Жалпы, ертеректегі ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет екендігі айтылады. Олар – діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты екені баршамызға мәлім. Дін мен дәстүрдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз болады. Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым Сүлеймен Бақырғани т.б. Олар үлкен ғалым болумен қатар барлығы да діннің аса білгір маманы еді. Біз, өскелең ұрпақ, осындай ұлы адамдардың жерлесі болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз.
Жалпы дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығы аса қажет. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы мен әрбір іс-әрекеті Ислам дінімен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталса, қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» деп аталады. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қалжаға «ақиқа» қойы ер бала үшін жағдайы жеткен кісі екі, не бір қой соятын болған. Ал қыз балаға бір қой сойған. Сонымен қатар бұл үрдіс жаңа босанған әйелдің аяқ-қолын бауырына алып, ыстық сорпа ішіп, өзіне-өзі келу мақсатында жасалады. Мұндай қамқорлық ертеңгі күнгі баланың дұрыс өсіп-жетілуіне және әйелдің денсаулығы мықты болуына тигізер әсері көп. Ата-бабаларымыз босанған әйелді қырық күн бойына жылы үйде ұстап, ерекше күтім жасаған. Ислам дінінде де әйел босанған уақыттан бастап, қырық күн бойы бірқатар жеңілдіктер берілген. Яғни, денсаулығына байланысты айдың кейбір уақыттарында намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Тағы бір мәселе – ақиқаға сойылатын малдың үкімі жайында. Сойылатын қой барлық жағынан алғанда семіз әрі күтімді болуы тиіс.
Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туған баланың туғанына қырық күн толғанда жасалатын үрдіс. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққанына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген. Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге қырық күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге қырық күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діни дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайға жол беріліп жатады. Керісінше салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер де аз емес.
Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам діні тыйым салмайды. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл сөз бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес деп айта аламыз. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды. Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Сонымен қатар елімізде соңғы кезде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастардың көбейіп бара жатқандығы алаңдатады. Дәстүрді діннен бөліп қарауды кейбір жат ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөздеріне еріп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Қай заманда болмасын дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Біз келер ұрпаққа халқымыздың асыл құндылықтарын, ділін дұрыс жеткізе білуіміз қажет. Сонда ғана тәуелсіз кең байтақ дархан еліміз бар деп мақтанышпен айта аламыз.
Дін мен дәстүр – әрдайым біздің ұлттық болмысымыз болып қала бермек. Халқымыздың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне бүгінгі күнде үлкен мән берілуде. Бұған дәлел ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», - деген ғибратты сөзі дәлел бола алады.
М.Алиасқар
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің маманы
Дін мен дәстүр сабақтастығы