Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық
Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық
20.11.2023
1566
0

Туған жер – әрбір адам үшін ыстық мекен. Туып-өскен жер – әр адамның жүрегінің төрінен орын алады. Себебі, ол – киелі мекен, қастерлі қоныс, кіндік қаны тамған жер. Отанның киелі болуының себебі де осында. Кіндік қаның тамған жер болғандықтан да, оның жай ғана кішігірім жасыл алаңқайының өзі – сен үшін асыр салып ойнайтын кең жайлаумен тең. Өз Отаныңда өткізген әр күнің – бақыт. Оның көз тойдырмас тұмса табиғатын тамашалау, ашық-көк аспанын көру, жоғарыдан төмен құлаған келте самал желін сезіну - ерекше бақыт емес пе?! Ал кейбіреулер осы бақыттан бас тартып, өзгенің бақытты мекеніне асығады. Ол мекеннен мың есе әдемілік, мың есе тыныштық табатын шығар. Алайда, туған жердің түтіні де тәтті. Өзге жерден не тапсаң да, туған жеріңнен тапқан дүниемен теңесе де алмайды. Міне, әркімнің Отанының осындай жұмбақ тартылыс күші бар. 

Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе мен үшін туған кент. Туып-өскен жерде адамның көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағы өтеді. Үйдің маңындағы аулада ойнап, бау-бақшаға барған көше есіңде тұрады. Сол кездер өте ұзақ болып көрінеді. Туған жер ұзаққа қиып жібермейтін. Сен әрқашан өзің бармасаң да, оймен қиялдап туған көшені, есіктің алдын, «Қызым, ұлым үйге кір...» деген ананың сөздерін еске түсіресің. Жүректің әлсіз дүрсілі естіледі.

Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достастықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әр түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер еңбектенуде. Бірлік, ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық – қазақстандықтардың қалауы. Олардың тағдырын, өмір тарихын тыңдағанда менің елім одан сайын маған жақындай түседі, оны жақсырақ түсіне бастаймын. Біздің отбасы тарихымыз мыңдаған басқа отбасылардың тарихына ұқсас. Өмірдің қиын кездерінде, ауыр жұмыстарда, өтіп жатқан күндер мен мерекелер де әр түрлі ұлт өкілдерінің пікірі қалыптасты. Адамзат баласының татулығына ұмтылу әр халықтың қанында бар, әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл Қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын Қазақ халқының мінезінен жаралған. Осында тұрушылардың барлығы Қазақ халқының тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білуі келек. Қазақстанда тұратын барлық халықтың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем Қазақстан жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.

Әл-Фарабидай адам үшін дүниеде ең қиын не нарсе,- деп сұраса, ол: «Туған жерге сағыныш»,-деп айтқан екен. Қазір біздің елден жүз-жүздеп, мың-мыңдап отандастармымыз кетіп жатыр. Әркім әр жерде, әр елде қызмет ете берсін дейік. Бірақ олардың туған жерге, туған елге деген сарыла сағынатынын айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың ішінде де, «Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық» деп оңашада «Аһ» ұрмайтынына кім кепіл?!

Бақыттың формуласы – бар кезде бағалау. Ал туған жеріңде бақытты ғұмырыңның жалғасқанын қаласаң – Тәуелсіздігіңді бағалай біл. Еліңді қорға. Туып-өскен жеріңді қорға. Міне, сонда ғана бақытыңның ғұмыры ұзақ болады. Қай мемлекеттің азаматы болса да, өз елінің әлеуметтік-саяси жағдайына да, халықтық жағдайына да шүкіршілік ете білуі керек. Себебі, бізден өзге елдердің хәлі бұдан да мүшкіл. Біздің екі көшбасшыларымыздың сындарлы саясаттарының арқасында арайлы таңды қарсы алып, шуақты күнде шомылып жүрміз. Ең бастысы, төбемізде – көк аспан. Күнделікті төбелерінен оқ борап жатқан елдерге қарап, өз Отанымызға қанағат етуіміз керек! Мәселе тек қана біздің елде ғана емес, тіпті, керемет дамыған, алдыңғы қатарлы елдердің өзінде де бар. Мәселенің барлығы тек сабырмен шешіледі.

Тәуелсіз, мәңгілік елді қаласақ – елім деп еміренген ұлымыз, жалындаған жастарымыз, тілі мен ұлтын құрметтеген халқымыз болуы керек. Сонда ғана, Қазақстан одан әрі дамып, мәңгілік ел қатарына қосылып, бүкіл дүниежүзін мойындататын жарқын болашақты ел болмақ.

 

Бекзат Тұрарбек 

Теолог маман                                                                      

0 пікір