«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды бұйырды»
(«Исра» сүресі, 23-аят)
Әрбір адамның жарық дүние есігін ашуына себепші – әке шешесі. Перзенттерінің олардың алдындағы қарыздарының салмақтылығы соншалықты, Құран аяттары мен хадистерде егжей-тегжейлі түсіндірілген. Халқымыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам дінінде ата-аналарды қуанту және оларға жақсы қарым-қатынаста болу үлкен ғибадат болып табылады. Құранның көптеген аяттарында ата-аналарға жақсылық жасау және олар үшін дұға ету туралы айтылған. Атап айтқанда, Алла Тағала өзіне құлшылық етуді бұйырғаннан кейін, ата-аналарға мейірімділікпен, көркем мінезбен мәміледе болуды Құранның «Ниса» сүресінің 36-аятында былайша бұйырды: «Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Және әке-шешелеріңе жақсылық қылыңдар.» Ал, «Бақара» сүресінің 215-аятында Жаратушы адамзат баласына қайырымдылық,жақсылық жасауға ең лайықты кісілер әрбір адамның өз ата-анасы екендігін анық айтады: (Уа, Мұхаммед!) Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар: Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де.
Ең аяулы, қымбатты жандарды Жаратушы өзінің аяттарында дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Алла Тағала ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде «Исра» сүресінің 23-аятында былайша бұйырады: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр».
Бүгінгі таңда қоғамның тыныштығын бұзу жолында «аянбай тер төгіп жүрген», тырнақ астынан кір іздеп, құлшылық ғибадатын орындамаса туған әке-шешесін де «кәпірсің» деуден тайынбайтын жат ағым өкілдерінің анық адасуда екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Кез келген жаратылыстан жоғары етіп жаратылған, өзгелерден ерекше етіп ақыл-ой, сана берілген адам баласына әрбір мәселеде ақыл жүгіртіп қарау неліктен қиынға соғып жатады? Әсіресе, деструктивті діни ағым өкілдеріне. Жаратушы өзінің разылығын табуды әр адамның әке-шешесінің ризашылығынан іздеуді бұйыруы тектен еместігін түсіну үшін әлгіндегідей жат ағым өкілдеріне не кедергі? Алысқа ұзамастан осы сұрақ астарынан жауап іздеп көрелік.
Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Отан отбасынан басталады десек, отбасының қос бірдей тірегіне қарата айтылған әлгіндегідей ауыр сөздер,құрметсіздік тікелей қоғамға қарата жасалып жатқан шабуылмен тең. Өз әке-шешесін құрметтей алмаған адамның Ислам секілді тек қана ізгілікке бастайтын діннің атынан сөйлеуге ақысы жоқ! Білімі таяз, түсінігі тар жат ағым өкілдерінің көксегені – дін атын жамылып, шынайы Ислам атын кірлетіп, кез келген құндылықты аяқ асты етіп, өз мақсат-мүдделеріне жету екенін туған әке-шешесін құрметтей алмауынан да аңғаруға болады.
Адам құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді әрбір адамға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат.Дін саласында қызмет етіп жүрген мамандарға таныс жағдай, деструктивті діни ағым өкілдері кейбір мәселелер жайында сөз қозғалғанда «Құранда бар ма?» «Пайғамбар дәуірінде болды ма?» дегендей сауалдар қойып жатады. Сондай жат ағым өкілдерінің құлағына алтын сырға әрбір адамның ата-анасын сыйлап, оларға жұмсақ қарым-қатынаста болу біріншіден Алланың бұйрығы! Ол туралы Құранда келтірілген! Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) Аллаға құлшылық жасаудан кейінгі ең сауапты амал ата-анаға жақсылық жасау екенін үмметіне жеткізуден шаршамаған! Ал, әлгіндегідей дінді жек көрінішті етіп көрсетіп жүргендердің осы айтылған дәлел-дәйектерді көзіне де ілмей, өз ата-анасына қарата тұрып, бөгде адамға да айтуға тіл бармайтын сөздерді айтуын сіз қалай ақтар едіңіз? Мұны ақтаудың жолы жоқ! Бұндай жағдайлар ондайлардың дінді дұрыс түсінбей, өзімен қоймай, өзгелерді де адастырып жүргендігіне айқын дәлел болмақ!
