Отан-отбасынан басталады демекші, жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке-екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.
Аллаһ Тағала қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер»-деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Аллаһ Тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай-ақ, Рум сүресінің 21-аятында: «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» - дейді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғы шарттарына қол жеткізеді.
Отбасылық құндылықтар дегеніміз бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде бастауыш сыныпта атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Отбасы, балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші-ата-анасынан, екіншісі-ұстазынан, үшіншісі-құрбысынан»,-деген екен.
Отбасы тәрбиесі туралы ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн былай дейді:
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан ұядан
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан.
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы, жаман болса, бала-солардан».
Отбасы адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені осы отбасында өтеді. Отбасы мүшесі ретінде сенің міндетің-ата-анаңды, туған-туыстарыңды, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұту, жасы кішілерге қамқорлық жасау, мектептегі сабағыңды жақсы оқып, білімді, мәдениетті, жан-жақты болып өсуге ұмтылу. Сонымен бірге отбасылық құндылықтардың, атап айтқанда белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелер, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақталуына өзіндік үлес қосу да біздің міндетіміз.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала-қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат, ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.
Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын еді халқымыз. Ұлы ойшыл ғұламалардың бірі Ж.Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен.
Б.Момышұлы бабамыз айтқандай «Мен үш нәрседен қорқамын; бірінші – баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан» - деп айтып кеткен. М.Жұмабаев атамыз отбасы құндылығы туралы: «Бесік жырын айту әр ананың сәби алдындағы міндеттерінің бірі. Бесік жырын тыңдап өскен бала ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін алады»-деп бекер айтпаған. Қорыта келе «Есіңде болсын, балаларыңның көзі сенде, сен жақсы деп есептеген нәрсе, олар үшінде жақсы, сондықтан әуелі өзімізді түзеу» - керек екендігімізді ұмытпайық!
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Ақпаратық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру
және үйлестіру бөлімінің маманы Қ.Салықбаев