Әдеп дегеніміз жақсы тәрбие, адамдармен жақсы мәміледе болу, көркем мінезді, ар-ұяттылық, сыпайылық, көркемдік деген сөз. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын құнды қазына. Әдеп – адам мен жануарды ажырататын айырмашылық.
Бұрынғы ғұламалар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы, «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді» деген қанатты сөздерінде жақсы түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездері жұртқа көрініп жүреді.
Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» –деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге қай адам жау болады, қастасады. Ешкімге соқтықпай, құлшылығын жасап, тек жүрген кісімен ешкімнің де ілігі болмасы анық. Керісінше, әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.
Жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастардың күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни ұстаным мен көзқарас мәселесінде бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қасаң көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпау және т.б.
Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (с.а.с) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайынмен жақыннан араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат» –деген атқа лайық болуы тиіс.
Мұсылмандық жолды берік ұстанған адамның отбасы, туған-туыс, қоғам, мемлекет алдындағы моралдық жауапкершілігі екі есе артуы тиіс. Бізді сәби кезімізден бағып-қағып, әлпештеп өсірген ата-анамызға, туыс-бауырымызға, көрші-қолаңға, айналамыздағы жақын адамдарға жат болмайық. Керісінше, олардың сенім артқан ең жақын, арқа сүйеген азаматы болайық.
Әдептілік – туа бітті қасиет емес. Ата-анасынан балаға қанмен берілуі мүмкін. Бірақ, көбінесе әдептілік өсе келе бойға даритын қасиет. «Әдепті бала – арлы бала» – деген дана халқымыз әдептің бастауы ар-ұят деп білген. Ендеше, баламыз әдепті болсын десек, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлген жөн деп білеміз. Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі. Тұрпайы мiнез, жат қылық - надандықтың белгісі.
Ы.Алтынсарин атамыздың мына бір оқиғасын айта кеткен жөн.
- «Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді.Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.
Қасындағы бай:- Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? - деп сұрайды.
Сонда ғалым тұрып:- Ешбір ғылым – білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? - деген екен.
Хазреті Омар: «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» – деген. Ислам ғалымдарынан хазреті Ибн Мубәрәк: «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» – деген.
Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет, оның қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы болып табылады. Қазақ этикасының қайнар көзі Еуразияның Ұлы даласында өркендеген ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен түркі бірлестіктерінен нәр алады.
Қорыта келе адамның басшысы– ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік. Біздің халқымыз әркезде де, нақыл сөзді «қазынам», өнегені «өрісім» деп таныған. Өйткені мағынасы, мәні бәрі өмірден алынған. Сонымен, өз ниетің түзу болса, жылы сөз айтсаң, біреуге жақсылық жасасаң қайтып келеді. Әрқашанда бір-бірімізге жылы сөз айтып, өзіміз де сондай жақсы сөздер естіп жүрейік. Адам әрқашанда бет сұлулығымен емес, ішкі жан дүниесімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев
Әдептілік тәрбие бастауы