Исламға дейін ата-бабаларымыз көшпенділер ұлы дала заңымен өмір сүрді. Сол дала заңының салт-дәстүрін сақтамаған адамдарды «салтын білмеген сауапты түсінбейді» деп сол заң негізінде жазалап та отырған. Сол заманда көшпенді қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып бұлжымас заң рөлін атқарды. Ислам діні ұлы дала төріне жеткеннен кейін отырықшы және көшпенді дәстүрін ұстанған халық осы дініге бет бұра бастады.
Ислам діні Қазақстанның оңтүстігінде 714 жылдан бастап келіп барлық аймақтарына кең тарады. X ғасырдың соңында Қарахан хандығының ресми діні ретінде танылды. XII ғасырда моңғол империясының кеңейтілу кезінде исламның таралуы ақырындаған жоқ, керісінше Алтын Орданың хандары Берке (1255-1266) мен Өзбек (1312-1340) Исламды қабылдады. Атеистік кеңес өкіметі кезінде де ислам діні ақырындағанымен қазақ жұрты діні мен ұлттық құндылықтарын жоғалтқан емес. Осылайша бүгінгі таңда Исламмен бірге шариғатпен келісетін және келіспейтін кейбір дәстүрлері де сақталып бізге де жетті. Жеткен дәстүрдің озығы да тозығыда бар болатынын білеміз. Осы мәселе бойынша ислам шариғаты шеңберінде шешімін тапқан әйгілі мұсылман ғалымдары не айтты?
Ислам діні тек араб ұлтына түскен дін емес, жаратушы тарапынын бүкіл адамзат баласына келген әлемдік дін болғандығын түсінген ғалымдар шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде қалдыруды барлық мазхабтардың ғалымдары қолдады. Ұлт болғасын оның өзіне тән салты мен ғұрпы болары анық. Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Алла Тағаланың әмір-тыйымына қарсы келмейтінін қабылдап, керағар келетініне тыйым салды. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала Құран-Кәрімде Ағраф сүресі,199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,- деген. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Үш мәзхабтың ұстазы Имам Ағзам Әбу Ханифа фикһ (ислам құқықтары) саласын ретке келтіріп, оны жеті бапқа бөлген ең алғашқы адам. Ол әдіс-тәсілдің жетінші бабын «әдет-ғұрып» деп атаған: «Әдеп-ғұрыптар да өзінше бір дәлел және үкім ретінде қолданылады. Ол дұрыс және бұрыс болып екіге бөлінеді. Дұрыс әдеп-ғұрыптарға - діни үкімдер мен ұстанымдарға қайшы келмегендері жатқызылады. Бұрыс әдеп-ғұрыпқа қандай да бір негізгі шариғат үкімдеріне қайшы келгендері жатады, ондай әдеп-ғұрып исламда дәлел ретінде қолданылмайды», - деген.
Бұл орайда, қолданыстағы салт пен дәстүрге дәлел ретінде, Ибн Масудтың (р.а.) келесі сөздерін келтіруге болады:«Бүкіл мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе, Алланың алдында да жақсы. Ал бүкіл мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе, Алланың алдында да жаман болып табылады», - дегенпікір айтқан.
Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Бұл жайында Малики мәзхабының беделді ғұламасы имам Ибраһим ибн Мұса Әбу Ысқақ әш-Шатыби «әл-Муафақат» атты еңбегінде: «Қалыптасқан әдеп-ғұрып екі түрлі: Біріншісі – шариғат дәлелдері бұйырған немесе тыйған және кеңес берген нәрселері. Мысалы, денені нәжістен таза ұстау, ғибадатқа дәрет алу, әурет жері жабық болу сияқты шариғатта үкімі бар әдеттер. Шариғатта үкімі бар әдеттердің үкімі өзгермейді.
Екіншісі: шариғатта күнә-сауабы айтылмаған, әр елде қалыптасқан салт-дәстүрлер. Олар шариғатта үкімі айтылмаған дәстүрлер болып саналады. Мұндай дәстүрлер өзгермелі келеді. Осыған орай пәтуалар да әртүрлі болып келеді. Кей елде жақсы саналатын нәрсе, басқа елде жаман, ұнамсыз есептелуі мүмкін.
Ғұламалар салттарды екіге бөлген: дұрыс және бұрыс. Жақсы әрі дұрыс салт дегеніміз – бұл, (белгілі қоғамдағы) барлық адамдарға әйгілі, Құран мен Сүннеттің (ижма) мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне қайшы келмейтін, игі амалдардан тыймайтын әрі зиянды істерге себеп болмайтын әдет пен ғұрыптар.
Жергілікті халықтың салт-дәстүрін екіге бөліп қарастыруға болады:
1. Салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижма) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Имам әс-Сарахси: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез-келген салт есепке алынбайды», - деп айтқан. Егер, қандай да бір мәселеде әдет-ғұрыпқа қайшы аят не хадис белгілі бір үкімді бекіткен болса, онда ол мәселеде әдет-ғұрып негізге алынбайды. Мысалы ер кісілер неке жүзігін алтыннан тағу, тойды арақ-шараппен өткізу, пайызға ақша беру т.б.
2. Мухаммед Әбу Захра «Усуль Фикһ» атты еңбегінде: «Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, сол қоғамдық ортада кең тараған болуы керек», - дейді. Имам әс-Суюти: «Салт және дәстүрмен тек, егер олар кең тараған (қоғамдық ортада мойындалған) болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды», - дейді.Шариғатқа сай әдет-ғұрып, дағдылар. Мысалы қыз ұзату мен беташар тойын атап өтсек болады. Исламда келін түскен үйдің шама-шарқынша дастархан жайып көрші мен туыстарды шақыру құпталған.
Жалпы қорыта айтқанда дін салт-дәстүрдің таразысы деуге болады. Жоғарыда Сахабаның, ғұламалардың сөздері, мұсылмандардың бір ауызды пікірде (ижма) адасуы мүмкін емес екендігіне дәлел болып табылады. Бүкіл мұсылмандар жаманды жақсы деп немесе жақсыны жаман деп есептеуі мүмкін емес.Өйткені хадистерде айтылғандай олардың барлығы түгелдей адасуда жиналмайды. Сондықтан Ибн Масудтың (р.а) бұл сөздерін, әс-Суюти мен Ибн Нужәйб және де әс-Сарахси сияқты атақты ислам ғалымдары мен көптеген имамдар салт пен дәстүрлер және әдет пен ғұрыптардың қолданыстағы дәлелі етіп алды. Ислам ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады немесе қабылдамайды деген пікірлер ата дінімізді жете түсінбегендіктен туады. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады. Еліміздегі дәстүрлі Ислам діні Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына қарсы емес, керісінше игілігіне, ел бірлігіне қызмет ету керектігін түсінуіміз қажет.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы А.Дүйсен
Дін бар жерде дәстүрде бар