Дала заңдарының ислам шариғатымен байланысы
Дала заңдарының ислам шариғатымен байланысы
29.05.2023
1034
0

Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор.

Қазақ отбасының басында әке тұратындықтан, туысқандық қатынастар әке жағынан басталып, «жеті атаға» дейінгі аралықтағы туыстар (жеті ата – 200 жыл шамасын қамтиды) «қандастар», «аталастар» саналған. Немере-шөбереге дейін – «ата баласы», ал жеті атаға дейін – аталастар, одан кейін – туысқан-руластар, тайпаластар, жүздестер саналған. Ал әйел жағынан туыстық «құда», «нағашы», «жиен» секілді жақындықтардан құралады. Отбасында әке рөлі күшті болған. Сондықтан да қазақтар пәленшенің баласы, пәленшенің ауылы деп, сол әке атымен атаған, бөлек үй болғанымен, өз атымен атамаған. Ислам діні ер азаматтың және әкенің орны ерекше.

Қазақтарда ұлдардың үлкені мен кішілерінің қарым-қатынасы әке мен бала қарым-қатынасындай. Үлкенді сыйлау, оны тыңдау – қазақтардың мықты ұстанған жолы. Үлкенді құрметтеп, сыйлағандарды тәртіпті, көрегенді санаған. Әрине, бұлар өздері ертең үлкен болып, қартайғанда соңғылары да өздеріне дәл осындай құрмет көрсететінін жақсы түсінген. «Әкеңе не жасасаң, алдыңа сол келеді»,-деп халық текке айтпаса керекті. Оған Пайғамбар (с.а.с.) мына хадисі дәлел болады: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес»,-делінген Пайғамбардың (с.а.с.) Әбу Даудтен жеткен хадисі бойынша.

Жаңа туылған балаға ат қою да көбіне ақылдасып шешілген. Дегенмен ұл балаға әкесі, қыз балаға шешесі немесе әпкелері ат қойған. Азан шақырып ат қою рәсімінде Пайғамбар (с.а.с.) өзінің немерелері Хасан мен Хусейн оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсірген рәсімін орындап келеді.  Исламға дейін бала есімдерін, Исламнан кейін оның әсерінен қойылған есімдерден оңай ажыратуға болады. Арабша мәнді есімдердің біразы Ислам әсерінен енген. Дегенмен Пайғамбар (с.а.с.) өзінің хадисінде: «Балаларыңа жақсы ат қойыңдар, өйткені олар сол аттарымен қияметте шақырылатын болады»,-деген.

Қазақ жас балаларды еңбекке үйретуді ерте жастан бастаған. Үш-төрт жасынан қыз шешесіне, бала әкесіне жақын жүріп, солардың кәсіптеріне әуестене бастайды. Шешесі қызына үй тіршілігіне қажетті нәрселерді: тігіншілікті, тамақ даярлауды, қонақ күтуді т.б. үйреткен. О бастан-ақ қазақ халқының сүйікті ойындары: атпен шабу, садақ ату, қазақша күрес, аңшылық және т.б. қарқынды дамыған. Осының барлығы баланың жастайынан шынығып, мықты болып өсуіне, былайша айтқанда дене тәрбиесіне зор мән берілген. Байхақи ибн Омардың риуаяты бойынша Пайғамбар (с.а.с.) тәрбие мәселесінде өзінің хадисінде балаларға күрес, садақ ату, жүзуді үйретіңдер деп өсиеттеген.

Түркі халқына ортақ тұлғалар, жыраулар мен ақындар кейінгілерге діни уағыздың сара жолын салып кеткен, жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткен. Мысалы, Ахмет Иүгінеки:

Бір Алла, өлтіретін, тірілтетін,

Көрерсің сен де оны көзің жетіп.

Иесі құдіреттің жалғыз Құдай,

Өлгендерді тірілту оған оңай,-десе, Мұқағали Мақатаев:

Дін – ғылымның атасы,

Дін – ғылымның анасы,

Ғылым – діннің баласы,-деп, ғылым білімнің негізі дінде жатқандығын еске салады. Бұдан қазақ халқының болмыс-бітімінің, мәдениеті мен әдебиетінің, салт-дәстүрінің Ислам дінімен біртұтас екендігін көреміз. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар»,-демекші, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлігі бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.

 

 

Теолог маман                                                         А.Борибекова

0 пікір