Әйел адамның күйеуі алдындағы міндеттері
Әйел адамның күйеуі алдындағы міндеттері
23.07.2020
4350
0

Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды базалық танымды отбасынан алады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - деп бекер айтылмаса керек. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие береді, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды  үйретеді. Әсіресе, отбасылық өмірде ана үлкен рөл атқарады. «Ана-отбасы жүрегі, мейірімділіктің тірегі» - демекші, әйел заты жанұяда ер азаматымен өзара гармониялық қарым-қатынаста болатын болса, бірлігі жарасқан отбасы ретінде әйел  адам өзінің отбасын бақытты ете алады. Ал бұл төңіректе шариғаттың әйелдерге қатысты үкімдері де әйелдің табиғи болмысына үйлеседі, оның ар-намысын сақтап, бақытқа жетелейді. Жалпылай айтар болсақ, әйел адам ер адамның өмірінде төрт түрлі рөл атқарады. Ол аяулы ана, асыл жар, қадірлі әпке-қарындас немесе қыз. Осы рөлдердің әрқайсысы ер азаматқа үлкен ықпалын тигізеді. Егер әйелдің иманы болса және өз дінін білсе, онда ол ана ретінде балаларын шариғат талаптарына сай бағып-қағады. Жар ретінде күйеуіне адал болады. Әпке-қарындас ретінде ағасына немесе інісіне қиындықтарда демеу болады. Қыз ретінде әкесіне қамқорлық танытады. Осылайша, әйел өмірге сән де береді, мән де береді.

Бұл тұрғыдаәйел адамның мұсылман қоғамындағы орнын реттеп отыратын және Алла Тағаланың оған берген жұбайлық және аналық рөліне қатысты Ибн Омардан риуаят етілген өте маңызды хадистердің бірінде:
«Әйелдеріңді мешітке барудан қайтармаңдар, бірақ, олар үшін үйлері жақсырақ» - делінген.

Ислам діні әйелдерге жақсы жар және жақсы ана болуды әмір еткенінде ғана емес, сонымен қатар, Жаратушы Ие тарапынан осыған қатысты бірсыпыра шариғаттық үкімдерді берді. Сол үкімдерді орындау арқылы әйел Алланың разылығына жетіп, жақындарының махаббатына ие бола алады. Мұның негізі әйел адамның үйінде отыруы абзалырақ екендігі және оның үйінде болуы Алланың разылығына бастайтын жол. Мешітке парыз етілген жұма намазына немесе абзал болған жамағат намазына бара жатқан ер адам Раббысының Рақымына ұмтылғаны секілді, Алланың әміріне бағынамын деген ниетпен әрдайым үйінде отыратын әйел де, ерлермен салыстырғанда, аса қатты күш жұмсамай-ақ өзінің Раббысына жақындай түседі. Алайда, бұл әйел адамды үнемі үй шаруасына салып, тек үйде отыруы дегені емес... Отағасы отбасына уақыт бөліп, бір мезгіл әйелінің көңілін аулап отыру керек. Мысалы, Алла Елшісі сапарға шыққанда жарларын (жеребе бойынша) өзімен бірге алып жүретін. Айша анамызбен бірге аңға шыққанда онымен әзілдесіп, тіпті жүгіруден жарысатын. Бірде пайғамбарды көршісі қонаққа шақырады. Сонда ол Айшаның да қатысуын өтінеді. Көршісі бұған келіспегендіктен, өзінің де да бара алмайтынын айтады. Ол бірнеше рет шықарғанымен, пайғамбар бәрібір бас тартады. Тек Айшамен бірге баруға келісім береді. Ақыры Алла Елшісінің айтқанына көніп: «Айша да келсін», - деген екен. Сөйтіп, ол аяулы жарын бірге ертіп барады.

