Халқымыздың сан ғасырдан бері даналығына құлақ салсақ «Адамның бақыты балада» деген. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен кенелетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Алайда «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек.Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндеттен тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінің алғашқы ұстазы ата-ана болып табылады. Тәрбие отбасынан басталады. Болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалында болады.
Яғни, қазақ халқы ұл дүниеге келгенде ел қорғайтын азамат туды деп мақтанып, масаттанады. Сондықтан да ұл баланы асқар тауға, алынбас қамалға,алмас қылышқа, қайратты бүркітке теңейді. Ал қыз бала дүниеге келгенде елге, өмірге көрік берер қыз туды деп мәз-мәйрам болады. Өйткені, қыз бала тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығының байлығымен өмірді мәнді де, сәнді етеді. Оларды гүлге, күнге, айға теңейді.
Кезінде атақты философ Платон қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын былайша пайымдаған екен. Егер ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле. Бұл тұжырымның тамыры өте терең екенін біз тарихтан көріп отырмыз. Соның жарқын бір дәлелі Томирис Патшайымның Кир Патшаға айтқан сөзі: «Мен – елімнің патшасымын. Мен иілсем – елімнің иілгені. Кир патша көзін маған емес, менің еліме салып отыр. Ал мен еліме бұғау салдырмаймын, ата-баба аруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып, қорлатпаймын. Соны есіне сақтасын Кир патша! Қандай ерлік? Елге, жерге деген неткен сүйіспеншілік?
Көріп тұрғанымыздай болашақ ұрпақты дұрыс тәрбиелеу – қоғамдық міндет. Бұл тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық және ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс. Сол үшін үнемі оқуымыз керек, ата-ана мектебінен өтуіміз керек. Сонда ғана ұрпақ болашағы жарқын болмақ. Ұлды тәрбиелесең елді тәрбиелейсің, қызды тәрбиелесең ұлтты тәрбиелейсің. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» - А.Құнанбаев.
Тәрбие арқылы адам тағдыры шешілетінін, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді.
Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты. Бауыржан Момышұлы былай деген: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші-баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі-немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі-бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан» - деп бекер айтпаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Ана сүтімен біткен мінез сүйекпен кетеді». М.Жұмабаев атамыз айтқандай: «Бесік жырын айту әр ананың сәби алдындағы қасиетті парызы. Бесік жырын тыңдап өскен бала ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін алады». Әбу Насыр Әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім құмға сіңген су секілді» - деген. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап ізгілік, мейірімділік, инабаттылық сезімдерін ата қанымен, ана сүтімен бойымызға сіңген қасиеттер. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, адамгершілік, ізгілік, ұяндық, пәктік қасиеттерін қалыптастыру ата-аналар мен ұстаздардың міндеті. Халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп бекерге айтпаған. Дана халқымыз: «Адамның бақыты – еңбекте» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам өз қадірін, құрметін сол адал еңбегі арқылы алады. Ата-аналар балаларын жастайынан-ақ еңбек етуге, қандай қиыншылықтар болса да төзіп, оны жеңуге үйретіп келген. Олар бірер жұмыс істегенде перзенттерін жанына алып, олар ығыр болып кетпейтіндей дәрежеде жайлап түсіндіріп, үйретіп отырса, балалар жұмысты тындырымды істеуге қалыптасады. «Әкенің кәсібі, ананың рәсімі» деген қағиданы ұмытпауымыз керек. Яғни, балаларды жастайынан әке кәсібіне, ал қыз балаларды анасының рәсіміне баулу бұрыннан келе жатқан дәстүріміз.
Қорыта келе, бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» - деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы шешуші рөл атқарады.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев
Бала - басты байлығымыз, ең асылымыз – оның тәрбиесі