Бейіт басына топырақ салудың сыры
Бейіт басына топырақ салудың сыры
13.03.2020
4817
0

 

 Қазақта «топырағы торқа болсын», «келін енесінің топырағынан жаралған екен», - деген сөздер бар. Мұның астарында адам баласының о баста топырақтан жаралғандығына, оның түптің түбінде топыраққа қайтатынына ишарат бар. Бұл ақиқат Құран аятында былайша баяндалады: «...Сендерді топырақтан жаратуы. Сосын сендер адам болып, тарқаласыңдар...»[1]. Шортанбай Қанайұлы бұл аяттарды төрт қатар өлең шумағына сыйғыза білген.

Атамыз Адам пайғамбар,

Топырақтан жаралған.

Мұсылман, кәпір, халайық,

Сол Адамнан таралған.   

Салтымыздың бұлжымас қағидалары бойынша дүниеден өткен жанның денесі топыраққа берілуі тиіс. Себебі, адам баласының негізі топырақтан жаралған. Ендеше, топырақ – оның шыққан тамыры, былайша айтқанда түп негізі.

Расында да мұсылман жұртында қайтыс болған адамды шариғат жолымен ақтық сапарға шығарып салу тірілердің марқұмға көрсеткен соңғы құрметі мен қызметі болып есептеледі. Марқұмды жерлегенде топырақ салу арқылы адамдар өмірден өткен адамға деген ниеті ақ, пиғылы таза екенін, қаралы үйдің қайғысына ортақтасқан мұсылманшылығын көрсетеді. Марқұмды жерлеу шариғат қағидаттарына сай жүргізелетіні белгілі. Елімізге кейіннен келген түрлі жат идеологиялардың әсерінен болса керек, халық арасында «Бейіт басына барып Құран оқуа бола ма?», «Бейітке топырақ салу шариғатға қайшы емес пе?», -  деген секілді сауалдар кездесіп жатады. Бір нәрсені ескеру керек, қазақы салт-дәстүрлер көп жағдайда шариғатпен біте қайнасып кеткен. Шариғатқа томпақ келетіні кемде-кем. Бұған дәлел ретінде дінімізде бейіт басына барып топырақ салуға байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінің бірін келтіруге болады. Ибн Мәжәның еңбегінде Әбу Һурайрадан (р.а.)«Алла елшісі жаназа намазын оқығаннан кейін, қабірге келіп, (қабірдің) бас жағына үш рет топырақ лақтырды», - деген хадис келеді.

Бізде қалыптасқан әлгіндей дәстүрдің негізі осы секіліді хадистерде жатыр деп айта аламыз. Бұл салт мәйітті қабірге қойып, көмуге дайындалып жатқанда қабір басына келген қалың жұртшылықтың бір-бір уыс топырақ алып қабірге тастауы арқылы жүзеге асады. Мұны сүннет амалына жатқызамыз. Кейбір ғалымдар өз еңбектерінде бұл амалды мұстахаб амалға жатқызған. Бұл жердегі жамағат болып топырақ салудың мәні Исламдағы мейірімділік, ауызбіршілік пен бауырмашылдықтың жоғары деңгейде екенін көрсетеді.  Қазақ халқында «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, қосылып еккен ағаш – орман», - деген атадан қалған нақыл бар. Осы ынтымағымыз қазір қандай деңгейде? Діни жораларға барсаң қабір басында «Құран оқуға болмайды», «анау бидғат», «мынау ширк», - деген секілді болмашы дүниені дауға айналдырған жұртшылықты аңғара қаламыз. Мұндай талас-тартыстың төркіні қайда? Бұл біріншіден білімсіздік, екіншіден ауызбіршілігіміздің әлсірей бастағандығы. Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз қуанышын да,  қайғысын да бірге бөліспеп пе еді?!

Біздің қоғамымызға қазіргі таңда ең керегі – бірлік пен татулық. Дін де ұлтқа, қоғамға, ұлыс пен ұлттардардың бірлік үшін іс қылуын насихаттайды. Ендеше, біз де ата-бабамыздың мыңдаған жылдар сүзгісінен өткен, сол арқылы өзінің өнегелі-үлгілілігін, өміршеңдігін дәлелдеген салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, әсірешілікке салмай, ауызбіршілігімізді сақтағанымыз абзал. Сөз соңын Елбасымыздың мына сөзімен қорытындыласақ «Ең асыл қазына – бірлік», «Жаулықтың ең үлкені, ең қиыны - ынтымақ үшін ымыраға бара алмау».

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің басшысы М.Мұстафаев



[1]«Рум» сүресі, 20-аят.

0 пікір