Ал әйелдің күйеуіне шүкірсіздік танытуы берекесіздіктің, кедейліктің кілті болып есептеледі. Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Мен Тозақты мекендеушілердің көпшілігінің әйелдер екенін көрдім. Өйткені, олар күпірлік танытты». Сонда сахабалар одан: «Аллаға күпірлік пе?» - деп сұраған. Ол былай жауап берген: «Күйеуіне деген күпірлік, күйеуіне деген күпірлік, өзіне деген жомарттыққа күпірлік. Егер сен оған өмір бойы жақсы қарым-қатынас көрсетіп келсең, содан соң бір күні ол [өзіне ұнамайтын] бірдеңе көрсе: «Мен сенен ешқандай жақсылық көрмедім», - дейді. Хадисте құлшылықтың имандылық деп аталғандығы сияқты, күнәлардың да күпірлік деп аталуы мүмкін екенін түсіндірген. Бірақ, күнәлардың күпірлік деп аталуы Исламнан шығаратын күпірлік емес. Кейбіреулер күйеуіңе деген шүкірсіздікті өзге күнәлардың арасынан бөліп алуда үлкен даналық жатқандығын айтқан. Алла Елшісінің: «Егерде мен Алладан басқа біреуге сәжде жасауға рұқсат етер болсам, әйелдің еріне сәжде етуін әмір етер едім», - деген сөзі соны меңзейді. Бұл айтылған сөздерде күйеудің құқығы Алланың құқығымен байланыстырылған: егер әйел күйеуінің алдындағы маңыздылығы аса жоғары міндеттеріне күпірлік жасаса, бұл оның Алланың алдындағы міндеттеріне немқұрайлылық танытқандығын көрсетеді. Сол себепті де ондай күнә күпірлік деп аталған, бірақ, ол адамды Исламнан шығармайды». Қарапайым тілмен айтқанда, махаббат тек тәтті сезім ғана емес... Өмір тек қуаныш пен махаббаттан тұрмайды. Кейде қиындыққа төзіп, барға қанағат етіп, сабыр сақтайтын кезеңдер де кездеседі. Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамыз бір сөзінде: «Айлар бойы ошаққа от жақпаған кездеріміз болды», - деген. Яғни, отбасында сол кезеңдерде су мен құрмадан басқа тіске басар ештеңе болмаған екен. Алайда Айша анамыз осынау таршылық уақытта пайғамбарға шағым айтпаған, аштықтан қиналғаны туралы жұртқа тіс жармаған. Ашаршылық пен кедейшілікке сабыр сақтаған. Барлық іс Алланың қалауына тәуелді болса да олар қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісе білді.

Сонымен қатар күйеуге бағыну туралы Әбу Хурейрадан риуаят еткен хадисте: «Күйеуі қасында болса, ол рұқсат етпеген жағдайда әйелге ораза (нәпіл) ұстауға рұқсат етілмейді және ерінің рұқсатынсыз оның үйіне біреуді кіргізуге рұқсат етілмейді. Ал, ол ерінің дүние-мүлігінен оның әмірінсіз жұмсар болса, оған (күйеуіне) жарты [сауап]». Бұл хадис бізге күйеуге бағыну мен оның разылығына ұмтылу керектігін көрсетеді. Жақсы əйелдің кейбір сипаттары Құранда: «Расында, салиқалы əйелдер күйеулеріне қарсы шықпайды. Алла Тағала олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да ерлерінің құқығын (дүние-мүлкін, ар-намысы мен абыройын, отбасының құпияларын) қорғағандар», - деп сипатталады.

Пайғамбар тәрбиесінен нәр алған Айша анамыз да басқа әйелдерге де көркем сабақ бере білді. Өйткені, Алланың әміріне бойұсынып, күйеуіне мойынсынған әйелге ғана жұмақтан орын берілетінін Айша анамыз жақсы біледі. Себебі, оның тәрбиешісі: «Уа, әйелдер! Егер сендер күйеулеріңнің алдындағы міндеттеріңді білгенде, шаңның астында қалған өздеріңнен бұрын күйеулеріңнің бетіндегі шаңды қағар едіңдер», - деп әйел қауымының ері алдындағы міндетін ұғындырған.

Исламдағы аса маңызды әлеуметтік концептілердің бірі – биліктің бір адамның қолында болуы, яғни, кез келген істе және кез келген жұмыста бір басшы болуы керек, қалған адамдар соған бағынуы тиіс. Сондықтан, жанұя - басқару мен бақылауды талап ететін әлеуметтік ағза. Толық билікті қолына алған бір адам болмаса, оны басқару да, бақылауда ұстау да мүмкін емес. Демек, Ислам діні бойынша әрбір әйел Алланың разылығына бөленіп əрі күйеуінің көңілін табуға тырысып, құлшылық міндетін атқарғандай сезіммен орындаса, екі дүниенің бақытына қол жеткізеді.

 

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы       Ш.Досанбаева

 

0 пікір