Алла Елшісіне тізе бүгіп тәлім алған сахабаларбірі, аты әлемге әйгілі тәпсір әрі фиқһ мектебінің негізін қалаушы Абдулла ибн Масғуд былай дейді: «Бірде Алла Елшісінен (с.а.с.): Алла Тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді? - деп сұрадым. Ол: Уақытылы оқылған намазды, - деді. Мен тағы: Одан кейін ше? - деп сұрағанымда: Ата-ананы құрметтеуді,- деді. Үшінші рет: Одан кейін ше? дегенімде: Алла жолындағы күресті деп жауап берді. Егер де мен одан әрі сұрай бергенімде Алла Елшісі жауап бере беретін еді», - дейді (Бұхари риуаяты). Демек,Алланың разылығы – ата-ананың ризашылығында екен. Себебі ата-ана разылығына бөлену ең үлкен бақыт. Олай дейтініміз ата-ананың шынайы жасаған дұғасын Хақ тағала қабыл етеді. Ол туралы Алла Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Олармен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпірдің дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы» (Тирмизи риуаяты).
Ата-анасының қадірін түсінбей жүрген жандар үшін жоғарыда тәлімі терең дүниелермен бөлістік. Ешқандай мәселе ешбір адамның өз әке-шешсіне құрметсіздік көрсетіп оның көңілін жығуға себеп бола алмайды. Бұндайда дана қазақ «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» - деп, қандай жағдай да ата-анаға лайықты құрмет көрсету керегін ұқтырады. Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамшылығының белгісі. Сондықтан біздің Ислам дінінде де, ділімізде де, дәстүрімізде де «ата-ана» ұғымы қастерлі де қасиетті. Әр адамның ата-анасы ең қадірлі баға жетпес байлығы екенін көрсете отырып, оларға жақсылық жасау қаншалықты игі іс екенін жеткізуді Шал ақын былай деп жырлаған екен:
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
Қорыта айтқанда, Ата-анаға бой ұсыну, оларға құрмет көрсету – Алла Тағала және оның Елшісінің (с.а.с.) балаға міндеттеген ең маңызды істерінің бірі. Сол үшін халқымызда «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет» -деп текке айтылмаған. Бұл – баршамыздың борышымыз. Алайда қазіргі таңда өз міндетіне селқос қарап, ата-анасына құрмет көрсетпей жүрген жастар қаншама. Қызмет ету былай тұрсын, балалардың ұрысқақ, долы, дөрекілігі әке-шешенің жатса-тұрса жадынан шықпайтын азабына айналып, қабақтарынан кірбің кетпейтін жайттар кездесіп жатады. Бірі ата-анасын балағаттап төбелеп жатса, екіншісі әйелінің сөзіне еріп қарттар үйіне тапсырап жатады. Сондай-ақ, мұсылман ата-анасын кәпірге санап, перзенттік міндетін атқармай жүргендер де баршылық. Бұлардың барлығы перзенттің ата-ана алдындағы парызын білмегендіктен. Ата-анаңа қалай құрмет көрсетсең, өз балаңнан да солай құрмет көрерсің. Өз балаңыздан қандай жақсылық күтсеңіз, ата-анаңызға сондай жақсылық істеңіз. Себебі не берсеңіз, соны аларсыз, не ексеңіз, соны орарсыз. Жақсылық қылсаң да өзіңе, жамандық қылсаң да өзіңе емес пе?! «Ата-ана не қылсаң, алдыңа сол келер» деген. Ақ жаулықты, ақ шашты өз аналарымыз бен асқар таудай әкелерімізді ардақтап, көңілдеріне қаяу, жүректеріне қайғы түсірмеуді санаға түйіп, әсте жадтан шығармауға тиіспіз!
М.Салиходжаев
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы теолог маманы
Ата - анаңды құрметтеу – перзенттік парызың