Еңбек ептілікті сүйеді
Еңбек ептілікті сүйеді
02.08.2021
1385
0

Aдaмзaт бaлaсы жер бетінде пaйдa болғaннaн бері өзінің мaтериaлдық және рухани қaжеттілігін қaнaғaттaндыру үшін еңбек етіп келеді.  Ислaм дінінде мұсылмaн баласына дүние және aқыреті үшін aдaл еңбек етуді басты назарда ұстайды. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда еңбек, ізгі іс әрдайым иманмен бірге қосарланып, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғым екендігі баса айтылған. Ол іс-әрекеттерге құлшылық, ғибадат істермен бірге адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік сынды дүниелік тіршілік істер жатады. Адам баласы күн көрісін, ризық-несібесін табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Адам түгіл табиғаттағы жан-жануарлар да азаннан кешке дейін жейтін азығын табумен әуре. Әсіресе, ара мен құмырсқаның еңбекқорлығы біздерге үлгі болуы тиіс. Тіпті өсімдік әлемінің өзі қимылдап тұрады. Демек еңбек етіп әрекет ету, берекетті әкеледі.

         Құран кәрімнің «Жұма» сүресінің, 10-аятында: «Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер» деп, ризық-несібені еңбек ету арқылы табуға бұйырған.Яғни несібені іздеу барысында Алланы естен шығармай, үнемі жанында сақтап, зікірде болуымызға шақыруда. Момын мұсылман жүргенде, отырғанда, жатқанда әрдайым Алланы еске алып жүреді. Мұсылманның Алланың әмірлерін қаншалықты шынайы орындағанына байланысты оның тапқан ризық несібелерінде де соншалықты береке болады.

         Танымал сахабалардың бірі Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Кәсіптің ең қайырлысы-ықыласпен еңбек еткен жұмысшының қол еңбегі»,-деген. Тағы бір хадисте: Пайғамбар (с.а.с.): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (Алланың оған сәлемі болсын) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген»,- дейді.

         Қазақ ағартушыларының бірі Ы.Алтынсарин педагогикалық тақырыптағы өлеңдері мен әңгімелерінде, аудармаларында өнімді еңбек-еңбек тәрбиесінің құралы деп тұжырым жасады.Абай нағыз пайдалы еңбек деп әр түрлі қолөнерді, егіншілікті және білім алуды, оқуды есептеді. Ақыл-білім алу күрделі еңбек арқылы келеді деп философиялық тұжырым жасады.Қандай  да  қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай айтқан бес асыл істің бірі-еңбек. Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын»,«Еңбек-қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен-қайыршылық»-деп ақын заман шерін ақтарған.Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша, еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді.

«Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар
Болмаған соң жұмыс қып, мал табарлық…
Ниеті мен талабы, еңбегі мен өнері жоқ елде алдау, ұрлау, берекесіздік орын алатыны белгілі.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын»,
- деп ақын алаяқтық пен алауыздықты өлеңмен жеткізеді.

         Абай, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді.
Абай  халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнады. «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,«Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық»-деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады. Ақын тағы бір өлең жолдарында:

«...Бес нәрседен қашық бол.

Бес нәрсеге асық бол,

Адамболамдесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер малшашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз,

Талап, еңбек, тереңой,

Қанағат, рақым ойлап қой...»,-деген өлең жолдары адал еңбек еткен адамның жолы болатынын, алдына мақсат қою керектігін түсінуге жетелейді.Қоғамда араны ашылған пайдакүнемдік, баюға деген құштарлық тойымсыздыққа әкеліп соғатынын Абай сол кездің өзінде аса қауіпті құбылыс депкөрсеткен. Ұятты өмірінен артық қойған халқымыз, отбасында әрқашан ар-ұятты өзіңе серік ете жүріп еңбек ізде, жалқаулықтан безін, кәсіп ізде, өнер тап дейді.  Ол жастарды ең алдымен отбасында, мектепте және әдебиет арқылы тәрбиелеуді маңызды рөлін ерекше бағалады.Еңбектің бейнеті мен зейнетін басынан өткізген халқымыз баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған.

         Қорыта келе жоғарыда айтылған Құран аяттары мен пайғамбар(с.а.с.) хадистері, ата-бабамыздың қалдырған өсиет сөздерін оқып, көкейімізге түйіп еңбек етсек болашағымыз жарқын болмақ.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің  теолог маманы

Битанов Жангелді   Нұрғалиұлы

0 пікір