Мен А.Сарыбаева 1997 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданында дүниеге келдім. Отбасында 4 бауырым бар. Ата-анамның тұңғышы болғаннан соң ба, мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарымнан қалдырмай өсірді. Қазығұрт ауданындағы жалпы білім беру мектебінің 10-сыныбында оқып жүргенімде намаз оқуға қызығушылығым ояна бастады. Оған себепші болған туысқан әпкем Айда болатын. Арада 2 ай өтпей белгілі бір себептермен намазды тастап қойдым. Мектепті 2015 жылы тәмамдап, ақылы медициналық колледжге түстім. Колледжде оқып жүріп қазіргі таңда Сирия (ДАИШ) мемлекетінің содырларының қатарына қосылып кеткен туысқан әпкем Айданамен «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы хат алмасып, байланыста болдым. Араға көп уақыт салмай иманға бет бұрып намазға жығылдым. Айда мені әсте-әсте Сирия (ДАИШ) аумағында болып жатқан жағдайлар туралы хабардар ете бастады. Уақыт өте Айда маған Сирияда қарулы жихад барын, оның хақ екенін, мұсылмандар (халифат) мемлекетін құру керектігін, нағыз өмір сонда екенін жиі-жиі айтатындығы шығарды. Әуелгіде сөздерін елемей мән бермегеніммен кейіннен қалай арбауына түсіп қалғанымды аңғармай қалдым. Міне осы уақыттан бастап менде радикалдық көзқарас пайда бола бастады. Мен Сириядағы (ДАИШ) ұйымының құрғалы отырған мемлекетті «халифат» деген ой қалыптастырдым. Осылайша өзіме «Вконтакте» парақшасын жасырын түрде ашып, Сирияның барлық группаларына тіркелдім. Сирияның еш негізі жоқ уағыздарын, дәлелі жоқ хадистерін, менің радикалдық көзқарасымды толық дәлелдерліктей фото суреттерін «Чуждые» деген группадан алып, жариялап отырдым. Сонымен қатар радикалды көзқарастағы уағызшылардың жиһад жайлы уағыздарын тыңдай бастадым. Ол кісілердің діни білімдерін тексеретіндей менде ешқандай діни білімім болған жоқ. Сонымен Айданадан естіген барлық ақпараттарды ұялы телефон арқылы дос қызыма айтып бердім. Отбасым тарапынан радикалдық көзқарасымды өзгертерліктей ескертулер болды, алайда олардың сөздеріне құлақ аспадым. Себебі ол кезде көзімді қара тұман басып, миым уланып үлгерген еді. Менің осындай үлкен қателікке бой алдыруымның бірден бір себептері ретінде өзімнің діни білімсіздігімді, яғни ҚМДБ на қарасты мешіттердегі имамдардан, діни білімі бар теологтардан сұрамағаным және шектен тыс сезімге берілгендігімді, аңғалдығымды айтар едім. Қазіргі күнді сол жіберген орны толмас қателігіме шын жүректен өкіне отырып, халқымнан, осындай бейбіт те тәуелсіз елде, кең байтақ жерде әрбір ҚР азаматының құқығы қорғалатын елде өмір сүруге барынша мүмкіндік беріп отырған елбасынан кешірім сұраймын. Қазір мен өз қателігімді түсіне отырып, түзелу жолына түстім. Менің жіберген қателігіме орай арнайы жазаны өтеу мекемесінде маған белгіленген мерзім бойынша өз жазамды өтеп жатырмын. Жазамды өтеу барысында радикалдық көзқарасымды өзгертуге, білімімді жандандыруға, өз қателіктерімді түсіндірген имам-теологтарға айтар алғысым шексіз. Енді жазамды өтеп болған соң асыға күтіп отырған отбасыма, бауырларыма оралып, маған артқан асқар таудай үміттерін ақтай отырып дәрігер атану. Басқада бауырларыма айтарым, егерде дінге деген қандай да бір қызығушылықтарыңыз болса арнайы медреселерден білім алып, білмегендеріңізді білім иелерінен имам-теологтардан сұрағандарыңыз жөн. Олай болмаған жағдайда мен сияқты өз өмірлеріңізге балта шауып адасып қалуларыңыз әбден мүмкін. Қолыма қалам алып өз өмірім жайлы сіздерге сыр шертіп отырғандағы мақсатым, мен жасаған орны толмас қателікті басқада бауырларым жасап, тәуелсіз елін, аяулы аналарын зорлық-зомбылыққа, мазаққа толы адасқандардың елі Сирияға айырбастамаса деймін. Адасып жүрген бауырларыма деген ескертуімді, өзегімді өртеген өкінішті мына өлең жолдарына ықшамдап жазып отырмын.
Дінді ұстай алғанымда еді-қасиетім,
Алға тартып Абайдың өсиетін.
Алайда ұстай алмай бауырларым,
Шегіп отырмын қазір қасіретін.
Діндегі менің білімсіздігім,
Күйге душар етті мені өкінетін.
Бұл жұмақты жазғандағы ізгі-ниетім.
Келеді түзелгенімді дәлелдегім....
Ал кетіп қалған бауырларыма келер болсам, олар да мен сияқты адасқандарын түсініп, өз еліне, жеріне отбасыларына қайтқысы келіп өкініп жүргені анық.
ИЧ 167/11 мекемесі
СарыбаеваА.