Қазіргі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру, дәстүрлі діни танымды қалыптастыру аясында қазақ жеріне ислам дінінің келуі және оның қалыптасу ерекшеліктерін түсіндіру жұмыстарын жаңғыртуымыз керек. Ислам дінінің қазақ жеріне келіп орналасуы да өзі тарихи кезеңдерден тұрады:
- 751 жылы Талас шайқасы деп аталатын соғыста арабтардың түркілер мен қарақытайлар әскерін талқандауы;
- 999-1212 жылдары Қараханидтер хандығы 200 жылдай қазақ жеріндегі Ислам мемлекетінің болуы.
- 1312 жылы Алтын Орданың Исламды қабылдауы:
1. Исламды қабылдаған алғашқы Алтын Орда ханы – Берке (1257-1266). Жаңа хан жас кезінен мұсылмандықты қабылдады. Ол хан болған кезде Исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Әйтсе де, ұлы даланың көшпенді халқы мұсылмандыққа тек Өзбек хан (1312-1342) тұсында толықтай өтті.
2. Өзбек хан мен оның ұлы әз Жәнібек ханның (1342-1357) тұсы Алтын Орданың көркейіп, гүлденуінің ең жоғарғы сатысы болып саналады. Өзбек хан Исламды екінші рет Алтын Орда империясының мемлекеттік діні деп жариялады. Ол өз патшалығының аумағында мешіттер мен медреселерді көптеп салдырды.
1465 жылы құрылған Қазақ хандығы өзінің 400 жылдық тарихында қазақ халқының бойына мұсылман дінін берік орнатты. Демек, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзбеген, тіпті ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес.
Қазіргі еліміздегі дін мәселесінің күн тәртібінде тұруына бір ғана себеп бар. Ол сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір, ол барлық әлемдегі мұсылмандарға ортақ. Дәстүрлі діни таным дегенде, бұл қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылық. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйткені, дін халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнар көзі.
Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана, бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет ғұрпымыздан, салт-дәстүрімізден көруге болады.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз.
Түрік халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұлғалары Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман кітабы», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы», Бурхануддин Рабғұзидың «Қиссасул әнбия», Сейф Сарайдың «Гулистан бит-түрки» сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлердің шығармалары соның жарқын дәлелі. Бұл шығармалар қазақ поэзиясының исламдық-эстетикалық негіздері саналады.
Б.Әзібаеваның пікірі бойынша «Ислам дінін таратушылардың іс жүзіндегі (мешіт, медресе) үгіт-насихат жүргізуі арқылы жүзеге асса, екіншісі, ақынжанды дала тұрғындарының жан-жүрегіне тасқа басылған жыр сөздермен (діни дастандар) әсер ету арқылы орындалған тәрізді» сенім екі жол арқылы халықтың көкейіне қонып отырды. Әсіресе, соңғы «жол» қазақтың иманының күшейуіне қатты әсер етті. Себебі, бұл аталмыш діни дастандар, қисса, жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге, рухани экспансияға да қарсы тосқын бола білді.
А.Байтұрсынұлы пікір бойынша: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,
М.Әуезовтың: «Ол замандағы сұлу-сымбатты өнер, өлең, жыр түгелімен құдай жолына істеген мінәжат сияқты жүрек қанын ағызған өлеңмен, күңіренген бәйітпен жаратқан иесіне дұға оқитын. Ол кездегі ақындық өнерінің өзі де құдайға істеген құлшылық болатын. Жақын күншығыста әдебиет өнерінің бір ұзақ дәуірі осы бәйітпен өтеді. Бұның мысалы, Физули, Қожа Хафиз, Мағари, Қожа Ахмет Яссауи, Сопы Аллаяр», «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген»,
Өзбек ғалымы Х.Кароматовтың: «Ислам дінін қабылдаған халықтардың тарихы өзгергенімен де, Құранның мәтіні өзгермеген. Құран тексі мезгіл және мекенмен үндес жүріп, әр халық дамуының белгілі бір кезеңдерінде одан үнемді пайдаланып отырған әрі құрани дүниелерді әдеби шығармаларға алып келген. Сондай, ұлттық әдебиеттің Құран мәтінімен синтезі нәтижесінде көркем және діни-дидактикалық шығармалар жаратылған», - деп жазғанында қазақ даласында пайда болған діни қисса-дастандарды меңзеген.
Қазақ әдебиеті тарихының X-XІ ғасырлардағы кезеңі «Ислам дәуіріндегі әдебиет» деп аталынады. Бұл кезеңдегі қазақ әдебиеті тарихын құрайтын ақындардың мұралары түрік халықтарына ортақ болғанымен, біздің төл әдебиетіміздің кейінгі дамуына жалғасқан исламдық дүниетанымның негіздері сол кезеңде қалыптасты.
Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Әбубәкір Кердері: «Мұсылманшылық кімде жоқ тілде барда, ділде жоқ» - деп, ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Демек, адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниенің негізі және сыртқы дененің әрекетінің қозғаушы күші болып табылады. Жаратушының негізгі талаптары – білім үйреніп, өмірдің рухани және материалдық заңдылықтарын игеру, соның негізінде өзіңді жетілдіре отырып, ақиқатты танып білу. Абай атамыздың айтқанындай: «Жүректiң көзi ашылса, Хақтықтың түсер сәулесi. Iштегi кiрдi қашырса, адамның хикмет кеудесi», - дегендей осының бәрін орындауда білімділікті, сабырлықты, еңбексүйгіштікті қамтамасыз етіп және қоғамға қызмет етуді талап етеді.
Қоғамдағы жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді, әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады. Қазіргі таңда жастарымыздың жадында дәстүрлі діни сана мен ұлттық идеологияның қалыптасуына, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-тендікті жаңғыртуына байланысты күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы А.Дүйсен
Дін және қазақ дүниетанымы