Жақсы сөз айту – жоқтан барды құрастыру, тыңдаушының құлағына әйтеуір бір жағымды сөз тауып айту емес, тыңдаушының тағатсыздана тосқан асыл арманына сәйкес, діттеген ойына сай, мақсат-мүддесін дәл тауып, тап басатын, көңілін көтеріп, сезімін сергітетін, құпия сырдың кілтін тауып айта білу. Халқымызда жақсы сөз естісек, «аузыңа – май, астыңа – тай» деп жатуы тегін емес. Бұл ретте «мақал-мәтел» – көркем сөз өнерінің көрнекті өрнегі, ұлт рухының құдіретті күші.
Шешендік сөз – ділмәр адамдардың әр кезде түрлі жағдаяттарға байланысты тауып айтқан, ащы да болса шынайы шындықты баяндайтын, нысанасына да дөп тиіп жататын ұтымды, өткір, ақылды да ғибратты өсиет сөздер. Шешендік сөздер ауыздан-ауызға көшіп, атадан балаға ауып, біздің заманға дейін жеткенін көреміз. Түркі халықтарының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ауыз әдебиеті – түпсіз бұлақ, бітпес мол қазына.
Шешендерден қалған мұндай шебер сөздер, бір жағынан, халықтың елдік, қоғамдық өмірінің күллі жақтарын елестететін айнасы болса, екіншіден, халықтың ой-пікірінің, сана-сезімінің, жалпы дүниетанымдық көзқарасының арнасын, жеткен кемелін көрсетеді.
Қазақ халқының зор мақтаныш боларлық мәдени бай мұраларының мол саласы – әдебиет мұрасы. Көркем әдебиеттің шешен-билер Майқы, Кетбұға, Асан қайғы, Жиренше шешен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Сырым датқа мұраларына үңілу, керегінше пайдалану да жас ұрпаққа қажетті қағида. Философиямен қабысқан терең ой-пікірлер арнасынан асқан ақыл, сезімді сергітіп, жүрек тербеткендей қажырлы қайрат, екпін, ынта, аңсаған әділдік, бой шымырлатып, жүйе босатарлықтай сөз – осылардың бәрі қазақ халқының ауыз әдебиетінің асылдығын көрсететін қасиеттер. Сол себептен де «Өнер алды –қызыл тіл» дейді қазақ мақалы.
Қазақ халқы адам баласының қоғамдық қатынасының ең маңызды құралы сөзді өте жоғары бағалай білген. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, орынды айтылған жақсы сөздер отыз тістен шығып, отыз рулы елге жайылған, көпке өнеге болған.
Сол тұстағы халық абыройына ие болған дүлдүл қазақ шешендерінің қай-қайсысы да екі ауыз аталы сөздерімен ердің құнын, рулы елдің ісін бітірген деседі. Ендеше, қазақ халқының ертедегі елдік мәні бар істерінің бәрі осындай аталы сөз айтқан көсемдерінің алдына келіп шешілетін болған, шешендердің айтқан құнарлы сөздеріне жұрт бағынатын болған. Бұл сөздерді мазмұн жағынан алып қарасақ, өмірді кеңінен шолып, тереңнен қамтығаны байқалады. Мұндай шешендер аз сөйлеп, көп айтқан. Естіген, білгендерін көңілге көп түйіп, сөздерін көпке бірдей әділдікке сүйей, тұжырымды етіп, тәлім-тәрбиелік мәнін өсіре, жауыздықтан аулақтата, жақсылықты үлгі ете, сөз тыңдаушыларды жетелей сөйлеген.
Халық тарихында шешендік сөздер ас-жиындарда, жәрмеңкеде айтылатын дау-тартыс, ақындық, шешендік айтыстармен ғана шектелмегені мәлім. Бұл орайда көпті көрген данагөй қариялардың үлгілі, өнегелі, ақыл-нақыл, үгіт-насихат, әзіл сөздері де мол.
Қысқасы, қазақ шешендік өнерінің тарихи тармақтары сан қатпарлы. Ұлттық шешендік өнерінің тарамдарын білу – бүгінде ұтқыр ойлы, шешен тілді көшбасшы ұрпақ тәрбиелеудің кепілі. Халқымыздың сөйлеу өнеріне қай кезеңде де ерекше мән бергені аян. Ал қазіргі таңда тілдік қатынастың барлық түрлерін игерген жоғары мәдениетті көшбасшы тұлғаларға қоғам қажетсінуі айқын аңғарылуда. «Аз сөйлер де, көп тыңдар, Хас асылдың баласы»,-деп Махамбет бабамыз айтқандай, кім-кімге де аз сөйлеп, көп тыңдаған жөн. Қашан да аз сөйлеген қателеспес, аз жеген ентікпес. Жас атаулы ең қысқа сөздің мағыналы көзқарас екендігіне назар аударуы артық болмас еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре – рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі.
Б.Өтеген
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
дінтанушы-теолог маманы
Ескіден қалған асыл сөз – рухани бай қазына