылмандардың діні – ислам деген не? не нәрсені жасап, нендей нәрсені жасамаңдар дейді, сол туралы пікір білдірсек.
Ислам – бейбітшілік, тыныштық, сәлем мағыналарын білдіретін араб сөзі. Сол себепті екі мұсылман кездессе «Ассалаумағалейкум» (Алланың сәлемі мен есендігі саған болсын) «Уағалейкум ассалам» (сағанда Алланың сәлемі мен есендігі болсын), деп қол алысып төс қағыстырып жатады. Өзге түгілі өзіңе зиян беруді қаламайтын Құран Кәрімнің Бақара сүресі 195- аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер...», -деп бұйырады. Бір күні Алла Елшісінің алдына бір адам келіп: «Мұсылман деген кім?», деп сұрақ қояды. Тиісінше пайғамбарымыз (с.а.с) былай деп жауап береді: «Өзгеге тіліменде ісіменде зиян бермеген адам», -деп жауап берген екен. Тағы бір хадисінде мұсылмандарға қарата былай деп бұйырады: «Егерде қандай да бір жамандық көрсең қолыңмен түзет, оған шамаң жетпесе тіліңмен түзет, оған да шамаң жетпесе шын жүрегіңмен жек көр. Бұл иманның ең әлсізі», деп – жамандық жасамақ түгілі ондай оқиғаны көрсең тоқтатуға тырыс деуде.
Ислам діні мұсылмандарға өзге дін, өзге ұлт өкілдеріне теңдей қарауды бұйырады. Олардың құлшылық орындарын бұзбай, олармен жақсы қарым қатынасты мұсылмандарға мақсат етті. Бірде Алла Елшісі сахабаларына жорыққа шығар кездерінде былай деп бұйрық береді: «... Жолда қарияларға, балаларға тимеңдер, шіркеулерді көрсеңдер қиратпаңдар, жүзімдіктерді таптап өртемеңдер», - дейді және тағы бір хадисінде: «Кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», -деп мұсылмандарды тек жақсылық жасауға және жақсы сөз айтуға шақыруды. Алайда не үшін ислам дінін терроризммен байланыстыруда.
Әлемде экстремист-террористердің басшыларының мақсаты билікке жету. Сондай пасық ниеттерінің себебімен исламның, Алланың атын жамылып, Құран Кәрімнен аяттар мен хадистерді келтіру арқылы әсіресе жастарды, жұмыссыз, ешбір жерде оқымаған адамдарды өз ауларына түсіріп, апандарына құлатуда. Әрине ешбір жерде оқымаған адам әрнәрсеге сенгіш, иланғыш келеді. Ал жұмыссыздықты әлеуметтік фактор ретінде қарап өз мемлекетіне қарсы шығуға насихаттайды. Ал басты мәселе – Құран Кәрімге буквалистік тұрғыдан қарау. Құран Кәрімнің Зүмәр сүресінің 9 аятында: «Білгендер мен білмегендер теңбе?», -деп білімдімен білімсіздің арасалмағын айшықтайды. М.Әуезовше айтар болсақ: «Елмен елді, адам мен адамды теңестіретін - білім». Демек мәселенің түйіні дінде емес, сол дінді ұстанушы адамдарда екен. Сондықтан әрдайым мұсылманға тән сипат – жақсы іске асығып, жаман істен қашық болайық
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
"Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің
теолог маманы Қ.Қосмаханов
Ислам бейбітшілік діні