Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын
Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын
05.03.2024
709
0

Мақаламыздың тақырыбына арқау болып отырған тұлға, Алаштың ардақтысы, елінің мақтанышы, ұлтымыздың даңқты ұлдарының бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Тұлғаны қалыптастыратын, зиялыларды ұлттық мүддеге қызмет етуге жетелейтін – елге деген құрмет және елі үшін күйіп-жану.

         Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Осындай дараның дүниеге келгеніне биыл – 135 жыл. Елі үшін ерінбей терін төгіп, жұрт үшін жүгіріп қызмет еткен ұлт жанашырларының бірі.

         Болашақ жазушының алғаш сауат ашқан жері Әбділда Хазірет салдырған медресе. Ол жерде Жүсіпбек 5-6 жыл дәріс алды. Тіпті, бала молда атанып, шәкірт оқытқан. Сауатын ауыл молдасынан ашқан Жүсіпбек Баянауылда, Павлодарда орыс-қазақ мектептерінде оқиды. Болашақ жазушы кей кездері бала оқытып, ақша тауып жүрді. Содан 1911-14 жылдары ауылда мұғалім болып жұмыс істеп, ауыл балаларының сауатын ашады. Ал 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына қатысқан.

         Ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның артынан қалдырған рухани байлығы орасан зор. Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында атап көрсеткендей: «Адамның денесі қандай мысқалдап өсіп, жетілетін болса сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіліп, өркендемек: адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезімі де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап, жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды». Жүсіпбек Аймауытов ұлт, қоғам, адам мәселесіне осылайша терең көңіл бөлу керектігін айтқан.    

         Жүсіпбек Аймауытов адам жанының инженері бола алды. Қазақ психологиясының негізін салған адам десек қателеспейміз. Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы ел астанасы Қызылордадан басылып шыққан «Психология» кітабы мен Мәскеуде сол жылы Күншығыс елдерінің баспаханасынан жарық көрген «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты ғылыми кітабы талай ұрпақтың ғылыми сауатын ашып, теориялық һәм практикалық зор міндет атқарды. Жүсіпбек Аймауытов қарапайым адамға жұмбақ сияқты көрінетін психикалық құбылыстардың себептерімен, сырларымен таныстыра отырып, соған қарапайым тілмен жауап беруге ұмтылады. Еңбекте психология ғылымы, оның тарихынан хабардар етеді. Қазіргі уақытта психолог мамандардың инстаграм парақшасын немесе кітаптарын ашып қарасаң, адамға ең алдымен өзін дамытуға кеңес береді. Өзін дамыту, өзін жетілдіру арқылы өзгеге өнеге болатынын адамның өзі өзгергенде ғана жанындағы адамдар өзгеретінін айтып жатады. Мұндай зерттеу Жүсіпбек жазған психологиядан бастау алатынына көз жүгірттік. Демек, кейде ақылы психолог курсына жазылғаннан гөрі, «Психология» кітабын әрбір адам оқыса, біраз ақыл-кеңес пайдасына жарары анық.

         Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды. Ж.Аймауытов өнегелі ортадан бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.

         Бала тәрбиесінде туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-сана­сының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді.

         Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, тұйық болады, – деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.

         Жүсіпбек Аймауытов тек қана шығармашылықпен ғана айналысып қоймай, өз кезегінде елдің ертеңі үшін тер төкті. 1926-1929 жылдары Шымкент қаласында педагокалық техникумның директоры болып қызмет жасаған. Осы жылдары қазақ тарихының қамы үшін қаламын ұштап, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ер түріктің данасы мен аңызына айналған Қ.А.Ясауи мұраларын зерртеп, тарихқа алтын әріптермен жазылатындай мұра қалдырып кетті.

         Тағдырдың тәлкегі Жүсіпбек атамызды аямады. Түрлі айыптар тағылып, қолына кісен байланып, жазықсыз жала жабылды. Жүсіпбек Аймауытовқа Кеңес үкіметін құлату үшін астыртын контрреволюциялық ұйым құрды, әскери жасақ құруға ұмтылды. Сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп алып кетпек болды. Англиямен астыртын байланыс орнатып, Қырда көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлаған. Тіпті, қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтірмек болған деген жала жабылды. Осындай жаланы арқалаған жазушы кінәсі дәлелденбесе де жазықсыздан жазықсыз айдалып кете барды. Ж.Аймауытовтың өмірі 1931 жылы, 42 жасында, нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды.

         Өзінің қысқа ғана ғұмыр жолында керемет үлгі-өнеге көрсете алды. Жүсіпбектей атамыздың мына бір сөзі өскелең жас ұрпаққа өмірлік ұран болуы қажет: «Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын». Даралардан қалған даналықты еш ұмытпауымыз тиіс.

 

 А.Тағай

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы                                                                              

0 пікір