Имам Абу Ханифаның сенім (ақида) ілімі туралы көзқарастары
Имам Абу Ханифаның сенім (ақида) ілімі туралы көзқарастары
25.10.2019
2335
0

Абу Ханифа Нұғман ибн Сабит өмір сүрген заманының ең үлкен ғалымдарының бірі еді. Түрлі шариғи ілімдерді терең меңгеріп, шәкірттеріне ғылым алқаларын өткізетін. Шын мәнінде Абу Ханифа фиқһ саласындағы мәшһүр төрт мазхабтың бірі – Ханафи мазхабының негізін қалады. Дегенмен, «Кәләм» ілімін де жетік білді. Өз шәкірттерін ақида мәселелеріне терең бойлап, таласып-тартысудан қайтаратын болған.

Бірде үлкен баласы Хаммадтың бір кісімен сенім (ақида) мәселесінде тартысып тұрғанын көрген Нұғман ибн Сабит оны таластан тыйған болатын. Сонда баласы Хаммад: «Өзіңіз де осы мәселеде тартысатын едіңіз. Енді бізді қайтарасыз ба?» дегенде: «Біз қарсыласымызды қателестіріп, алудан қорыққан күйде сұхбаттасушы едік. Сендер қарсыластарыңнан басым болу үшін таласасыңдар» деп өз мүддесі, абыройын ғана ойлап ақида мәселелерінде тартысудан қайтарған.

Пайғамбарымыздан (с.а.с): «Ілім талап ету әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз»[1] деген хадис келтіріледі. Бұл хадистің түсіндірмесінде ислам ғұламалары шариғи мәселелерді, оның ішінде, ақида үкімдерін де меңгерудің маңыздылығын баяндайды. Демек, ақида ілімін өз шама-шарқына қарай үйрену – әрбір мұсылманның міндеті болып табылады.

Ақида ілімі Алла Тағалаға, дініміздің негізіне тікелей қатысты болғандықтан ілімдердің ішіндегі ең ұлығы, ең ардақтысы болып табылады.

Имам Абу Ханифа: «Ақиданы білу фиқһ ілімін білуден абзал екенін біліңдер» деген. Басқа бір сөзінде: «Алла Тағала Ғамир ибн Ғадидті лағынеттесін, өйткені, ол адамдарға ақида ілімінде сөз болуы тиіс емес (мүташабиһ сипаттар жайлы) сөздерге жол ашқандығы үшін»[2] деп ақида ілімінің мұсылмандарға ең керекті, сонымен қатар, ең күрделі ғылым екендігін ескертеді. Имам Ағзамның сөздерін Имам Ахмад ибн Ханбал: «Алланың сипаттары туралы сөз қозғаушылармен бірге мәжілісте болмаңдар, әрі олармен сөйлеспеңдер» деп қуаттайды.

Ақида ілімінің басқа шариғи ілімдерден айырмашылығы –  кәләм ілімінің мәселелері басқа да шариғи ілімдерден үкімдерінің өзгертілмейтіндігімен ерекшеленеді. Мысалыға, кейбір фиқһи үкімдер уақытқа, жағдайға байланысты беріледі. Алайда, Алланың есім-сипаттары, Алланың бар болуы, Жаратушы, Ризық беруші және т.с.с сипаттарының  қиямет күніне дейін сақталары анық. Адамнан (а.с) Мұхаммедке (с.а.с) дейінгі бүкіл пайғамбарлардың елшілік миссияларының бірі – Алланың жалғыздығы, яғни, таухид болды.

Имам Абу Ханифаның ақида мәселелерінде жазылған: «Фиқһул акбар», «Фиқһул абсат», «Әр Рисала», «Әл Уасия», «Әл алим уал мутааллим» атты еңбектері бар. «Әл Уасия» кітабында Абу Ханифа: «Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Шын мәнінде тек тілмен иман келтіру жеткіліксіз, себебі, тілмен айту ғана иман үшін жеткілікті болғанда, мунафиқтер де иман келтірген болар еді. Сол секілді, Алланың бар екендігін білудің өзі де иман етуге жеткіліксіз. Олай болса, барлық кітап иелері мүмин болып есептелетін еді» деп баяндайды.[3]

Абу Ханифа өзіне жеткен ілімі бойынша «Иманның артып немесе кемімейтіндігін» алға тартады. Иманның артып, кемуін сандық тұрғыда емес, сапалық жағынан, иманның нұрының артуы, тақуалық тұрғысынан түсіндіреді.

Бүгінгі таңда иман мен амалдың бір екендігін айтып жүрген азаматтар да жоқ емес. Олардың айтуынша, қандай да бір мұсылман иман келтіріп, бірақ амалдардың біреуін тәрк етсе, мұсылман болмайды дегенге саяды.

Осы мәселеде Абу Ханифа: «Амал иман емес, ал иман болса амалдан бөлек. Кейбір уақыттарда амал мұсылманның мойнынан түседі… Кедейге зекет парыз емес. Зекетті шамасы жетпегені үшін тәрк еткені себепті оның иманы жоқ» деп айтылмайды. [4] Құран Кәрімде: «Шын мәнінде иман келтіріп және ізгі амал жасағандар…»[5] , «Сондай ғайыпқа иман келтіріп, намаз оқығандар»[6] деген аяттарда Алла Тағала амалдың иманнан бөлек екендігін, амал жасамаған адамның мүмин күйінде қалып, діннен шықпайтындығын баяндап тұрғандай.

Асылында, Пайғамбарымыз (с.а.с) алып келген ислам дінінің мәселелері білім иелері үшін анық, айқын. Ислам адамдарды өзара бауырмашылдыққа, татулыққа шақырады. Діни мәселелерде адамдардың бір-бірімен жаға жыртысып таласып-тартысуын құптамайды. Алла Тағала әрбір мұсылманның ілімде озат болып, көкірек көзі ашық болуын нәсіп етсін.

 

[1] Табарани, 10439

[2] Құран экзегетикасы,Р.Батталұлы, Қарағанды,2014 жыл

[3] Имам Абу Ханифа, «Әл Уасия», 50-59 бет

[4] «әл Уасия», Абу Ханифа, 74-бет

[5] Кәһф сүресі, 18/107

[6] Бақара сүресі, 2/3

 

Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің басшысы М.Мұстафаев

 

Сайт

Сілтеме

1.

maturidi.kz

http://maturidi.kz/2019/10/16/%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d0%bc-%d0%b0%d0%b1%d1%83-%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%84%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d1%81%d0%b5%d0%bd%d1%96%d0%bc-%d0%b0%d2%9b%d0%b8%d0%b4%d0%b0-%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%bc%d1%96-%d1%82/

0 пікір