Дәстүрдің шариғатындағы шарттары
Дәстүрдің шариғатындағы шарттары
08.12.2020
794
0

Қазақстан – зайырлы көп ұлтты, конфессиялық мемлекет. Елімізде әрбір ұлттың дінімен бірге өз салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары  қалыптасқан. Ұлт пен ұлтты бір-бірінен ерекшелеп тұратын тілі мен салт-дәстүрі. Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Ислам діні – тек белгілі бір араб ұлтына немесе ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа келген соңғы дін.Ислам діні кез-келген ұлттың тіліне, дәстүрлі ерекшелігіне қарамай бір-бірлеріңмен танысып, қарым-қатынас жасап, бір шаңырақ астында, бір атаның баласыңдай бірлікте өмір сүруді дәріптейді.  Бұл жөнінде, Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас  жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі»,-деп әрбір ұлт өз мәдениеті мен салт-дәстүрімен өмір сүріп, ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізі ережесін көрсеткен.

         Ислам дінінің құқықтық ережесінде, жергілікті халыққа сай бекітілген мәзһабы бойынша, кез келген ұлттың салт-дәстүрі дінге қарама-қайшы келмесе, оны дәстүр ретінде тұрмыс тіршілігінде ұстануға рұқсат етілген. «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар»,-демекші қазақтың салт-дәстүрлердің  қолдану тарихы Қазақстанға ислам діні VIІI ғасырдың ортасында келгеннен бұрын қалыптасқан. Сол уақыттағы ұстанған салт-дәстүрлерінің біршамасы әлі күнге дейін сақталып келген. Ислам діні келгеннен кейін де салт-дәстүрлер жалғасын тауып, ислам шариғатымен жанаса білген. Өйткені, ханафи мектебінің негізін қалап, сүнниттік бағыт көрсете білген Әбу Ханифа жолы халықтардың әдет-ғұрып заңдарын көбірек ескеретін болғандықтан, ата-бабамызға да бұл өте тиімді болған. Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі «дәстүр, әдет-ғұрып» сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері.Енді осы сөздердің әрқайсына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.

         «Дәстүр» сөзі де арабша«дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бір елдің конституциясы деген мағынада да қолданады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң, ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Ал, салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, тәлім, тәрбие тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық-өнеге тәжірибесін құра білген. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарған.

         Қазақша «ғұрып» сөзі арабша«әл-ъурф»сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. Ал, «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасында:     «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер», - делінеді.Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мәзһабының өкілдері шариғат ережесіне сай келген «ғұрып» нақты шарғи дәлел ретінде қарастыратындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ағраф» сүресі, 199-аятындағы: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол»,деген аятты алға тартқан. Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптынегізге алып, фиқһ (ислам құқығы) білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:

  1. 1.    Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
  2. 2.    Үкім шығарылған  уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады.
  3. 3.    Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.

         Осылайша, ғұрыптық шарттарға сәйкес қазақ халқы дәстүрінің озығы мен тозығын шариғат сүзгісінен өткізіп отырған. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау замандардан таныс болғандығын білдіреді.

         Қазіргі қоғамда діни ағымның жетегіндегі кейбір бауырымыз, халқымыздың  ежелден сақталып келген әдет-ғұрыптарын мүлдем жоққа шығарып, діни сезімге беріліп, бір діни ағымның ұстаз сымағына арқа сүйеп, «Біз тек Құран, Сүннетпен ғана өмір сүреміз. Бізге ұлттық сана, салт-дәстүр, керегі жоқ, ол біздің шариғаттан емес», деген ұранмен өз теріс діни сенімдерін тықпалауда. Бұл бірлік пен тыныштыққа сызат түсіруді көздеген дәстүрлі емес діни ағымдардың  саяси бір жоспары ғана.

         ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет-ұлттың гигиеналық коды», деп ұлттық құндылықтардың  айрықша орнын атап өткен. Еліміздегі әрбір дәстүрлі дін мен  сабақтасқан салт-дәстүріміз, қазақ халқының ұлттық мәдинетімен бірге әрбір ұлтың мәдениеті, салт-дәстүрі, өзінше мәртебе, ұлттық гигиеналық код болып қала береді. Ешқандай да діни ағым, саяси күш біздің елдің бірлігі мен тыныштығына сызат түсіре алмайды. 

        Дінімізбен сабақтасқан салт-дәстүріміз адамды тілім-тәрбиеге, әдепті болуға тәрбиелейді. Біз дәстүріміз арқылы өзге ұлтқа адамгершілік, көргенде көз қызығарлықтай өнеге қалдырсақ, сол біздің көркемділігіміз болып қала бермек.

         Қорыта келе Исламның сүзгісінен өткен салт-дәстүріміз шариғат заңдарына арқа сүйеген дәстүрлі ереже, атадан қалған өнеге, мұра болып табылады. Ұлтымыздың ерекшелігін білдіретін дәстүрімізді сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсыру сіз бен біздің борышымыз деп білемін.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Сайрам ауданындағы теолог маманы

Битанов Жангелді   Нұрғалиұлы 

0 пікір