Үстіміздегі жылдың басы елімізді ғана емес, халықаралық аренаны дүр сілкіндірер тосын жаңалықпен басталғаны рас. Олай дейтін себібіміз, 6-7 қаңтар күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Таяу Шығыс мемлекеттеріндегі (Сирия, Ирак) қақтығыс аймақтарынан «Жусан» әскери-гуманитарлық операциясы арқылы елімізге 47 отандасымыз алып келінді. Алғашқылардың легімен Отанына табан тірегендердің қатарында 6 ер азамат, 11 әйел азаматша және 30 балалар мен жасөспірімдер жалпы 47 отандасымыз болды. Бұл жұмыстар үлкен әскери-гуманитарлық операцияның бастамасы болатын.
Күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін қасиетті Рамазан айының бастапқы он күндігінде, нақтырақ айтқанда 7-9 мамыр күндері Отанына қайта қауышқан 231 отандасымыз елге жеткізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде: «Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды» - деп атап кеткен болатын.
Отанға оралғандардың ұзын-ырғасы 231 адамды құрайды. Оның 59-ы – әйел, 156-сы – өрімдей бала. Жаңа туған шақалақтардың да үні шығады. Елге қайтарылған балалардың 18-і – тұл жетім. Арнайы жасақ лаңкестік топтарға мүше болған 16 отандасымызды да елге оралтқан. Бұл жоба мұнымен аяқталған жоқ.
Қасиетті Қадір түнінің қарсаңында ботадай баласын сағынған отбасылар, анықтап кетер болсақ 28 және 31 мамыр күндері «Жусан» арнайы операциясының үшінші кезеңінде Сириядан 67 әйел адам, 171 бала, оның ішінде, 9-жетім, елге қайтарылып туған-туыстарымен қауышқан болатын.
Осылайша Ақорданың баспасөз қызметі үш кезеңнен тұрған «Жусан» операциясының аяқталғанын хабарлады. Ұзын-сонар 524 тағдыр өз Отанына қайта қауышты. Оның ішінде 357 бала, 137 әйел және 30 ер азаматтар бар.
Жоғарыда келтірілген деректердің ішінде жаза басып, жаңылысып, аяғының астындағы жұмақты көрмей, жаннатты алыстан іздеген Түркістан облысының тұрғындары да кездеседі. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған тағдардың иесі Түркістан облысының тумасы. Есімі – Ақмарал (автор тарапынан есімі өзгертілген).
Ақмарал 2013 жылы күйеуіне еріп Сирияға аттанған. Алайда күйеуі көп өтпей, бір жылдың ішінде қарулы қақтығыстардың бірінде қаза болған. Соғыстың ошағында өткізген 6 жылдың ішінде өз күйеуін қоса есептегенде үш рет тұрмысқа шыққан (Сирияда екі рет тұрмыс құрған). 6 перзенттің анасы Ақмаралдың тұңғышының сүйегі де қарулы қақтығыстар аймағында қалып қойды. Қазіргі таңда Ақмарал 5 перзенттің анасы. Жасы – 38-де.
Ақмарал 2009 жылы намаз оқып бастаған. Күйеуінің ықпалымен «сәләфилік» идеологияны қабылдап, санасына сіңіреді. «Сәләфилік» идеологияның нәтижесінде біз салт-дәстүрден, мәдениеттен қол үзе бастадық дейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба ұстанымынан теріс айналып, әрбір істі ширкке (Аллаға серік қосуға), бидғатқа, күпірлікке балай бастадық. Оның үстіне тұрмыстық жағдайымыз да аса жақсы бола қойған жоқ. Шынымды айтқанда ол жақта (Сирияда) шынайы Исламға негізделген ақиқат өмір, әділдік пен туралық бар деп сендік.
Осылайша 2013 жылы күйеуім бізді алып Түркия арқылы Шам өлкесіне һижрет жасауға алып кетті. Өкінішке орай өзі көп өтпей қайтыс болды. Ал біз балаларымызбен жалғыз қалдық...
Ол жақта әйелдердің ерсіз жалғыз жүруі қылмыспен тең саналады. Сондықтан маған тұрмысқа шығуға тура келді деп сөзін жалғастырды кейіпкеріміз. Бір қызығы өз Отанында жүргенде мұсылмандардың ұлтқа, руға бөлінгенін, салт-дәстүрді ұстанғанын дұрыс емес деп жүрген кейіпкеріміз Шам өлкесінде екінші рет тұрмыс құратын тұсында ру сұрасқан екен. Ол жақта екінші рет тұрмыс құратын кезімізде мен өзім ру сұрастырдым дейді. Кейіпкеріміздің руы – тобықты болса, екінші тұрмыс құрған күйеуінің руы – найман болыпты. Осылайша олар неке қидырып, тұрмыс құрған. Ақмарал өз сөзінде «Дәстүрден аттасақ та, ұлтымыздан, руымыздан аттай алмадық» - дейді. Расында да, салт-дәстүр ұлттың негізі, әрбір ұлт екінші бір ұлттан, тілі, діні, тарихы, мәдениеті һәм салт-дәстүрі арқылы ерекшеленеді.
«Руды сұрау – үлкен ұлағат екен. Ұлтымыздың өзара ру сұрасуын жаман әдет деп айта алмаймыз. Осы арқылы өз тектерін біледі әрі танысқан қыз-жігіт ара туыстық байланыстың алыс-жақындығын да айырады. Тағы бір жағынан осы заманғы медицинаның дамуы – жеті атаға толмай қыз алысудың ұрпақ саулығына үлкен зиян екенін дәлелдегеннен кейін де болып отыр» - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Өмір жолында үш рет тұрмыс құрған кейіпкеріміздің өмірлік жолдастарының барлығы бақилық болған. Қазіргі таңда 5 баласымен өз ата-анасының, туысқандарының жанында өмір сүріп жатыр. Ең бастысы соғыстың ошағынан туған елге жеткізген мемлекет басшысына, құрылымдық күштердің қызметкерлеріне алғысы шексіз...
Бір кездері күйеуінің сеніміне соқыр еріп, өзінің туған ата-анасын «кәпір» деп тастап кеткен Ақмарал бәрін де кеш те болса түсінген. Қазір екі сөзінің бірінде Шал ақын Құлекеұлының:
Мекке менен Мадина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой, барған кісі.
Ата-анаңды егерде құрметтесең,
Жаннат болып табылар үйдің іші, - деген өлең жолдарын ауызынан тастамайды. Ең бастысы Ақмарал жаннатты жақындарынан, өз ата-анасының разылығынан, жанында жүрген жақсы адамдардан іздеуді түсінген...
Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директоры м.у.а. Медет Халықов