Мұсылман-мұсылманның бауыры, ол оған тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, өзгенің малына, арына сұқтанбайды. Бұл-Ислам ұғымдарының бірі. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары сияқты, саны көбейген сайын қуаттана түседі. Ол ағаштың жемісі дәмді, көлеңкесі салқын, бұтақтары мекем болады. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылман бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене сияқты. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілгенде онымен бірге болады»,-деген. Исламның пайғамбар (с.а.с.) көрсеткен жолы, осы еді. Сөзімен ісі бар болған нағыз салафтар (алғашқы буын) осы болатын.
Қазақ халқының басына түскен талай қиыншылық кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. «Тәуелсіздігі жоқ, болашаққа үміті бар» уақытта бабаларымыздың жүрегінде иманы, «Менің ұрпағым жетер» деген үміті болды. Жүрегінде сақтаған туған жерге махаббаты,дәстүрі діні, бір ізге түскен жолы бар еді. Еліміздің болашағына, рухани дамуына өз үлесін қосып, бізге аманат етіп тапсырды. Аллаға шүкір тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз, тіліміз қайта оралды. Мұның барлығы, әрине, Алланың мейірімділігі мен бабаларымыздың дұғасының арқасында. Сол заманда халықтың Ислам діні үйреткендей еліне, жеріне деген құрметі оянды. Қоғамның алдындағы және жанұясының алдындағы міндетін орындап, келді. Сол уақытта бірлік пен тыныштыққа сызат түсіруді көздеген дәстүрлі емес діндер пайда болды.
Өздеріңізге мәлім, қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде діни білім алуды аңсаған кейбір жастар, жан-жаққа шет елдерге оқуға кетті. Біріккен Араб елдері, Ливан, Түркия, Египет, Сирия, Пәкістан секілді Ислам мемлекеттеріне барып, Ислам діні білімін үйреніп келді. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары діни білімі бар имамдарымыз да аз еді. Рухани шөлдеген халықтың талабын толық қанағаттандыра алмады. Есесіне оның жауабын шетелден теріс діни бағытта білім алған жастар беріп, өздеріне қаратып, қақпанына жіпсіз байлады. Міне, осыдан халық арасында әртүрлі жамағаттар, діни ағымдар пайда болды. Аузында Құраны бар әрбір азаматты періште санайтын біздің ұлт оның парқына терең үңілмеді. Ағымның жетегіне ерген өздері, кейін өзгелерді де соған тартты.
Бұрынғы замандағыдай руаралық жанжал немесе халық арасында бай, кедей деп бөлу мүлдем негізсіз. Ең тиімді жол мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлу, біреудің сенгенін ендігі біреуі мойындамау, біреуді кәпірге шығарып, біреуді пасық қылу. Міне, осы тұста нағыз бүлік оты бастау алды. Біреуі бір ғалымды тындаса, енді біреуі «жоқ ол адасуда, өйткені ол арнайы ғалымдардан дәріс алмаған» деп шықты. Өз елінің дәстүрін, дінімен бірге қайнаған ата-бабадан мирас болып қалған әдет-ғұрыптарынан, асыл діннен бөліп, оны жоққа шығарды. Еліміздегі мешіттерде бұрыш-бұрышта Исламды насихаттап, басқаның ұстанымымен санаспайтын топтар пайда болды. Бір жанұяда бірінші ұлы тәкфірші, екінші ұлы таблиғ жамағаты, үшінші ұлы салафи жамағатынан болған жанұялар да болды. Еліміз діни топтар мен секталардың ордасына айналды. Әр жерде әр атаумен жамағатар болып, тәкфіршілер, таблиғи жамағаты, хизбуттахрир, салафилер сияқты діни ағымдар пайда болды.
Қазіргі қоғамда солардың бірі оларды «салафтар» яғни, «жалған салаф жолын ту еткен» «сақалы бар, балағы жоқ.» «ақылы бар, жолы жоқ.», діни ағым мүшелері. Олар қоғамда діндегі парыз амалдардан сүннет амалдарды жоғары қойды. Жат ағым өкілдері дінге жанадан бет бұрған адамдарға кейбір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетті. Сенім дұрыс қалыптаспаған адамның жүрегінде күмән болғандықтан әркез мұсылмандардың арасында осы дертін жоюға тырысады. Яғни ақидадағы (сенімінде) қате түсінік еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі сабептердің бірі. Осы орайда олар басқа мұсылмандардың ақидасын қатеге шығарып, мұсылман жамағатының бірлігіне, бауырмашылығына жік салуда. Мұндай қате сенімнен әлбетте бас тартқан дұрыс. Исламдағы бауырмалдыққа балта шабуып, талас-тартысқа, жік-жікке бөлінуге алып келді. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі. Қазақ тарихында неше түрлі даулар болған: жер дауы, жесір дауы, ру дауы сияқты алайда, діни алауыздық, дін дауы болған емес. Сол үшін дінімізді қастерлейік, көлденең келген көк аттының сөзіне ілеспей, бірлігімізді, асыл дінімізді сақтайық.
Қорыта келе әлемдік қоғамда технология дамып, құстан артық ұшатын, әуе кемесін жасадық. Тұлпардан жүйрік автокөлікке міндік. Балықтан артық жүзген кемені жасап шығарсақта, адамға діни, рухани білім жетіспеуде. Діни ақпаратты да кезкелген негізі жоқ, бейресми ақпарат көздерінен емес. Берері бар, ресмей дерек көздерінен үйренсек дұрыс болар еді. Қазіргі уақытта діни білім дамып, имамдарымыз сауатты, дініміз бен дәстүріміз жанданып келеді. Дегенмен де кейбір жастар әлі де адасып, діни ағымның жетегінде жүр. Тек әрбір ақпаратты білімі бар, өз маманнан алған абзалырақ болады. Сонда ғана ешкім де ешқандай діни ағымға тап болмайды.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Сайрам ауданындағы теолог маманы
Битанов Жангелді Нұрғалиұлы
ДӘСТҮРЛІ ДІНІҢНЕН АЙНЫМА