Әлбетте, көреген халқымыз о бастан сөз құдіретіне қатты мән берген. Орақ ауызды бабаларымыз өткір тілімен ел тағдырын, бір ауыз сөзбен жер тағдырын шешкен. Анамыз: «Балапаным, ай – күнім, арайлым, атар таңым, жақұтым, бал – шырыным, асылым»,-деген ерке сөздерімен қызының жүрегіне әдемі жол салса, әкеміз: «Батырым, айбарлым, ұрпағым»,-деген асыл сөздермен ерліктің рухын ұялата ұлын тәрбиелеген. Ал қазірде небір ақылға толы әсем сөздермен бүгінгі жас көңілдің асты – үстіне түссең де, жаны қас пендедей ұл – қыздарымыз неліктен мойын бұрмайды? Немесе олардың рухани көзі бітеу ме? Әлде сөз құдіретін жоғалтты ма? Мұны ұғынып, құлақ асар, жүрегіне түйер адам бар ма? Қайсысы? деген сауалдар көпті мазалайды.
Дұрыс, әрі мәдениетті сөйлеу – адамның ең бір ізгі Алладан берілетін, ата-ана тәрбиесі мен, ақыл-парасатпен орнығатын ұлық қасиет. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөз сөйлеген кезін сахабалар «Біз, Пайғамбарымыз сөйлей бастағанда басымызда құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз»,-деп еске алады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) асыл тұқым сепкен адам. Сондықтан Оны (с.а.с.) тыңдаған құлаққа бар сауап. Шырайын келтіре, адамның санасын ұйытып, Құранның нақыл сөздерімен жан дүниесін безендірсең, ниетін түзеп, жүрегін тазаладың деген сөз.
Дана халқымыз: «Сүйкімді сөз - сүйек балқытар», «Жақсы – байқап сөйлер, жаман – шайқап сөйлер», «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман», «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Баска пәле тілден»,-деп, ащылап – тұщылаған. Айта берсең толып жатыр, бірақ оларды таразылау – үлкен ғанибет әрі дін бұлағындай. Алайда сөздердің сан түрі болса да бір ғана ырыстың басын, берекенің тасын өрге домалататын жақсы сөздер бар. Онымен ата-әжелеріміз ошақ басында «Жақсы сөз – жарым ырыс»,-деумен өмірдің күйбең отын жаққан. «Жүрегімдегі тілімде, тілімдегі түрімде» дей келе: «Кісіні аузындағы сөзінен таны»,-деп, әр пендеге жол тапқан. Сондықтан, сөз – ол Алланың құдіреті.
Бірде «Кім Аллаға, қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін»,-деген хадисті естіген бір бала үндемей қояды. Әкесі дәрігерге қаратады. «Балаңыздың ешқандай ауруы жоқ, зеріккен болар, бір уақыт серуендетіңіз»,-деген дәрігердің ұсынысынан кейін, серуен құрып жүргенде шиқылын тоқтатпаған тоты құсты баланың әкесі ұстап алып, торға салып қояды. Сонда бала тоты құсқа: «Сен үндемей шиқылдамағаныңда мына тор – қапасқа түспес едің»,-демейді ме. Бұл сөзін естіп қалған әкесі: «Сен сөйлей алады екенсің ғой, адамды құр босқа әуре – сарсаңға түсіріп...",-деп, баласын шапалақпен қойып қалады. Сонда бала: «Мен сөйлемесем, мен де пайда табатын едім, сөйлеймін деп, міне, таяқ та жедім»,-деген баланың ақылынан айналуға болады.
Өнегелі, мазмұнды сөз айту турасында Жетес шешеннің айтқаны қандай мәнді:
«Адамның сәні - өнер,білім, ақылы,
Жердің сәні - жеміс, өнім, дақылы,
Сөздің сәні - өнегелі нақылы.
Пікірдің сәні - ойландырар мақұлы!»
Қорыта келгенде, адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білуге көңіл бөлудің орны ерекше. Өйткені, ол - адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Жүрек тазалығы мен ой тұнықтығының, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі, арабтарша айтқанда «ақылдың таразысы». Иә, атам қазақ «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп бекер айтпаған.
Ал, хазіреті Әлидің (р.а.): Сіздер ауыздарыңыздан шықпаған сөздерге патшасыздар және сіздер ауыздарыңыздан шыққан сөздердің құлы боласыздар – дегенін әбден естен шығармаған жөн. Алайда, тілден бал да зәр де тамады. «Адамның сөзі – ақылының таразысы» заманында өз аузына өздері құл болып жүргендер бар. Адамның басына келген қуаныш пен қайғыға да адамның өзі себепкер. Себебі, сөз Жаратқанның ризық несібесінің жолын ашады немесе оны тосады.
А.Құрманбек
Теолог маман
Адамның сөзі – ақылының таразысы