Дін мен дәстүр зайырлы қоғам кепілі
Дін мен дәстүр зайырлы қоғам кепілі
19.03.2021
799
0

Біздің зайырлы мемлекет «дін­сіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар. Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табы­латын еліміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған рухани құндылықтар мемлекет үшін де маңызды.

Сөзімізді соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдарды мазалап жүрген дін мен дәстүр сабақтастығы тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несі­мен маңызды? Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі фактор­лардың бірі. Бұл факторға Қазақ­стан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзіміз­бен ортақ ТМД-елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде. Құндылықтар кешені бір-бірі­мен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құн­дылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұрат­тарға жетелейді. Себебі, тыныш­тық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.

Дін мен дәстүрдің үндесуі осыдан XIII ғасыр бұрын бабалар жүрегі иманға ұйып қабылдаған Ислам діні арқылы әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына көңіл бөлген. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Жалпы Ислам діні  – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Тарих және уақыт елегінен өтіп олар шым-шымдап сіңген шариғат дәстүрлерімен біте қайнасып кетті. Осылайша шариғат заңдарына қайшы келмейтін қағидаттар мен ортақ бір қосынды дәстүр пайда болды. Қазақ тілінде «салт-дәстүр» мен «әдет-ғұрып» - сөз тіркестерінің мағынасы бір. Біз салт-дәстүр деген сөзімізді әдет-ғұрып деп те қолданамыз. Әдет-ғұрып араб тілінен енген сөз. Әдет деген сөзден әдетке айналған нәрсені түсінеміз. Ал, ғұрып сөзінің араб тілінен аударғандағы мағынасы–ақылға қонатын, танымдылықпен таңдалған, біліммен бекемделген дегенді білдіреді. Сәбидің дүниеге келуінен бастап, адам баласының ақтық сапарға аттандырғанға дейінгі аралықта қазақ халқында жасалынатын салт-дәстүрдің Ислам дінімен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Дін мен дәстүр – қашан да бір-бірімен сабақтас ұғым екенін байқайсыз, екеуі егіз тақырып десек те болады. Мысалы:  халқымызда жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қою кезінде кішкене сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, сәбидің ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады.Ал, Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет.  Сол дәстүр қазақтың әр бір отбасында сақталып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Сәби дүниеге келгенде сойылатын малды «ақиқа құрбаны» деп айтады. Шариғат бойынша: Нәрестенің үлпілдек шашын «ақиқа» дегендіктен, осыған байланыстырып шалынатын малды да «Ақиқа құрбаны» деп атаған. Ақиқа  құрбаны перзент сыйлаған Алла Тағалаға шүкіршілік білдіру ниетімен шалынады. Шариғаттағы үкімі – мубах,  яғни дүниеге келген нәрестені үшін мал шалу әр ата-ананың өз еркіндегі іс. Бұл баланың ата-анасындағы ақысы саналады. Бала туған соң жеті күннен бастап балиғат жасына жеткенге шейін орындауға болады. Сүннет бойынша ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылу керек. Сүннет бойынша баланың ата-анасы ақиқа күні қиылған шашты өлшеп, сол мөлшердегі күміспен садақа ету керек. Қазақ дәстүрінде Ақиқаны – «Қалжа» дейді.

Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері арасында ғасырлар бойы орныққан үйлесімділіктің шырқын кешегі атеистік қоғам – Кеңестер Одағы да бұза алған жоқ. Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі күні өкінішке орай сол табиғи үйлесімділікке сына қағып, шабуыл жасау фактілері кездесіп отыр. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. ғұламалар жүрген сара жолды жоққа шығарғысы келеді. Қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттерге барып, дәстүрлі құндылықтарымыздан айырғысы келетін сұғанақ көздер де жоқ емес.

Бәрімізге белгілі болғандай қазіргі таңда қоғамда белең алып жатқан діни ағымдар мен дәстүрімізге жат пікірлі топтар көп. Бұлардың барлығы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге ағылып келе бастады. Ол кезеңде дінсіздіктің шырмауынан енді ғана босып шыққан мемлекетіміздің дәстүрлі діни ахуалы руханиятқа шөліккен халқымыздың сұранысына толыққанды жауап бере алмады. Себебі сол жылдары діни білікті мамандар жоқтың қасы болған, сонымен қатар асыл дінімізді үйретіп, мамандар дайындайтын медреселер мен оқу орындары да болмады. Осылайша бір құдіреттің бар екенін іштей сезінетін адам баласы осынау тоқырау заманда әр нәрсені өзіне пір тұтып, сәуегейлер мен балгерлерге сене бастады. Ырым-қырым қуалап, тәуіптердің етегіне жармасты. Сонымен қатар діни сауаты қалт-құлт етіп дінсіздіктің құрсауынан зорға шыққан адамдар мешіттерге имам болды, тіпті екі-үш сүрені тілі күрмелсе де жаттап алғандар молда болып жатты. Әрине бұлар руханиятқа ашыққан халықты қанағаттандыра алмасы анық еді. Міне, дәл осы тұста жан-жақтан небір ағымдар мен мәзһәбтар тәуелсіздіктің алып келген діни бостандығын пайдалана отырып елімізге лек-легімен кіре бастады. Әбден қаталап шөлдеген адамға не берсеңде талғамай іше береді немесе қарыны шұрқырап, аштықтан бұратылып жатқан біреуге не берсең де талғамай жейді... Сол секілді әбден руханиятқа шөлдеген халық олардың дұрысынан бұрысын бөліп жарып жатпастан бүтіндей қабылдай берді. Оған қоса «Соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші ақ пен қараның аражігін ажырататындай діни сауаты да болмады. Сол кезде тұқымы егілген теріс ағымдардың ащы жемісі қазіргі қоғамда көзге түсіп көрініп жатыр.

Қорыта келе Елбасымыз «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік»-деп атап өткендей  діни құндылықтар сол күйі қалады. Ал дін қоғамға ұдайы өз өзгерісін тигізіп отырады. Дәстүрсіз ел болмайды, ежелден саралап келген құндылықтарымызды жоғалтсақ, мәдениетімізді жоғалтамыз. Мәдениетсіз халық, жабайы, тұрпайы халыққа айналады. Өткен заманда салт-дәстүрді сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» деп заң негізінде жазалап та отырған. Қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Құран-Кәрімде Алла Тағала ешқашан да әр ұлттың өз салтына тыйым салмаған:  «Ей адамдар ! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық»,- дейді. Бұл аятттардың астарында  ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен салт-санасына құрметпен қарау жатыр. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық. Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Еліміздегі  дәстүрлі Ислам діні Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына қарсы емес, керісінше игілігіне, ел бірлігіне қызмет ету керектігін түсінуіміз қажет.

 Түркістан облысы дін істері басқармасының 

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 КММ-нің дінтанушы маманы                                                             А.Дүйсен

0 пікір